Футболдан Қазақстан чемпионатының 11 тур ойындары аяқталды. Кезекті кездесуінде жеңіске жеткен «Астана» 29 ұпай жиып, өзге бәсекелестерінен қара үзіп кетті.
Жұма күні елордалық футболшылар Талдықорғанның «Жетісуін» қабылдады. Кездесудің 4-минутында Марин Томасов мергендік танытты – 1:0. Осы есеп матчтың соңына дейін сақталды. Осылайша, «Астана» өзінің басты қарсыластарынан біраз ұпай озып, жарыс кестесінде жеке-дара көш бастап тұр.
Қарағандының «Шахтеры» мен Түркістанның «Тұраны» арасындағы бәсекенің де тағдырын бір ғана доп шешті. Нұр-Сұлтанда өткен ойында Таңат Нөсербаев соққан голдың арқасында оңтүстіктен келген жігіттер жеңіске жетті – 1:0.
Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдады. 53-минутта Павел Назаренко нысананы дәл көздеп, жергілікті жапнкүйерлерді қуантты – 1:0. «Ақтөбе» мен Қызылорданың «Қайсары» арасындағы бәсеке 1:1 есебімен тең аяқталды.
Сенбі күні тағы да үш ойыншы тамашаладық. Петропавловскінің «Қызыл-Жары» Ақтаудың «Каспийін» ұтты – 2:0. «Атырау» «Тараздан» басым түсті – 1:0. Ал «Ордабасы» мен «Тобыл» арасындағы матчта жеңімпаз анықталған жоқ – 1:1.