Қазақстанның он бір үздік әлеуметтік кәсіпкері «Ozgeris Ustasy» жүлдесімен марапатталып, 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Жеңімпаздар «Ozgeris Ustasy» әлеуметтік кәсіпкерлігін ілгерілету мен дәріптеуге қосқан үлестері атап өтілген марапаттау салтанатына қатысты. Бұл шара да онлайн форматта өтті. Биыл конкурсқа Қазақстаннан барлығы 44 өтінім келіп түсті. Бірінші кезеңде сараптау комиссиясы 25 финалисті іріктеп алды. Негізгі өлшемдер әлеуметтік әсер және қаржылық тұрақтылық болды. Ал жеңімпаздар ашық қоғамдық дауыс беру арқылы анықталды.
Әлеуметтік кәсіпкерлік – Қазақстанда салыстырмалы түрде жаңа бағыт, бірақ бүгінгі күннің өзінде отандық нарықта орнықты жобалар пайда болды. Бұған дауыс беруге қатысқан қазақстандықтар көз жеткізді.
«Финалистерді анықтау оңайға тиген жоқ. Себебі әрбір өтініш беруші шын мәнінде ізгі іс жасауда. Бұл ретте белгілі бір өзекті проблеманы шешуге үлес қоса отырып, сонымен қатар табыс табуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін қызықты бизнес үлгілері көп болды. Жеңімпаздарды таңдау ісін қоғамға сеніп тапсырдық. Бұл адамдарға финалистердің ерекше жобаларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Біз жүлдені екінші рет өткізіп отырмыз. Қатысушыларымыздың кәсіпқойлығы мен Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлікке қызығушылықтың артып келе жатқанын байқадық», деді Impact Hub Alamaty басшысы Индира Шах.
Ұйымдастырушылар қатысушылардың кәсіпқойлығының артқанын, сондай-ақ Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлікке қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті.
«Жүлденің мақсаты – Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлік институтына назар аудару, осы саланың көрнекті мамандарының еңбегін қоғамның мойындауына ықпал ету. Әлеуметтік кәсіпкерлер дегеніміз қоғам үшін маңызды мәселелерді шешетін, сонымен қатар өзара тиімді бизнес моделін құра алатын адамдар. Әлеуметтік проблемаларға ұқыпты, құрметпен қарайтын адамдар мен олардың креативті шешімдерін көрсеткіміз келеді. Ел өзінің қаһармандарын білуі керек, мүмкін олардың істері өзгелерге үлгі болар», деді марапаттау рәсімінде ImpactHubAlamaty бағдарламалық менеджері Фарида Наврузбекова.
Биыл экология саласындағы әлеуметтік кәсіпкерліктің үздік үлгісі болып «нөл қалдық» концепциялы HelloEco экодүкені, Greenup kz қоғамдық қоры; мәдениет және өнер саласындағы әлеуметтік кәсіпкерліктің үздік үлгісі болып ULY DALA компаниясы мен «Трансформа» мәдени кеңістігі атанды. Сондай-ақ осал топтарға қолдау көрсету саласындағы әлеуметтік кәсіпкерліктің үздік үлгісі болып «Луч Света» аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға көмек беру қоры» қоғамдық қоры, Розалия и Эмир жекеменшік қоры аутизм және сөйлеу коррекциясы коррекциялық орталығы, Гүлмира Уәлихан Құрақ дәстүрлі қолөнер студиясы, «Дошкольная организация Страна чудес» ЖШС, «Рудненское городское добровольное общество инвалидов» қоғамдық бірлестігі танылса, аумақтарды дамыту саласындағы әлеуметтік кәсіпкерліктің үздік үлгісі «Qareket жақсылық жаса» қоғамдық қоры болды. Әлеуметтік кәсіпкерлер арасында COVID-19 пандемиясының сын-қатерлерін шешуге арналған инновацияның ең жақсы үлгісі болып «Іскерлікке демеу» қоғамдық қоры танылды.
OzgerisUstasy жүлдесі 2019 жылы құрылды және ImpactHubAlmaty мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Шеврон» корпорациясының серіктестігінде өткізіледі.
«Біздің компания жүлдені ұйымдастыруға қуана қатысты. Өйткені әлеуметтік белсенді азаматтық қоғам өңірде қолайлы бизнес ортаны құруға көмектеседі. Біз Қазақстанның әлеуметтік кәсіпкерлерін қолдауға әзірміз және олардың кәсіпорындарының табысты дамуына үміт артамыз», деді жүлдені ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстандағы «Шеврон» корпорациясының әлеуметтік инвестициялар бойынша супервайзері Лейла Айтмуханова.
«Біз бес жылдай әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытумен айналысамыз және COVID-19 пандемиясы кезінде қоғам мен бизнестің оған қалай шыдап, қалай сезінгендерін, кейде шын мәнінде инновациялық амалдардың қолданылғанын өз көзімізбен көрдік. Бұл бүкіл бизнес үшін, әлеуметтік кәсіпкерлер үшін де қиын кезең. Бірі бейімделе алды, бірі бизнес моделін тіптен бұрып жаңа бағыттар ашты. Бұл бізді «Әлеуметтік кәсіпкерлер арасында Сovid-19 пандемиясының сын-қатерлерін шешуге бағытталған инновацияның үздік үлгісі» атты номинацияны ұйымдастыруға түрткі болды», деді Қазақстандағы Еуразия Орталық Азия қорының бағдарламалар директоры Айгүл Тагатова.
Мәдениет және өнер саласындағы әлеуметтік кәсіпкерліктің үздік үлгісі номинациясының жеңімпазы, «Трансформа» мәдени кеңістігінің директоры Анна Суворова аталған байқаудың өз жобаларын насихаттауға таптырмас алаң болғаны үшін де риза екенін жеткізді.