• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 13 Мамыр, 2021

Ақыл суаты мен сезім қуаты тоғысқанда

620 рет
көрсетілді

Қай ғасырдағы ұлы ақын, жазушыны алмаңыз, өз дәуіріндегі адамгершілік, моральдық мәселелерді айналып өтпеген. 

Сондықтан да жаны нәзік, жүрегі сезімтал ақын елдің ертеңіне алаңдаулы:

«Ұл-қыз қайда, өз ұлтына ойы алаң,

Өзгеге жем өзді-өзінен аяған.

Адамдарға жаным ашып түсімде,

Ағыл-тегіл жылап жатып оянам», – деп қайғырады. Халқының болашағын ойлап қабырғасы қайысады. Ұлт пен ұрпақтың қамын жеп қамығады. Өлеңінің өлмейтіні де сондықтан. Өйткені шығарма мен авторының ғұмыры ұзақтығымен емес, көркемдігі мен мазмұнымен мәң­гілік мәнге ие.

Қанипаның қай өлеңінде де өрісі кең, өресі биік өзіндік үн, өзіндік өр­нек бар. Оның шығармашылығының өзге­ше­лігін танытарлық тамырыңды қуа­лап, танымыңды кеңейтіп, тереңдікті сез­ді­ретін жүрек сөзі – шын мәніндегі шына­йы­лықтың, шындықтың әлемінен ұзай қоймаған тазалық, табиғилық, адамзатты ойландырған әділет пен ақиқат дүниесі. Әр ақынның көркемдік әлемін әшекейлеп, елден ерекшелендіретін де осы өзіндік болмысы, кәсіби шеберлігі, әдеби әдіс-тәсілдері. «Күпі киген қазақ­тың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын», деп Мұқағали айтпақшы, Қанипа да ұлттық сөз өнерінің тереңінен маржандай терген сөз мәйектеріне жаңа ажар, соны сурет, бұрын ешкім мән бер­меген теңеу тауып, тың тәсілмен түр­лендіріп өзіне қайтаруға құмар. Алайда бұл айтқанға жеңіл болғанымен, жаңа үлгі, жаңа сөз айту оңай олжа емес. Таби­ғатынан ақынжанды қазақтың ішінен қақ жарып шығып ақын атану да азаппен келетін атақ. Сол жүзден жүйрік шығу үшін жанкешті еңбек, еш мұқалмас жі­гер керегін де ұмытпаған жөн. Іздену жолын­дағы жаңылыс, бұлқыну, шатасу, арпалысу, қателесу бәрінен баз кешіп біржола тастау, сол тастаған ісіңді қайтадан бастау сияқты бітпейтін, бітіспейтін қайшылықтарды, өмірлік қақтығыстарды бастан кеше отырып ой кешу керек. Үнемі күрес пен күштілікті бастан кешіру қажет.

Әрбір жырды өзінің соңғы жырындай жанын жеп жазуды жаны қалайтын Қанипа Бұғыбаева жыр жинағын «Соң­ғы сөз» деп атауы да тегін болмаса керек-ті. Сол соңғы жырды жазуға да жүрек, батылдық, өліспей беріспейтін, өлеңге өмірін арнаған адамның өлшеусіз махаббаты, сұлулыққа деген сүйіспеншілі­гі, өмірлік өксікке өртенген өршілдік, елім дегенде етегі жасқа толар ерлік ке­рек. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жал­ғанда»,  деп дала данышпаны ұлы Абай айтқандай, айтары бар ақында азапсыз өтер таңы бар ма? Қанипа соның бірі.

«...Қалам алсаң қолыңа, ойла, балам,

Олар сөзбен «сылдырмақ» ойнамаған.

Сезім сатып, базарға көзін сатып,

Бәзбіреудей «пайдасын» ойламаған....

...Жолға шықсам,

күш алып сиынатын,

 Менің екі пірім бар – Абай, Қасым.

Кім де болса байқасын, абайласын...», – деп сөз киесін түсініп, табынып келген ақынның айтары осы.

«Қазақпын мен» деген толғауында:

«Қазақпын!

Қазақ менің шын туысым,

Жүрегім, алар демім, бір тынысым.

Ғажаппын, жасампазбын,

мәңгілікпін,

Өлмеймін, өмір сүрем ұлтым үшін.

...Шешемнің иісі аңқып жапырақтан,

Әкемнің иісі шығар топырақтан.

