Адам бойында тумысынан не табиғатынан біте қайнасып жатқан асыл қасиеттер болады. Бірақ ол арнасынан асып-тасып жатқан жоқ, саф алтындай сирек кездеседі. Сол қымбат құбылыстардың жиынтығын ұлт шеңберінде талант түзеді. Тәңірі берген талант – адамның жанына бітетін айрықша алғырлық қана емес, ол тұтастай мемлекеттің мақтанышы, халықтың қазынасы.
Елбасы жүзеге асырған «Жүз жаңа есім» жобасы ел ішінде небір өнер тарландарын, техниканың тілін меңгерген жас талапкерлердің есімін әйгілеп келеді. Заман-уақыты алдында еңбегі елеулі, көзқарасы бөлек, танымы терең, таңдаулы таланттардың шоғырын қалыптастырды. Жыл сайын дәстүрлі түрде табиғат берген тұмса талантпен таңғажайып туынды жасауға бейіл, білімі жетік жастар жетіліп келеді. Олардың өз ісіне адалдығын аңдағанда, ұлтқа деген жаңашырлығынан таған тартқан қаракетін көргенде көңілімізді қуаныш кернейді. Бірегей жобаның нәтижесінде қаншама жастың аты-жөні асқақтап, еңбегі жануда. Олар елдің ертеңін, зиялы қауымның жаңа келбетін қалыптастыратын буын деп сенеміз.
Талант жеке-дара алғанда ілуде бір кездесетін кеніш, оны көк болаттай суарып, сары алтындай сүзіп отырмаса, яки ел болып құдіретіне бойламаса, тот басып кетуі ғажап емес. Сондықтан дарынды көздің қарашығындай, бойтұмардай сақтау қажет. Ондайда өмір атты ұлы ұстаздан сабақ алып, ақыл атты шебер зергердің қамқор қолына барып қонса дейсің.
Әрине, ел тәуелсіздігінің отыз жылдық тарихында көк туымызды көкке көтерген небір саңлақтарымыз бен өнер майталмандарымыз шықты. Алайда сол тұғырға қонған таланттардың тағдыры қалай өрілді? Олимп шыңын бағындырып, әнұранымызды әлемге тыңдатқан спортшылар бағасын бағамдап, қазақтың дауысына, дара үніне төрткүл дүниені бас идірген дүлдүлдерімізді қай деңгейде ардақтап жатырмыз? Мұндайда жалған дүниеден жасындай жарқ етіп өте шыққан Ерік Құрманғалиев, Бекзат Саттарханов сияқты есімдер тізбегі көз алдыңнан өте береді.
Өзін өзі дұрыс игере алмаған, жөнді жүгендей алмаған жас таланттар басын тауға да соғады, тасқа да соғады. Оны біреулер басқа қонған бақытты көтере алмады десе, енді бірі бақастықтың құрбаны болды деп біледі. Тұлабойды кернеген тұмса күш, ағыл-тегіл ыстық қайратты арнайы бір арнаға салғандықтан таланттар кейде тұрмыс-тіршіліктің дағдылы қалыбына сыймай қалуы мүмкін. Табиғат тартқан дара-қасиеттің ұлттың болмыс-бітімімен жымдастыра алмаса, оған талант қана емес, қаумалаған қауым да кінәлі.
Талантты қазанатқа мінгізетін де, ағаш атқа мінгізетін де халық. Батыр аңғал келеді деген бәтуалы сөз бар. Әдемі әңгіме айтуға ебі жоқ ел сүйінген спортшы сұхбат барысында сөзден сүрінсе, әлеуметтік желіде әжуалау үрдіс алып барады. Бір кездері жапа-тармағай мақтаған қошеметшіл жұрт жабыла даттауға көшеді. Күштен жығылмаған қазақтың баласы сөзден жығылса, ұлт үшін істеген көл-көсір еңбегін екінші қатарға қоя салатынымыз әбестік емес пе? Дүйім дүние жүзіне ортақ саңлақтарымыздың жеке бастарына тән кінәрат-кемшілік болса, бүгіп қалып, неге абыройын сақтамасқа. Өйткені жас ұрпаққа оның жасығы емес, асылы, кемістігі емес, жетістігі қажет.
Қабілет пен қасиет қатар қонбауы мүмкін. Арғы-бергінің бәрін бірдей ақыл таразысына салып, дәл безбендеп отыратын салиқалы, көлденең өткінші құбылыстардың қақпақылына қайыспай қарсы тұра алатын салмақты, мақтау-мадақтау атаулыға алданып-арбалып кетпейтін парасатты таланттар сирек кездеседі. Егемен елдің топырағынан ұшқан дарынның бәрі әдебиетке жақын, ата-әженің тәрбиесін көрген, оң-солын таныған, өзге елде өзін еркін ұстай алатын Димаш емес. Мәселен, түркі жұртының ішінде тұңғыш рет атақты Грэмми сыйлығының иегері атанған Иманбек бауырымызды өзге елдің продюсерлері иемденіп кетті. Қарапайым қазақ баласының ерлігіне Еуропа таңдай қақса, Азия әлі сене алар емес. Таяуда танымал телеарналардың белгілі журналистері бағдарламаларына шақырып, жиырма жастағы жігітке шымшыма сауалдар тастап, жігерін жасытқанын байқадық. Ал елдің даңқын шығарған сол Иманбекті мемлекет айрықша қарауына алып, терең музыкалық білім берсе, жас жігіттің шығар биігі әлі алда емес пе? Балаң жігіт жазатайым сүрініп кетсе, обалы кімге? Сондықтан өз таланттарын бағалау ғана емес, сақтау да бүгінгі үлкен міндет болса керек.
Дарын – ұлы даламызда бағзы балалардың қанымен үзілмей жеткен даналықтың дәні. Қасиет халықтың құты болса, мемлекет соны сақтайтын сыртқы қауызы емес пе? Ендеше біздің басты байлығымыз арда азаматтарымыз десек, дарынымызды баптай білейік, барымызды сақтай білейік.