Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Халықаралық Отбасы күні қарсаңында «Егеменді елдің отбасы моделі» тақырыбында екі күндік семинар-тренинг өтті. Шара 13-14 мамырда ZOOM алаңы арқылы онлайн тікелей трансляцияда жүрді, деп хабарлайды Egemen.kz
Аталған іс-шара «Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасы» ММ ұйытқы болуымен «Отбасы құндылықтарын насихаттау және гендерлік мәдениетті қалыптастыру» жобасы аясында «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті. Онлайн оқу курсына қоғам белсенділері мен қайраткерлері қатысты.
Спикер ретінде Қазақстан психологтер лигасының мүшесі – Қойшиева Лимана, Нұр-Сұлтан қаласы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы – Бисембаева Сәуле, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының» теолог-кеңесшісі, көпбалалы әке – Рахымжан Сағынай және «Қарашаңырақ» жобасының авторы, журналист, қоғам белсендісі – Шәкен Тұрар сөз сөйледі. Ал екінші күні, «Қарашаңырақ» РҚБ құрылтайшысы, қоғам қайраткері – Шанай Нәзипа, сондай-ақ қоғам қайраткері, «Үш байлық» ҚБ басшысы – Асанғазы Оразкүл де болды.
Семинар-тренингте аға буын өкілдері өскелең ұрпақтың болашағына алаңдаушылық білдіріп, қоғамда болып жатқан түйткілді мәселелерге тоқталды. Мәселенің басы жуырда болған Қазан қаласындағы қанқұйлы жайтқа қатысты өрбіді. Іс-шараның мақсаты – жас буын тамырынан ажырамай, тарихқа құрметпен қарап, ата-дәстүрді басқы қалпындай сақтап қалу. Осы орайда комиссия хатшысы Сәуле Бисембаева шараны ашып, балалардың қауіпсіздігіне қатысты ой қозғады.
«Қазан қаласында болған тосын жағдай бәріміздің жанымызға қатты батты. Сондықтан ата-ана бала тәрбиесіне немқұрайды қарамай, мейлінше, қоғамда өз орнын тауып, тұлға ретінде қалыптасуына үлес қосуы қажет», дейді ол.
Сонымен бірге келесі сөз кезегін теолог Рахымжан Сағынай алып, отбасындағы әке мәртебесі тақырыбын кеңінен тарқатып берді.
«Қазіргі таңда ер азаматтар жұмысбастылығын алға тартып, бала тәрбиесін әйел затына итеріп қойды. Оның үстіне, әйелдердің бәрі үйде отырған жоқ. Сол себепті әйел баласы жұмысымен қоса, үй шаруысында бірге алып жүру керек түсінік қоғамда белең алды», деді теолог.
Осы тұста теолог ер адамдардың бала тәрбиесіне келгенде жауапкершілікті сезініп, әке институтының берік болуын баса назарда ұстау керектігін айтты.
Семинар-тренингтің келесі күнінде тіл жанашыры, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы осы сауалдар айналасында өзінің пайымды тұжырымдарын ортаға салып, оны қалыптастыруда қалай қолұшын беруге болатынын айтып өтті. Өзі де ана әрі әже ретінде өнегелі әңгімесін айтып, келісті кеңестерімен бөлісті. Екі күндік онлайн оқу курсы барысында бүгінгі отбасының моделі қандай болу керектігі айтылды және курс қатысушыларына сертификат тапсырылды.