Қазақ даласына білімнің шамшырағын жаққан алғашқы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің «Бізге жақсы мұғалім бәрінен қымбат. Өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», деген кемеңгер ойы өз мәнін жоғалтқан жоқ, уақыт көшіндегі жаңғыру мен жаһандануға апарар білім жолында өзгермес қағидаға айналды. Заман талабына сай, жаңашыл көзқарастағы кәсіби маман даярлап, оның құзыреттілігін қалыптастыруда оқытудың озық технологиялары мен педагогикалық іс-тәжірибелер жетістігін алға тартқанымызбен негізгі басымдықты ұлы ағартушы-педагог идеяларымен үндестікте, тікелей сабақтастықта жалғастырып келеміз.
Торғай аймағындағы білімнің қара шаңырағы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты ҚазКСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен 1972 жылы ашылған болатын. Бастапқыда материалдық базасы да, орналасқан ғимараты да жоғары оқу орнына қойылатын талаптарға сай келе бермейтін. Алайда институтқа сол кездегі кеңестік одақтас республикалардан шақырылған профессор-оқытушылар құрамы жанкештілікпен еңбек етіп, институттың білікті білім ордасына айналуына зор ықпал жасады. Бұл күнде жарты ғасырлық кезеңді бастан өткерген білім ошағы аймақтың ғылыми, жаңашыл және әлеуметтік-мәдени орталығы болып қалыптасты.
Кез келген мемлекет үшін білім мен ғылымды дамыту аса маңызды. Қазақстанда бұл саланы ілгерілету – мемлекеттік саясаттың басты тетіктерінің бірі. Әсіресе педагог мамандар даярлау, олардың бәсекеге қабілеттілігіне күш салу – ауқымды қызмет. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. «Жеті түрлі ілім беретін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті», деп айқындаған білім беру сапасы жолында жан-жақты ізденістер мен тың өзгерістер жасалуда. Аталған міндеттер біздің жоғары оқу орнының стратегиялық бағытымен сәйкес келеді.
Білім беру үдерісін материалдық-техникалық жабдықтауда жоғары оқу орнының қол жеткізген көрсеткіштері тұрақты даму кепілдігінің сипаты және сапаны қамтамасыз ету факторы болып табылады. Қазіргі білім беру ортасы тек оқу үдерісі емес, білім беру ұйымының заманауи жабдықталған жүйесі, оқытудағы сандық ресурстарды қолданудың маңызы артуда. Институтта осы бағытта бірнеше кешен бар, соның ішінде робототехника кабинеті құрылған. Бұл студенттердің интеллектуалдық дамуын ғана емес, сондай-ақ мектеп оқушыларына робототехника курсы бойынша сапалы білім беру мақсатын да көздейді. Robotics кабинеті қазіргі заманғы Arduino аппараттық бағдарламалық құралымен және Fischertechnik Advanced конструкторымен жабдықталған.
Біздің базамызда психологиялық-педагогикалық кешен негізінде инклюзивті білім беру орталығы бар. Аталған орталық арқылы жоғары оқу орнына дейінгі дайындық және мүмкіндігі шектеулі талапкерлер мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарға кәсіптік бағдар беру жұмыстары, өңірдегі мектеп мұғалімдерінің инклюзивті білім беруден біліктілікті арттыру курсынан өтуі қарастырылған. Қоғамның даму динамикасы мен сапалық өзгерістеріне байланысты жоғары білім беру жүйесін трансформациялау үрдісі жүріп жатыр. Мұндай реформалар барысында мәселені бір жақты шешіп қоймай уақыт талап еткен мәселелерге байланысты нақты әрекет ету, стратегиялық бағыт бойынша тиімді қадам жасау қажет.