Отаншыл шығады деп ойламаймын,

Білмейтін ана тілін «ақымақтан»,  деген жыр жолдары да арзан айғайшыл­дықтан ада, ұрда-жық ұраншылдықтан биік тұрған көкейкесті мәселесі бар, өзек­ті өртер өкініші бар өткір тақырып. Өлең өлкесіндегі ұлттық ұстанымы, қалам­герлік қасиеті туған топырақ, отбасы – Отанынан от алып, ой қаузаған отты жырларынан шын мәніндегі қазақы ұғым, туған жердің түтінінің исі шығып тұрады. Бүгінде шығармашылықтың шұрайын, жеке тұлғаның стильдік ерекшелігін осы «иістен» іздейтініміз де жай емес.

«Қазақтың қалам алған бір қызымын,

Бір қызға қатсын биік жұлдызың үн.

Сиқырлы сан сәулеңді шашыратып,

Ойнаттың ой теңізге жыр жүзігін.

Моншағын неше түрлі тізіп жырдың,

Жүректің жалынымен жүзіп жүрдім.

Өлеңнің өзің жүрген өлкесінде,

Рухыңа басын иген қызыл гүлмін», деп «Қасыммен сырласу» атты өлеңінде жазғанындай, қазақтың қаламгер қызда­рының бірі емес бірегейі, жырларынан нәзіктік пен тереңдік танылып тұратын талантты ақын Қанипа Бұғыбаеваның жырлары қазіргі поэзияның көркемдік көкжиегін, өнерлік өрісін кеңейткені анық.

Жансызға жан бітіріп, жаратылыстың өзіне адам қасиетін дарыта кейіптейтін ақынның сөз қолданысындағы «ой теңізі, жыр жүзігі, моншақ жыр», т.б көптеген сәтті табылған салыстырулар, орайын тапқан ойлы теңеулер баршылық. Сөз сиқыры мен қадірін білетін кемел қаламның қолы жетер мұндай көркемдік қазіргі поэзияда саусақпен санарлықтай аз. Сол сәтті суретті, тың теңеуді табу үшін де ақынның сарылып, талай рет твор­честволық тақсіретті кешетіні сөзсіз.

Ақын дыбыс үндестігіне (ассонансқа, аллитерацияға да, ішкі ұйқасқа да) аса шебер әрі құштар. Өлең өнерінің сыры да, өзгешелігі де осы, өрмекшінің тоқы­ған өрнегіндей нәзік нақышында, соны суретінде, алабөтен ажарында айқын­далады емес пе? Бұл, әлбетте ақынның образбен ойлау жүйесінің оқшаулығында болса керек. Қаламгер атаулы туындысында осы тәсілді қолдансам деп ешқашан әдеби қисынға әуестенбейді, оқыстан туған теңеулер, таптаурындықтан тыс тәсілдер, сәтін салған суреттеулер, соны сипаттамалар зорлықтан емес, зергер­ліктен туған інжулер екендігін ешкім теріске шығара алмас. Ойлы жанның оңашада тапқан олжасы осындай ою-өрнегімен қазыналы қазақ жырына қо­мақ­ты үлес қосады. «Қомақты ойлап, кесек сөйлеу – ірі таланттың сыбағасы», деп Мұхтар Әуезов айтқандай, Қанипа қазақ поэзиясына әдемі әшекейге толы, мінезге бай мөлдір жырларды сыйлады.

«Құпиямын...білме мейлің, біл мейлің,

(Көре алмасты көзіме де ілмеймін.)

Жаратылыс!

Жаңылып сен жанымды

Жасын оттан жараттың ба?

Білмеймін,

Білмеймін»,

деп ағынан жарылуында жатқан қандай ішкі қуат, жойқын мінез бар десеңізші?! Соншалықты сезімтал, нәзік жүректі, өмірде өте қарапайым бола тұра ішкі тегеурінді тірегі бар тәкаппарлық та оған жарасады.

«Поэзия махаббатпен басталып, пара­сатпен аяқталады», демекші, ақын поэ­зия­сының поэтикасы парасаттылығымен де елді елеңдетіп, көпшіліктің назарын аударады. Шынайы талант табиғаты осы озық ойлы білгірлігімен, болмысы бөлек сөз саптауымен, өзіндік өрнек өлше­мімен өзгеден өзгеше болып көрінуі күмән­сіз. Тамырын тереңге салған ойға бай, артық сөзге сараң ақын ақиқат алдында аласа. Өмірде көргендері мен көкірекке түйгендерін жүрегімен жырлап, жүрекке жеткізу жолында айтарын да қаймықпай айта да біледі. Әр сөзінен шабытқа шөліркеп, ой тереңінен іздеген мазасыздықпен мүсінделген міні жоқ мөлтек мәнер, «Мен» деген өршілдік өктем­дікпен өрнектелген өзіндік үн орнық­қан оның поэзия патшалығында парасаттылықтың да биік пайымы көрі­неді. Соның бір куәсі:

 «Өзімді іздеп өзімнен,

Аңсаумен шаршап, көз ілгем.

