• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 19 Мамыр, 2021

Ардагер волейболшылар алтын тұғырға көтерілді

666 рет
көрсетілді

Таяуда Ресей астанасы – Мәскеудің дәл іргесінде орналасқан Зеленоград қаласында волейболдан ардагерлер арасында КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы Александр Кильчевскийді еске түсіруге арналған халықаралық турнир өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын жарыста бұл жолы 37 команда өнер көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл 32 мәрте жалауы желбіреген айтулы жарыста Қазақ Ұлттық аграрлық университеті (ҚазҰАУ) негізінде құрылған «Алматы» клубы да бақ сынады. Құрамында Игорь Чекрусков, Бақытжан Байтөре, Владимир Банников, Рустам Мәсімов, Шохрат Арзиев және Амра Шалбарбаев сынды сақа ойыншылары бар қазақстандық команда шеберліктің шынайы үлгісін көрсетті. Үш күнге созылған бәсекелер барысында Ресейдің Зеленоград, Балашиха, Санкт-Петербург, Солнечногорск қалалары және Калуга облысы мен кіл мықтылардың жасақталған «Монолит» клубын қапы қалдырған жерлестеріміз бас жүлдені жеңіп алды. Жарыс қорытындысы бойынша алматылық Владимир Банников ең үздік волейболшыға тиесілі арнайы сыйлықты иеленді.

–  Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде ардагер волейболшылар командасының құрылғанына 20 жылға жуықтап қалды. Сол кезден бері түрлі додаларға үздіксіз қатысып келеміз. Мақатанғаным емес, елішілік жарыстарда біздің жеңілген кездеріміз сирек. Мәселен, соңғы бес-алты жыл аралығында кіл мықтылар жиналған республикалық деңгейде өткен турнирлерді тегістей ұттық. Былтыр күзде Анапада ұйымдастырылған Ресейдің ашық кубогында 16 команда арасынан бесінші орынға табан тіредік. Биыл Польшада жалауы желбіреген халықаралық турнирде күміс медальді мойнымызға ілдік. Сөз орайы келгенде, ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есболов мырзаға зор ризашылығымызды білдірсек дейміз. Көрнекті ғалым тек ғылым мен білімнің дамуына көңіл бөліп қана қоймай, спорт саласында барынша дамытуда. Сондай қамқорлықтың арқасында айтулы университеттің волейболшылары дүбірлі додаларда ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп жүр. Тілектес Исабайұлының өзі де жиі-жиі ойын алаңына шығып, түрлі жарыстарға қатысуда. Сонымен қатар командамыздың сапында әйгілі ақын, қоғам және саяси қайраткер, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов те өнер көрсетеді. Бұл күндері Олжас Омарұлы 85 жасқа толып отыр. Соған қарамастан абыз ақсақал әлі де бабында. Міне, осындай серкелердің барында біздің командамыздың жеңілуге қақымыз жоқ, – дейді ҚазҰАУ ректорының кеңесішісі, команда капитаны Игорь Чекрусков.

Осы команда сапындағы тағы бір ойыншыға ерекше тоқталып өтсек, еш айыбы жоқ деп ойлаймыз. Ол – Бақытжан Байтөре. Бойы 2 метрден асатын қандасымыздың кезінде атағы алысқа жайылғанын жанкүйерлер ұмыта қоймаған болар. Байтөре Алматының «Азаматымен» бірге Азияның клубтық чемпионатында бас жүлдені олжаласа, Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында Азия біріншілігінің күміс медалін иеленді. 1993 жылы қазақтың серке ұлы сары құрлықтың ең үздік волейболшысы деп танылды. Одан кейінгі жылдары Бақытжан Францияның ПУК, ПСЖ, «Бордо» және Ресейдің «Самотлор» мен «Автомобилист» сынды белді клубтары сапында жасындай жарқырады.