Ұлттық санақ жүргізілетін уақытта «1446» бірыңғай call-орталығы іске қосылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросынан мәлім еткендей, елдің барлық аумағындағы мобильді және стационарлы телефондар үшін бірыңғай - 1446 нөмірі жұмыс жасайды.
Сондай-ақ 8 8000 800 878 нөміріне қоңырау шалуға болады. Сall-орталыққа қоңырау шалу – тегін.
«Респондент call-орталыққа 1446 нөмірі бойынша қоңырау шалған кезде Ұлттық статистика бюросының өңірлердегі және орталық аппараттағы сәйкесті телефон нөмірлеріне автоматты түрде қосылады.
Сонымен қатар респонденттер кез келген арыз-сауалмен немесе кеңес алу үшін бюроның http://stat.gov.kz интернет-ресурсына, бюро басшысының блогына, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы (YouTube, Facebook, Instagram, Telegram) жүгіне алады», деп нақтылады.