«Құрметті Олжас Омарұлы!
Сізді 85 жасқа толған туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Егемен Еліміз əлемдік қауымдастық алдында сан салада қарқынды дамуда. Осы орайда сіз Ұлы Дала елінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ағзам ақын, халықаралық деңгейде танылған қайраткерсіз. Ұзақ жылдан бері қалам сертін қалтқысыз атқарып, көне дәуірлерден бастау алатын, ұлттық бояуы қанық, жер-жаһандағы құбылыстың қай-қайсысына биіктен қарайтын өршіл өлеңдеріңізбен, қоғамдық ойға қозғау салатын пікірлеріңізбен халықтың құрметі мен ыстық ықыласына бөленіп келесіз. Семей ядро полигонын жабуға септескен қажырлы еңбегіңіз арқылы Тəуелсіз Қазақстанның бейбітсүйгіш ел екенін танытуға, шет мемлекеттермен қарым қатынасын жандандыруға атсалысып жатырсыз. Сіздің еліміздегі ғылыми тарихи ойдың тамырына қан жүгірткен мазмұнды шығармашылығыңыз өміршеңдігін жоймақ емес.
Алдағы уақытта да ұлтымыздың абыройын асқақтатып, мерейін үстем ететін қызметіңіз жемісті болсын. Лайым осы жолда қанатыңыз талмай, қажыр-қайратыңыздың арта беруіне тілектеспін.
Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, қызметте табыс, отбасыңызға амандық пен ортаймас несібе-дəулет тілеймін!», деп жазылған құттықтау хатында.