• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Мамыр, 2021

Алматыда «Телқожа Жанұзақ және онамастика мәселелері» атты жиын өтті

934 рет
көрсетілді

Бүгін Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Телқожа Жанұзақов және онамастика  мәселелері» атты жиын өтіп, қазақ онамастикасының негізін қалаған белгілі ғалымның бес томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Телқожа Жанұзақ тіл білімі ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі, әрі бірегейі. Тілдің түрен түспеген тың саласы – онамастика мәселелерін тереңнен зерттеп, осы ғылым тармағының ел тарихымен тамырласып, өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген айтулы ғалым қалың қазақтың қабылдауымен «онамастика атасы» атанды.  Тіл білімі тарланының бүгінгі күн тұрғысынан да өзектілігін жоймаған жетпіс жылдан астам жасампаз еңбегін лайықты бағалап, шығармаларының жарыққа шығуына Халықаралық Түркі академиясы жол ашып отыр. Жиынның модераторлық тізгінін қолына алған Академияның президенті Дархан Қыдырәлі қатысушылар алдында ғалымның сүбелі еңбектерінің құндылығы мен маңызын атап өтті. Телқожа Жанұзақтың ғылымдағы еңбектері түркі әлемі зерттеушілері тарапынан да толықтай мойындалған, бұл тарапта Академия Түркияның Эгей университетімен бірлесе отырып ауқымды халықаралық конференция өткізіп, ғалымның қызметіне арналған жиынның табысты өткенінен көпшілікті хабардар етті.

Жиынға ҚазҰУ Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, белгілі ғалымдар Әлімхан Жүнісбек, Дандай Ысқақов, Рүстембек Шойбеков, Қыздархан Рысберген, Бекжан Әбдуәлі, сондай-ақ бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Қазақ ономастикасы» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін атқаруға ортаға филолог-ғалымдар Жанғара Дәдебаев пен Әлімхан Жүнісбеков шақырылып, автордың қатысуымен жаңа жинақтың лентасы қиылды.

Академияның ұсынысына қолдау білдіріп, әл-Фараби атындағы кітапхананың төрін ұсынған Ұлттық университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Әлия Масалимова жер-су атауларының ғылыми негіздемесін жасап, іргелі ғылым ретінде қалыптасуы жолында көп еңбек сіңірген Телқожа Сейдінұлының өз ісін жауапкершілікпен атқарғанына және ғылымға соны жаңалық әкелгеніне жан-жақты тоқталды. Тұсаукесер аясындағы жиын 95 жылдық мерейтой қарсаңында өткізіліп отырғандықтан тіл білімі ғылымының абыз ақсақалы, қадірлі тұлғасының үстіне құрметпен шапан жабылып, лайықты тарту жасалды.

«Мені онамастика дейтін оқшау жатқан ғылымның жолына бағыттап, ғалым ретінде бақыт сыйлаған түркологияның беделді тұлғасы, академик Сергей Ефимович Малов болды. 1953 жылы 23 жасымда Ленинградқа іссапарға барған кезімде қазақ антропонимикасы деген тың тақырып ұсынып «осы мәселемен шұғылданғаның жөн» деп жолға салған еді. Кейін одақтық маңызы бар конференциялардың бірінде ұстазым мені атақты түркітанушы ғалым Николай Баскаковпен таныстырды. Одақтың мықты ғалымдарының бірінен саналатын беделді тұлға менің шұғылданып жүрген тақырыбымды ести сала, арқамнан қағып, бірден қолдау білдіріп, батасын берді. Мені аспанға алып шығарған осы тақырып, қазақтың баласын тәрбиелеген осындай үлкен ғалымдардың шынайы ықыласы мен көңілі, адамгершілік қасиеті. Мен мұны ешқашан ұмытпаймын, ризамын» дейді бар саналы ғұмырын ұлтқа керек мәселенің зерттеумен айналысып, толыққанды мектеп қалыптастырған Телқожа Сейдінұлы.

Бес томдық жинақ – Т.Жанұзақтың ғылыми еңбектерінің таңдаулы бір бөлігі ғана, кезегін күтіп жатқан зерттеу еңбектері әлі де көп. Бұл жинақты ғалым арнайы төрт жыл уақытын бөліп, кейбір еңбегіне жаңа тараулар енгізіп, толықтырып, сүзгі-сараптан өткізіп шығарып отыр. Жинақ жарыққа шығаруға тиісті мекемелердің суырмасында ұзақ уақыт кезегін күтіп, нәтижесінде Түркі академиясының мұрындық болуымен оқырманға жол тартты.

Жер тарихы – ел тарихы. Жер-су атауларын, адам есімдерін, тайпа, ұлыс, халық аттары мен аспан денелері және ғарыш кеңістіктері атауларының шығу, пайда болу және тек-төркіндерін жан-жақты қамтып зерттеп келе жатқан ғалымның бұл еңбегі  онамастика мәселесін осы заман талабына орай оңтайлы шешілуіне де игі әсерін тигізеді.

АЛМАТЫ