Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Осылайша, қазақ қоғамын жылдар бойы толғандырған жер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Қазақстан Президенті жер мәселесі мен ел мәселесінің, яғни өзі айтқан «Халық үнінен құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен өзектес екендігін тағы бір мәрте аңғартты. Мемлекетшілдік саясатының бірізділікпен жүзеге асатынын, оның нәтижесі халықтың ойымен қашанда үндесетінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс» десе, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында сөйлеген сөзінде: «Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет», деген болатын. Сөйтіп Президент шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Бұл Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асырылуы қажет деп тауып, Президент Әкімшілігіне дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Парламент аталған заң жобасын қысқа мерзімде қабылдады.