Сұм соғыстан адам санасына түскен тыртықтар аз емес. Әсіресе миллиондаған тағдырларды тас-талқан еткен Екінші дүниежүзілік қырғынның адамзатқа тигізген қыруар залалын айтып тауысу мүмкін емес. Бірақ біз соғыс дегенде тек бірыңғай қатыгездікті елестетіп кетпеуіміз де керек сияқты. Кейде қаулап жанған қызыл өрттің ішінен де ізгілік іздерін көруге болады. Суретші Шавкат Гафуровтың «Қырық бесте гүлдеген алмалар» («Яблоки 1945-го») атты картинасы бізді осы ойға жетелеп әкетті...
Жер шарының әлдебір нүктесінде әлдебір тиран миллиондаған адамды қырып-жоюға қаһарлана жарлық шашып, қара мөрін қанға малып жатады. Ал енді тура сол жер шарының келесі бір нүктесінде сол қырғыннан қан жұтып, ата-анасынан жастай айрылған тұл жетімдерді қарапайым ұста асырап алуға бара жатады.
Аталған картина – өзбек суретшісі Ш.Гафуровтың ерекше туындыларының бірі. Ерекше дейтініміз, қылқалам шебері сомдаған кейіпкерлер өмірде болған талайлы тағдыр иелері. Тәшкенттік қарапайым ұста Шамахмұд өмірде болған адам екен. Соғыс жылдарында әйелі екеуі жетім қалған 14 баланы асырап алған үлкен жүректі жандар. Статистикаға сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғыста Өзбекстанға 4 мыңдай жетім бала эвакуацияланған деген дерек бар. Әлбетте, оның түгелі дерлік жетім.
Шамахмұдтың өз кіндігінен бала болмаған. Ең бірінші баланы асырап алғанда оның жасы 53-те, ал қосағының жасы 40-та болса керек. Ізгілік иелері жетім жүректерге біртіндеп жылу сыйлай бастайды. 1943 жылы Шамахмұд ұста 4 баланың әкесі атанады. Соғыс аяқталғанша олар 14 балаға үміт шырағын сыйлайды. Айрықша айта кетерлігі, асырап алған балалардың барлығы әртүрлі ұлт өкілдері. Ішінде Халима есімді қазақ қызы да бар. Сол сияқты Рая Мальцева – белорус болса, Малика Исламова – татар, Володя Урусов – орыс.
Жаратушының құдіретінде шек бар ма, Шамахмұд бірде бес айлық шақалақты асырап алуға тәуекел етеді. Таң қаларлығы – сол күні ұстаның ешқашан құрсақ көтермеген жары Бахридың төсі иіп, әлгі бес айлық жетім шақалақты емізе бастайды. Әкесі балаға сол күні – Нығмет деп азан шақыртып ат қойдырыпты. Қарапайым ұстаның бұл ерлігі кешікпей бүкіл Одаққа тарап, тіпті майдан даласындағы жауынгерлерге де жетеді.
Шамахмұд бір күні қомақты ақша салынған хат алады. Хат майдан даласынан жеткен. Авторы – лейтенант Левицкий. Хатта жазылғандай, лейтенанттың балалары осынау сұм соғыстың кесірінен опат болған екен. Бүгінгі жібергендей соманы ол өле-өлгенше жіберіп тұратынын жазады. Басында Шамахмұд ақшаны алуға ұялады, алайда бірнеше баласынан қатар айрылған әке қасіретін түсінуге тырысып, келісім береді. Сөйтеді де Шамахмұд Саша Брынин есімді тағы бір баланы асырап алады. Түсінген адамға Саша бірден екі әкелі болады. Біреуі – өзбек ұстасы, екіншісі орыс лейтенанты.
Шын мәнінде мейірім мезет яки мекен талғамайды. Шамахмұд ұста асырап алған балалардың арасында орыс та, қазақ та, өзбек те, латыш та, украин да, молдаван да, чуваш та бар.
Біз сондай-ақ осы картинаға қарап тұрып жазушы Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балаларын» есімізге түсірдік. Аталған әңгіменің тағылымы тіпті тереңде. Ата жауы неміс баласын асырап алған қазақтың қарапайым қара шалы бүкіл фашизмнің тізесін бір ғана ісімен бүктіреді. Қатыгездіктің қанды басын ізгіліктің аяғына идіреді.
Өзбектің талантты қылқалам шебері Шавкат Гафуровта осы идеяны өз шығармашылығына өзек еткен. Шындықпен шектескен шығармалар қашанда құнды. Шавкат қылқаламы бұл ретте жүректің қылын шертер шын шеберлігімен бізді бірден баурап алды.
Картина 1988 жылы жазылыпты. Суретші Өзбекстандағы театр және көркемөнер институтын тәмамдаған.