Біздің институт – Қазақстандағы ірі мамандандырылған білім беру ұйымы. Педагогикалық кадрларды даярлаудың жеті бағытын қамтитын бакалавриаттың 29 білім беру бағдарламасы бойынша оқу процесін жүргізеді. Оқу орны орналасқан өңірдің білім беру жүйесін тұрақты дамыту мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға күш салу, шағын жинақты мектептерде педагог мамандардың жетіспеушілігін болдырмау мақсатында қосарланған білім беру бағдарламалары іске асырылуда. Осындай бағытта қарастырылған тиімді жоба – дуалды оқыту бағдарламасы. Бүгінде дуалдық оқыту жүйесін қолдану тәжірибесі оқытудың дәстүрлі түрлері мен әдістерінің негізгі кемшілігін – теория мен тәжірибенің арасындағы алшақтықты жояды. Студенттер жұмыс орнында қызметтік міндеттерді орындауда білім сапасы мен дағдының тікелей байланыстылығын сезінсе, жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды қамту мәселесін шешеді. Мұғалімнің кәсіптік құзыреттілігіне қойылар жаңа талаптарға сәйкесті педагогтарды даярлауды жетілдіруге бағытталған «Биология», «Химия және биология», «Ағылшын тілі» көптілді білім бағдарламалары жүзеге асырылуда.
Ұлттық рейтингтерде біздің «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі», «Математика», «Педагогика және психология» сияқты білім бағдарламалары республикадағы педагогикалық жоғары оқу орындары арасында бағалауға қатысқандар ішінен алғашқы үштіктер сапын түзейді. Еңбек нарығындағы түлектерге деген сұраныстың болуы, жұмыс берушілердің қанағаттану дәрежесі – мамандарды даярлау сапасының объективті көрсеткіші әрі институт қызметінің нәтижелілігін танытатын негізгі фактор. Біздің түлектеріміз тек Арқалық қаласы мен Қостанай облысы аумағында ғана емес, республиканың барлық аймақтарында жемісті еңбек етіп жүр.
Қазіргі заманғы білім беру ұйымының бәсекеге қабілеттілігінің маңызды шарты – жоғары білікті оқытушылар құрамын қалыптастыру. Институттың тұрақты дамуының басты өлшемдерінің бірі ретінде кадрлардың біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылады. Қызметкерлердің кәсібилігі мен бәсекеге қабілеттілігін жүйелі түрде жетілдіру тәжірибесі енгізілген.
Ұжымдағы профессор-оқытушылар құрамының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту – маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта өткен оқу жылында айлық жалақы екі мәрте көтерілді. Алдағы 1 қыркүйектен бастап профессор-оқытушылар құрамының ең төменгі айлық жалақысын 200 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар педагог мамандардың көңіл-күйіне, сапалы білім беруіне мүмкіндік жасайды. Барлық мүмкіндіктерді қолдана отырып 2025 жылға қарай еліміздегі педагогикалық білім берудің көшбасшысы, ел дамуының қуатты драйвері болуды көздейтін стратегиялық мақсаттарды қойып отырмыз. Ол үшін басқару жүйесін жаңғырту және кадрлық әлеуетті дамыту, педагогтарды даярлау жүйесін трансформациялау, жоғары оқу орнының имиджін ілгерілету, жалпы қаржылық құрылымда маркетингтік шешімдерден кірістерді ұлғайту, әлеуметтік және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру үшін оңтайлы жағдайларды дамыту, институт дамуының экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету тәрізді басымдықтарды жан-жақты зерделеудеміз.
Педагогикалық институттың аймақтық білім беру жүйесімен бірлескен даму бағдарламасының мақсаты айқын. Арқалық қаласының инновациялық үдерісі мен әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосып, қала, аймақ халқының руханиятына ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қолдау көрсетуді жалғастырады. Ағартушылық-мәдени бағыттағы іс-шараларды дамытып, оның ішінде институтқа есімі берілген алғашқы ұстаз Ы.Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына арналған кешенді жұмыстардың мазмұны мен маңызын насихаттау қарқынды жүргізіліп жатыр. Институттың елу жылдық мерейтойын тиісті деңгейде ұйымдастырып, оқу ордасының жарты ғасырлық тарихында қол жеткен табыстарды әлеуметпен бөлісіп, болашаққа жасалған қуатты жоспармен таныстырмақ ниеттеміз.
Сейтбек ҚУАНЫШБАЕВ,
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының басқарма төрағасы – ректоры