• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Коронавирус 20 Мамыр, 2021

Қашықтан жұмыс істейтіндер қатары арта түсті

168 рет
көрсетілді

Covid-19 пандемиясы басталған былтырғы құлдыраудан бастап еңбек нарығындағы жағдайды қалпына келтіру, сонымен қатар еңбек қызметінің баламалы нысандарын дамыту арқылы жұмыспен қамту сипаты да өзгерді. Бүгінгі таңда әлемдегі әр бесінші адам қашықтан жұмыс істеуге көшті немесе үйінде жұмыс істей бастады.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарап­шы­ларының дерегіне сәйкес Қазақстанда 2021 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бо­йынша 73,7 мың адам қа­шықтықтан жұмыс істеді, олар­дың 70,2%-ы – негізінен қалада тұ­ратын әйел азаматтар.

Былтырғы COVID-19 салдарынан жұмыстың икемді түріне көшу процесін жеделдету үрдісі бүгінде қашықтан жұмыспен қамту форматының кең таралуынан көрініс тауып отыр. Қашықтан жұмыс істеген немесе жұмыс істей бастаған азаматтардың еңбегі қоғамның жұмыспен қамтудың баламалы нысандарын қабылдау процесін жеделдетті. Осының нә­тижесінде Қазақстанда еркін табыс деп аталатын эконо­ми­каның дамуы, еңбекке әйел­дер мен ауыл тұрғындарын бел­сенді тарту көрініс таба бастады.

«Мысалы, ел бойынша әрбір үшінші ауыл тұрғыны қашық­тан жұмыс істейді және жұмыс берушілер қашық­тан жұмыс істейтін қызмет­кер­лер­дің 14%-ына ғана комму­ни­кация құралдарын берген», дейді ЕРДО Стратегия және жобалық басқару департаментінің директоры Александра Молчановская.

Халықаралық тәжірибе жұмыспен қамтудың баламалы нысаны ретінде көрсетілетін қыз­меттер секторын дамыту мен толық емес жұмыс күнін кеңейту ЭЫДҰ-ға мүше елдер­де әйелдердің жұмыс күші құрамына қатысуын ке­ңей­­тудің қуатты факторына ай­налғанын байқатты. Со­ны­мен қатар үйден жұмыс істеу­дің артықшылықтарына қарамастан, жұмыс уақытының ұлғаюы және жұмыс уақыты мен жеке өмірдің араласу қаупі бар. Алайда жұмыспен қам­ту­дың икемді түрлерінің таралуы күнделікті жұмыспен қамтуға жаңа сипаттама бере отырып, қарқын алып келеді.

Пандемияның еңбек нары­ғына әсерінің тағы бір көрсет­кі­ші – жұмыс берушімен ресми байланысты сақтай отырып, жұмыс берушінің бастамасы бойынша іс жүзінде жұ­мыс істемеуге мәжбүр бол­ған уа­қыт­ша жұмыспен қам­тыл­ма­ғандар санының өзгеруі болды. Олардың саны өткен жыл­дың 2-тоқсанында ең жо­ғар­ғы шегіне жетті және 2021 жылдың 1-тоқсанында 74%-ға, 139,6 мың адамға дейін қысқарды, ал 2020 жылдың 4-тоқсанымен салыстырғанда тө­мендеу 5%-ды немесе 7,1 мың адамды құрады.

Жалпы, биыл 1-тоқсанда еңбек нарығындағы жағдай тұрақты қалпына келтіріліп, коронадағдарыстың теріс салдарын бәсеңдетті. Жұмыс күшінің саны өткен жылдың 4-тоқсанымен салыстырғанда 35 мың адамға (0,4%) артып, 9 млн 232 мың адамды құрады. Жалдамалы (+27,2 мың адам 6 млн 703 мың адамға дейін), сондай-ақ өзін өзі жұмыспен қамтығандар арасында (+9,4 мың адам 2 млн 078 мың адамға дейін) жұмысқа тұру өсті.

«Экономикалық қызмет түр­лері бойынша қызмет көр­се­ту секторында қалпына келу бай­қалады. Бұл ретте ауыл шар­уа­шылығы, құрылыс, өнер мен ойын-сауық, қаржы және сақ­тандыру қызметі салала­ры бар. Біліктілік құрылымы орта білікті мамандардың көбеюі­не және сәйкесінше жо­ға­ры білікті жұмысшылар үле­сі­нің азаюына байланысты өз­­ге­­руде», деді Александра Молчановская.

Осылайша, басшылар мен кәсіби мамандар саны тиісінше 16,2 мың және 13,5 мың адамға қысқарды. Сонымен қатар техник-мамандардың (+41,2 мың адам), өндірістік жабдық операторларының (+33,5 мың адам), қызмет көрсету және сату саласындағы қызметкерлердің (+8,7 мың адам), сондай-ақ фермерлер мен ауыл шаруашылығы жұмысшыларының (+6,3 мың адам) саны өсті. Өз кезегінде біліктілігі жоқ қызметкерлер 6 мың адамға көбейді.

Сонымен қатар 2020 жылғы 4-тоқсанмен салыстырғанда жұмы­с­сыздар саны 1,7 мың адам­ға қысқарып, 451,3 мың адам­ды құрады, бұл ретте жұ­мыс­­сыздық деңгейі 4,9% дең­гейінде сақталды.

Жұмыссыздық деңгейі елдің оңтүстігінде – Алматы қа­ла­сы мен Түркістан облысын­да (екі өңірде де 5,2%), сондай-ақ Шымкент қаласында (5,1%) шектен тыс көп. Бұл ретте жұ­мыс­сыздықтың ең төменгі дең­гейі Қарағанды облысында (4,5%) және Нұр-Сұлтан қа­ла­сын­да (4,6%) тіркелген.

Жұмыспен қамту орган­да­рын­­да есепте тұрған жұмыс­сыз­­дар саны 2021 жылғы сәуір айының соңында 215 мың­ға жуық адамды құрады, ал жал­­пы республика бойынша тір­кел­ген жұмыссыздық дең­гейі 2,3%-ға теңелді. Тір­кел­ген жұ­мыссыздықтың ең жо­ғары дең­гейі Түркістан (4,6%), Аты­рау және Батыс Қазақ­стан (екі өңір­де де 4,4%) облыстарында байқалды, деп хабарлады Еңбек және халық­ты әлеу­мет­­тік қорғау министр­лі­гі­нің бас­па­сөз қызметі.