Музыкалық жас көрермен театры сахналаған «Шәмші» мюзиклінде композитордың 15-ке жуық әні орындалады.
Композитордың өмірі мен шығармашылығына негізделген қойылым туралы белгілі композитор Жоламан Тұрсынбай: «Спектакльде Шәмші әндерінің көп дауысты хормен шырқалуы жүрек тебірентті. Қазақта он мың ән, бес мың күй бар десек, бұл қойылымның да рухани қазынамызға қосылған тың дүние екенінде дау жоқ. Қойылымға Шәмшінің ең мағыналы, жақсы әндерінің топтастырылғаны сүйсінтті. Сөз бен ән домбыраның қос ішегіндей әсем үндесіп тұр. Өз басым Шәмші ағамызбен көп араласқан адаммын. Спектакльден қазақ «вальсінің королі» атанған атақты композитордың сан қырлы бейнесімен қайта қауышқандай күй кештім», деп жүрекжарды лебізін білдірді.
Спектакльде орындалатын Шәмші әндерінің қай-қайсысы да автордың өмірінде орын алған әртүрлі оқиғаны баяндайды. Тұла бойы әнге айналған тұлғаның әсерлі әлемі көрермен көңілін баурап әкетуімен құнды. Жүректерге сезім ұялатып, махаббат отын маздатқан мюзиклдің кейінгі жастарға берер тағылымы мен тәрбиелік мәні өте зор. Мәдина Омарова жазған мюзиклді труппа әртістері екі айдан астам уақыт дайындаса, ал спектакльдің режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров шығармашыл тұлғаның бейнесі мен өнер жолын халыққа шынайы жеткізу мақсатында композитордың туған жерін аралап, көп мағлұматқа қанығып қайтқанын алға тартады. Композитордың шығармашылық қоржынында 300-ге жуық ән сақталған десек, сахналық қойылымға олардың ең көп тараған үздіктері ғана таңдап алынған. Спектакльдің бір ғана Шәмшімен шектелмей, сахнаға үш бірдей Шәмшіні қатар алып шығуы және әндердің оркестр сүйемелдеуімен жанды дауыста орындалуы қойылымның басты ерекшелігі саналады.
Айта кететін жайт, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі құрметіне әзірленген қойылымның премьерасы наурыз айында өткен болатын. Белгілі тұлғаның күрескер бейнесін Аман Ғұмаров, Ернар Мұхамбетов, ғашық кезін Саламат Мұқашев, Ермахан Аймахан, ал композиторлық қырын Сұлтан Кеңшілік, Азамат Болатов сынды талантты жастар сомдап, композитордың өмір жолында кезіккен қиындықтарын, қоғамға деген азаматтық көзқарасын, теңіздей тулаған ішкі алапат сезімін, ғашықтық сырларын әуезді әндерімен әсем жеткізе білді. Сол сияқты Ақан сері, Ахмет Жұбанов, Мұқағали Мақатаев, Роза Бағланова, Әбілахат Еспаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов сияқты қазақ мәдениеті мен өнерінде орны биік қайраткер тұлғалар бейнесінің бір арнаға шоғырланып, қойылымнан көрініс табуы – бұрын-соңды пайдаланылмаған тың тәсіл, өте сирек құбылыс.
Музыкалық жас көрермен театры репертуарындағы «Шәмші» мюзиклі ел болашағы – жас буынның өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруда орасан зор іс тындырып отыр деуге толық негіз бар. Өскелең сана интернетке телмірген заманда кейінгі ұрпақты төл құндылықтармен сусындатып, жастарымыздың бойына отаншылдық сезімін ұялатуда театр өнері алдында үлкен міндеттер тұр. Осы жағынан алғанда, «Шәмші» спектаклі жас ұрпаққа киелі өнердің таза ауасын жұтқызуды мұрат тұтады. Театрдың Камералық оркестрі сүйемелдеуімен орындалған «Жан аға», «Арыс жағасында», «Әнім сен едің», «Қайықта», «Өмір-өзен», «Бақыт құшағында», «Сағынышым менің», «Қуаныш вальсі», «Ақ маңдайлым», «Сыған әні», «Ақан сері», «Ана туралы жыр», т.б. әндер көңіл көкжиегін көркемдікке бөлейтін тұнық бастаулар іспетті.
Мәдениет пен өнер қызметкерлері күні құрметіне ұсынылған қойылымды дүлдүл әнші Димаш Құдайберген, халықаралық 71-ші Канн фестивалінің лауреаты, «Ника» жүлдесінің иегері Самал Еслямова сынды қазақ өнерінің туын көтеріп жүрген дарын иелерінің келіп тамашалауының өзінде үлкен мән бар. Өмір жолы өз өнеріңе құрмет көрсетуден басталады.