Айналайын, шөлді сол

Көрмейсің неге көзімнен?

Сезбейсің неге сөзімнен?

Көргемін сені көктемде,

«Келмеді» деп кектенбе.

Махаббаттан ауысып,

Парасатқа жеткенде»,

дейді. Қазақ эпостарына тән толғауға бейімделген жыр жолдары асау мінезді, алғыр ойды, шегінен шыға шалқыған шабытты шақтың шумақтары сынды.

Тегінде Қанипа Бұғыбаева қазақы мінезге бай, табиғаты таза, жүрегі жұмсақ, адамгершілігі биік бекзат болмысты текті жан екендігі әрбір өлең жолдарындағы парасаттылықтан пайымдалады. Оны:

«Мені «дінсіз» демегін,

Көзімін бір көненің.

«Ақ қағазым – жайнамаз»,

Намазым – ән, өлеңім»,

деп жырлауы да тегін емес. Кешегі тәуел­сіздік алған жылдары білген де, білме­ген де намазға жығылып, бірнешесі Мек­кеге барып сырт көзге Қажы атанса да ішкі дүниелері дайын болмай, діннің қасиеті мен киесіне ұшырап, оған деген көпшіліктің көзқарасын төмендетіп жіберсе, бұл ақын алдындағы ақ қағазын жайнамаз етіп, бес мезгіл намазын нақыш­ты жырларымен нақтылап, өсер ұр­паққа өлмес мұра қалдыруды мақсат тұ­тыпты. Ұлтқа, ұрпаққа адал қызмет ету ұста­нымын қолындағы қаламымен, ұшы-қиыры жоқ қиялдағы ой ұшқындарымен ұлағатты сөз айтып, қазақтың сөз өне­рін өзінің өрнекті өлеңдерімен байытып, көркемдік кеңістігін кеңейтуді көк­септі. Ұлтына өміршең өлең, рухани азық сыйлапты. Оның отты да ойлы өлең жол­дарындағы философиялық, эстетикалық құндылықтар қазақты өрелі ойлы өлең өлкесіне ынтықтырып, ынтасын аудартары сөзсіз.

Қазыбек би айтпақшы, өздігінен еш­кімге соқтықпайтын, ешбір дұшпан басын­баған, басымыздан сөз асырмаған елдің кешегі кеңестік кезеңде бастан кешкен небір кесапаттардың көркемдік шежіресін шерткен «Ескерткіш» атты поэмасында қолдан жасалған аштықтың тарихы балаларына нәр татқыза алмай, арманда ажал құшқан аналардың азабы мен тағдырын тілге тиек етеді.

«...Уысқа ұстап тірлігін айналаның,

«Ұлы халық» сап жатты

байбаламын.

Кезекпенен «көсемдер» келіп-кетті,

Саясатпен асырып, айла-амалын»,

деп саясаттың сан алуан алапатын ақи­қатпен ажарлап, аяусыз әшкерелейді. Айтып жеткізе алмас азап пен ажалдың архивін ақтарып қалсаң, жаның түршігер тарихтар алдыңнан айдаһардай уын төгіп, сол заманның зары шығады өлеңнен.

«Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің,

қарағым.

 Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық

жараның»,

деп Төлеген Айбергенов айтқандай, ұлт­тың ар-абыройына айналған шығар­машылық тұлғаның, ұлт зиялысының ұста­нымының өзі осы «сыздаған жара­ның аузында болуы», ешкім айта алмай­тынды айтуында емес пе? Қанипа ақын да бейнелі тілмен берекесі кеткен қазақтың мүшкіл халін мінеп, іштей іріген алауыздықтан арылмай, ел бола алмайтынымызды алға тартады:

«...Ел бола ма, аңдысып, алысумен,

Көздің жасын келеміз әлі ішумен...»,  десе, енді бірде:

«Жаралдық па қойға ұқсап талануға,

Адамың да, құнсыз боп заманың да.

