Нұр-Сұлтанда вакциналау басталғаннан бері 1-компонентпен 128 мың 700 адам, 2-компонентпен 52 мыңнан аса адам вакцина алған. Қазіргі кезде вакциналау пункттері медициналық ұйымдарда да, қаланың сауда кешендерінде де ашылған. Осылайша, егу пункттері көшпелі бригадалар арқылы үш есе ұлғайтылды.
Қала бойынша сауда орталықтары мен сауда кешендеріндегі пункттер саны – 9. Олар – Mega Silk Way, Keruen, «Хан Шатыр» және «Абу-Даби Плаза» сауда ойын-сауық орталықтары, «Азия Парк» және «Биг Шанхай» сауда кешендері, Орталық базар, «Әлем» және «Артем» сауда орталықтары. Аталған егу аймақтарында шамамен 14 мың азамат вакцина алған.
Халықтың жаппай вакцина алуы қалыпты тіршілігімізге оралудың бірден-бір жолы екені анық. Ал жұрттың түгел вакцина алып, сақтанғанынша қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстанған абзал. Дегенмен Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймақта» екенін білсе де, карантин режімін қаперіне ілмей, кәсібін дөңгелетіп жатқан кәсіпорындар саны азаймай тұр. Елордадағы мониторингтік топтар карантин режімін сақтау тұрғысынан кәсіпкерлік объектілерінде тексеру жүргізіп келеді. Ескерту беріліп, жауапкершілікке тартылғанына қарамастан қаланың кейбір мекемелері карантиндік шектеулерді ұдайы бұзуда. Мерекелік демалыс күндерінің бірінде карантиндік тыйымдарға қарамастан Сарыарқа ауданында орналасқан «Гауһартас» мейрамханасында 100-ге жуық адамға арнап ауызашар өткізілді.
Сол сияқты 9 мамыр күні тағы бес мекеме карантин талаптарын бұзғаны анықталды. Ashyq жобасына қатысатын Line Brew мейрамханасы тыйым салынғанына қарамастан түн ортасынан кейін де жұмыс істеді. Сондай-ақ елорданың санитарлық дәрігерінің қаулысын бұзғаны үшін «Палау орталығы» асханасы, «Базилик» және «Паначи» мейрамханалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл мекемелер демалыс күні де тоқтаусыз жұмыс істеді. Демалыс күні жұмыс істеу санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша рұқсат етілмеген. Карантин режімі сол сияқты Yamato ойын клубында да бұзылды.
Алматы ауданында «Тапчан» және «Белес» кафелері жұмыс режімін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Демалыс күндері анықталған бұзушылықтар бойынша материалдар тиісті шаралар қабылдау және кәсіпкерлерді жауапкершілікке тарту үшін аудандық санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармаларына жіберілді.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша екі айдан бері «қызыл аймақта» тұр. Қаладағы жағдай әлі де тұрақсыз болып отыр. Жағдайдың нашарлауына жол бермес үшін қала тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері санитарлық нормаларды қатаң сақтауы, дәрігерлер мен эпидемиологтердің ұсыныстарын орындауы тиіс.
Қазіргі уақытта қауіпті вируспен күресудің жалғыз тиімді әдісі ұжымдық иммунитетті дамыту болып саналады. Бұл халықты жаппай вакциналау жағдайында ғана мүмкін. Қалада бұл үшін тиісті жағдайдың бәрі жасалған.