• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Мамыр, 2021

Таразда өкпесі 88 пайыз зақымданған әйел дені сау ұл босанды

201 рет
көрсетілді

Таразда өкпесі 88 пайыз зақымданған әйел дені сау ұл баланы өмірге әкелді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жуырда Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының жұқпалы аурулар құрылымының жансақтау бөліміне Мойынқұм ауданының тұрғыны келіп түскен. 28 жастағы жүкті әйел облыс орталығына өте ауыр жағдайда санитарлық авиация желісі арқылы жеткізілген. Компьютерлік томография мен талдау-сараптау қорытындылары бойынша оған коронавирус және ауыр дәрежелі өкпенің 88 пайыз зақымдануымен екіжақты вирустық пневмония диагнозы қойылады. Алайда, жергілікті медицина қызметкерлері бір айдан аса уақыт бойы реанимация бөлімінде науқастың өмірі мен баланың өмірі үшін күресті.

«Өміріне қауіп төнген ана бүгінде кесар тілігі арқылы аман-есен тұңғышын босанды. Нәрестенің салмағы 3400  грамм. Шақалақтан сынама алынды, нәтижесі сәбидің коронавирус жұқтырмағанын көрсетті. Бірақ, босанғаннан кейін науқастың жағдайы нашарлап кетті. Сатурациясы төмен, температурасы жоғары, өздігінен дем ала алмайды, интоксикация синдромы өзгеріссіз қалды. Бірнеше рет консилиумдар жүргізілді. Нәтижесінде экстракорпоралды мембраналық оксигенация аппаратына  қосылды», дейді аталған аурухананың босану бөлімшесінің меңгерушісі  Қымбат Абдраимова.

Дәрігерлер мен медбикелер ана мен баланы қатаң бақылуға алып, емдеп, ерекше күтім жасаған. Нәтижесінде олар көп ұзамай реанимациядан бейінді бөлімшеге ауыстырылды.

«Біз жаңа босанған анаға жақынымыздай алаңдадық. Ол кісінің жұбайының бізге толық сенім артып, жақсылықтан үміттенгені бізге қосымша күш берді», дейді емдеуші дәрігер-инфекционист Елена Пак.

Төтенше режимде жұмыс істеуге дағдыланған аурухананың білікті мамандары сөйтіп бірден екі адамның өмірін сақтап қалды.

«Менің ауыр халіме қарамастан, ана болу бақытын сыйлаған осы аурухананың ұжымына алғысымды білдіремін. Сіздер шынымен мықты екенсіздер. Адал еңбектеріңізді көрдім. Көрсетілген көмектеріңіз үшін мың алғыс», дейді жаңа босанған ана.

Айта кетейік, жыл басынан бері ауруханаға коронавирус індетін жұқтырған 197 жүкті әйел және 37 босанған әйел келіп түскен. 72 жүкті және босанған әйел жансақтау бөлімінде емделіп шықса, бұл мекемеде 52 әйел дені сау балаларды дүниеге әкелген.