Ілияс пен Бейімбет, Сәкендер де,

Сол етіктің тапталды-ау

табанында»,

деп ұлтымен «у» ішеді, өзегі өртенеді, ертеңіне алаңдап, күңірене толғанады. Тәуелсіздік алсақ та, өз даламыз бен тілімізге ие бола алмай, шерменде жүрген жайымызды шертіп, мұңаяды, күйрейді, күйінеді. Ес жиып, ел қамын ойлаудың орнына қарын мен қалта қамын жеген шенеуніктерді көріп, жаны құлазиды. Қазақ поэзиясына Қанипа жырымен «темір шегелі табанның» астына тағы да тапталамыз ба деп жанын қоярға жер таппай, жанкештілікпен жанайқайын салады.

«Табандардан кегіңді ала алмаған,

Жер бетінде жүр әлі аман, балаң.

Қазыналы қазақтың даласына

Құдай емес, орнатқан

«заманды» адам»,

деп дәуір дертінің дәруіші болады.

Қазақтың қанына біткен қайсарлық, ішкі рух, тамыры тереңдіктен тарайтын туа бітті табиғилық, тәкаппарлық, тазалық ешкімге де есесін жібертпейді. Сеніміңе селкеу түсіретін, көңіліңді алаң ете­тін ел тағдыры, жер тағдыры, тіл тағ­дыры ақын атаулыдан бастап әрбір қазақ­тың қайғы қасіреті. Жүрекке ауыр шер кірсе жыламасқа шара жоқ. Жа­нын жеп, жүрегін жаралаған бүкіл жараты­лыстың қамы – автордың жырға деген адалдығының айнасы іспетті.

«Ақын – елші» жүрекке жырмен

тіл қатар,

Ақын – емші дауа іздеп жанға

түн қатар.

Іңгәлап тұрған осынау

жарық дүниеге,

Әр толқынның өз даусы

бар тыңдатар»,

дейді ақын. Ол өзінің мына әлемдегі өз «менін», өз үнін осылай танытады. Шын ақын­ның шындықтың бетіне шімірік­пей қарап, ақиқатты айтар айба­рын, өз айтары асқақ дауысын өз деңгейінде, көркемдіктің кемеліне жеткен кеңістігінде көрсете білген. Суреткерлік шеберлікпен соны сөз саптауымен сөз семсерін сес­кенбей сілтей білген сұлу сөздің Қыз Жібегі – Қанипаның қайсарлығы қапысыз айтылған ақиқатпен астасқан:

«Мақтанамыз құрап ап

жоқтан аңыз,

Үш бұтақпыз.

Неге осы жат боламыз?!.

Ғасыр өтер, апыр-ау, қашанға біз,

Шойын табан астында қақталамыз...

...Бірін-бірі жүр бүгін тұсап халық,

Айыптының ақшамен ісі ақталып.

Бірте-бірте кім білсін, барамыз ба,

Мәңгүрттеніп, тиындай ұсақталып..

«Оян, қазақ!» депті ақын, оянайық,

Өмірден бұл ұйқы алмай, ой алайық.

Елімізді, таптатпай жерімізді,

Анамызды тірілтіп, аялайық»,

деп қазыналы қазақты қалғудан қорғап, ұлттық санасын сілкіп, сауысқанша сақ болуға шақырады.

«Басқа түспей таудай сын,

Дауылды жырлай алмайсың.

Өткермей көзден күнді ауыр,

Жаныңда соқпай бір дауыл»,

деп өмірдегі көргені сөзіне айналып, тағ­дырымен тұтасып, тірлігінің мәніне ай­налғанын ақынның әр тіркес, әр теңеу, әр ұйқас, әр ырғағынан ұғынасыз. Ұғы­насыз да тәнті боласыз. «Дос жылатып айтады» дегендей, шындықты шым бойыңа батырып айту, мініңді бетке баттитып айту да батырлықтың белгісі, ұлтжандылықтың үздік үлгісі. Тегінде, естіген есті сөзің санаңды сілкіп, ішіңе қонса, сені толғандырса, жан дүниеңді дүбірлетсе ғана туындыны тәуір деп бағалауға болатынын бізге дейін де талай жандар айтқан. Олай болса, ақын Қанипа Бұғыбаеваның поэзиясы – «ақыл суаты мен сезім қуатының тоғысқан жері» (М.Әлімбаев).

 «Оян, таулар!

Жатпаңдаршы жайланып,

Келеді апат, тірілерге қайғы алып.

