2021 жылдың 4 маусымында Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің электр көліктеріне, электр автобустарына және электр жүк көліктеріне қатысты кәдеге жарату төлемін есептеу үшін нөлдік коэффициентті белгілеу туралы бұйрығы күшіне енеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Енді Қазақстан Республикасы аумағына электр көліктерін, электр автобустарды немесе электр жүк машиналарын әкелу кезінде көлік құралы үшін кәдеге жарату төлемі талап етілмейді. Бұл бастаманы ӨКМ Операторы 2020 жылы ұсынған болатын. Осы мәселе жан-жақты пысықталып, талқыдан өткен соң, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ресми құжатқа 2021 жылдың 13 мамырда қол қойды», деп хабарлады Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы.
Бұған дейін М1 санатындағы электр қозғалтқышы бар автомобиль үшін кәдеге жарату төлемі 437 550 теңге, М2, М3 санаты үшін 1 166 800 теңге болған еді. Жүк көлік құралдары үшін кәдеге жарату төлемінің мөлшері 1 020 950 теңгеден басталды.
«Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының ақпараты бойынша, бүгінде елімізде 422 электр көлігі тіркелген. Экология министрлігі бұл шаралар Қазақстанда электромобиль өндірісін ынталандыруға, экологиялық таза көлік құралдарын сатып алуға сұранысты арттырады деп есептейді. Қазіргі уақытта ӨКМ Операторы электр қуаттау стансаларының инфрақұрылымын дамыту жобасы аясында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында және Нұр-Сұлтан-Бурабай бағытында 103 жылдам электр қуаттау стансаларын орнатуды аяқтады», дейді ӨКМ операторы.