• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Өнер 21 Мамыр, 2021

Мәдениет – өмір мәйегі

17560 рет
көрсетілді

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады», деген есті сөзі әлі де ел жадында. Бүгінде Еуразияның ең бай да бірегей мәдениетінің қатарына қазақ мәдениетінің де кіргендігі біз үшін үлкен мақтаныш. Дана халқымыз: «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.

Бұл тұрғыдан келгенде біздің көсіле сөйлеуімізге болады. Арғы ата бабаларымыздан қалған асыл мұралар, Қазақ хандығының іргесі қаланғаннан бергі жиналған жауһар дүниелер әлем алдында абыройымызды биіктетіп келеді. Соларды насихаттап, көкке көте­ріп жүр­ген мәдениет саласы қызметкер­лері­нің еңбегі орасан. Әрине, өнерді құр­меттеп, мәдениетті өркендету – бар­шамыздың ортақ мақсатымыз. Десе де, мұражайлар мен кітапханалардың, театр­лар мен концерттік ұйымдардың, ха­лық шығармашылығы және мәдениет үй­лерінің, қалалық және ауылдық клубтардың қызметкерлерінің, сондай-ақ ақындар мен жазушылардың рөлі ерекше. Олар қоғамымыздағы руханият­ты дамытуға, игілікті, адам­гершілікті, қайы­рым­дылық пен өзара түсіністікті өріс­тетуге жол ашып, үз­дік мәдени дәстүр­лер­ді сақтауға һәм молай­туға ерекше мән беріп келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессия­сында сөйлеген сөзінде «Қазіргі заманғы әлемде еліміздің берік мәдени тұғырынсыз экономикалық және саяси табыстары болуы ақылға сыйымсыз. Планетаның 30 лайықты ұлтының біріне айналу үшін, бәрінен бұрын, ХХІ ғасырда ең танылған мәдениеттің қатарында болу керек. Біз Қазақстанның әлемдік «жоғары мәдениет қоғамының» үш ондығы шоғырына енуін қамтамасыз етуге тиіспіз» дей келе, мәдениет саласы қызметкерлеріне барлық жағ­дай жасалуын тапсырған болатын. Міне, соның нәтижесінде олардың ең­бекақысы 40 пайызға өсті. Яғни театр әртістерінің орташа жалақысы 231 мың теңге, ал кітапхана, музей және архив қызметкерлерінің еңбекақысы 164 мың теңге болды. Әрине бұған дейін­гі жалақыларымен салыстырғанда әлде­қайда жоғары. Бүгінде мемлекет барынша мәдениет саласына көңіл бөліп, ауыл-аймақтардың мәдени өмірінің жандануына күш салып келеді.

Халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қо­сып келе жатқан азаматтардың еңбегі бағаланатын елеулі күн ел өмірінің ең айшықты сәтіндей ыстық. Себебі қаламға серт еткен ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатқан кітапханашының, маз­мұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр, кино жəне опера əртісінің, өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегі ұмытылмақ емес.