Жердің беті бара жатыр тарылып,

«Аруақтар шаһарына» айналып»,

деген жолдарды оқығанда да төбе құй­қаң шымырлап, жаһандық қауіп-қатер­лердің әлемді өрттей жайлап келе жат­қанын жақыннан сезіне түсесің. Кез кел­ген өлеңнің өн бойынан ерлікті, өрлікті танисың. Ақын арманы – ерлік пен елдікті жырлау, рухы өр, ерлік жырын ұрпағына мұра ету. Қанипа ақын туған халқын шексіз сүйеді, сондықтан да осы­лай оның ыстығына күйіп, суығына тоңады. Өз халқының ерлігін де, ездігін де аяусыз жырлайды, жүрегімен жылайды. Себебі ақын жұртының өзі халқымен тұтас, бөлінбейтін, бөлшектенбейтін бір­тұтас ұғым. Бар жараның аузында тұрып, бар ауыртпалықты жүректің сүзгісінен бірінші болып өткізетін шын талантты тұлға әділет пен шындық алдында әрқа­шанда әлсіз. Сондықтан да поэзия адам рухының бостандыққа ұмтылуының ұлы көрінісі. Өлең өзін өлімге байлап, ақын­ға ой еркіндігін сыйлайтыны да сондықтан.

 Ақын Қанипа туған жер, ана тіл­ден ­айырылып қалмауды, ғасырлар қой­науында жоғалып кетпеуді аңсайды. Оның ойлы жырлары, парасатты поэзиясы ар­қылы бүгінгі оқырман уақыттың ізін сезініп, сезінгенде де «шабыттай жеңіл, та­быттай ауыр» сезінері де ақиқат. Бүгінгі мораль­дық-саяси өлшемдердің тісі бат­пай­тын тақырыптарға тосырқамай, тік­сін­бей баруы оның шын мәніндегі, шы­ғар­­машылық тұлға, ұлт зиялысы екен­дігін дәлелдесе керек. Қалай десек те, Қа­­ни­­па­ның жырлары халықтың рухын көтереді. Оның поэзиясынан қазақ­тың батыр­лығын, жомарттығын, бауыр­мал­дығын, ұлтжандылығын көреміз. Ақын­ның асқақты да жалынды, лепті, күйініш пен сүйінішке толы рухы мықты сыршыл поэ­зиясы оқырманға ой салатын дүниелер.

«Еншім емес екен ғой бақыт менің,

Көз жасыма жуынар жақұт көңіл.

Өтер, өткен мақсатсыз бекер өткен,

Алып жатыр біртіндеп уақыт кегін.

Тау басынан сырғанап тайғанақ таң,

Өмір-өлең өзектен қайнап аққан.

Зымырандай қанатты зымыраған,

Күнге кісен салар кім, айға қақпан!». Осы күнге дейін Күнге кісен салып, Айға қақпан құрған Қанипадан басқа ақын болса бар шығар, бірақ мұндай көркемдік қызмет пен міндет атқармауы мүмкін. Бұл жолдар тек әдемі сурет, тың теңеулер ғана ма, жоқ, мұнда қазақтың қазыналы ойы, құдіреті күшті сөз киесі, бүтін бір көркем әлем жатыр емес пе?

Кезінде: «Творчествосының қуанышы болмаса, ақын атаулы 21-ден аспас еді», депті Батыс Еуропа классиктерінің бірі. Азапқа байланған ақындық өмірдің өне­гесі де, өлмейтін өміршеңдігі де осы шы­ғар­машылық бақта болса керек. Сон­дықтан да ол:

«Ұқсамаймын өзгеге өзгешемін,

Ой кешемін, ормандай ой кешемін.

Мүмкін, жүз жыл өткен соң

өзіңменен,

Кезегім бір келгенде кездесемін»,

деп жырлайды. Араға жылдар салып осылай оқырмандарымен кездесуі де соның айғағы.

Олай болса, бүгінгі біздің пікіріміз көр­некті ақын Қанипа Бұғыбаеваның өзі айтқандай:

Жерге де алаң, көңілім тасқа да алаң,

Тастай болмай,

кірпікті жасқа малам.

Қоңыраулатып күймесін ел көшкенде,

Жырым мені жұртына тастамаған, деуі – қазақ поэзиясын парасаттылықтың биігіне көтергендігінің, қазақ өлеңінің көркемдік көкжиегін кеңейткендігінің, өзіндік өрнек-ерекшелігімен өлмес мұра қалдырғанының куәсі болса керек.

 

Гүлзия ПІРӘЛІ,

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының докторы