• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Мамыр, 2021

Желідегі ойынның құрбаны: Мектеп оқушысы асылып қалды

1045 рет
көрсетілді

Алматы облысында 9-сыныпты үздік тәмамдаған оқушы асылып қалды. Туыстары оның өліміне интернеттегі күдікті қауымдастықтар итермелегеніне сенімді, деп хабарлайды Egemen.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Марқұм болған 15 жастағы Диана Хамутецкаяның жақындары құзырлы орындардан оның ұялы телефонын және өзге жеке заттарын тексеруді талап етіп отыр.

«Қойын дәптері адам шошырлық сатанисттік сипаттағы небір суретке толы», дейді туысы.

Алматы облысындағы Жәпек батыр ауылында бүтін бір отбасы қара жамылды. Осыдан төрт күн бұрын өрімдей 15 жасар қызының қорада төсек жаймасына асылған өлі денесін анасының өзі алып шыққан. Қайғыдан қан жұтқан Бақытты Айтмұратова Диананың мұндай әрекетке баруына еш себеп болмағанын айтады. Өйткені 9-сыныпты үздік бітіріп, аттестат алатынына қуанып жүріпті.

«Сағат 3-те «дүкенде сіздің орныңызға тұрамын, сіз демалыңыз» деді. Бірақ айтылған уақытта келмеді. Телефоны өшірулі болды. Көршіме хабарласып, үйді тексеруін сұрадым. Еш жерде жоқ деген соң, өзім келіп қарадым. Таппай, құрбысымен мектеппен қоштасу кешіне дайындалып жүрген болар дедім. Әжетханаға жақындай бергенімде қарсы беттегі қорадан әппақ жайманың ілулі тұрғанын көрдім. Әрі қарай есімде ештеңе жоқ», дейді марқұмның анасы.

Марқұмның туыстары Диананы екі күн бұрын жер қойнына тапсырған. Өмірге құштар қыздарының бұл әрекетке қалай барғанын түсінбей дал. Себебін іздеуге тырысқан олар күнделігінен қорқынышты суреттерді көріп, жағасын ұстап отыр. Бұларды анасы алғашында тек шимай дәптері деп ойлаған. Өйткені бастапқы бетіне тек армандарын түсірген. Алайда суретті де жақсы салатын Диана ішкі жағына өлімге итермелейтін түрлі үрейлі бейнелер мен жазу жазыпты. Бірінде: «Мен өлімнен қорықпаймын. Ең қымбат адамдарымнан айырылып қалудан қорқамын» десе, енді бірінде тіпті қанмен сурет салған. Осылайша жақындары бұл суицид жасауға итермелейтін «Синий кит» ойыны екеніне сенімді.

«Түнгі 2-ден келіп таңғы 6-ға дейін отырдым. Бәрін ақтардым. Өзінен өзі ойнап-күліп жүрген баланың сөйте салуы мүмкін емес деп, өзім тергеу жасадым, дәптерін ақтардым. Бір секта сияқты», дейді туысқан ағасы Мұратбек Айтмұратов.

Сондай-ақ №4 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құралай Көшегенова оның жалпы сабақтан себепсіз қалмайтынын және мінезі ашық болғанын айтады.

«Сыныптастарымен, ұстаздарымен белсенді қарым-қатынаста жүретін үлгілі оқушы болатын. Үздік аттестаттың үміткері. Осы қыздан дәл осындай шығады деп ойлаған жоқпыз. Не итермелегенін, тіпті өзіміз де түсінбей отырмыз», дейді мұғалім.

Дәл осындай қайғылы оқиғалар көрші ауылдардарда да болыпты. Бұлардың барлығына интернет арқылы тараған сатанисттік сипаттағы қауіпті ойындар себеп болуы мүмкін. Алайда құзырлы орындар тергеуді тереңнен бастаудың орнына, істі жәй ғана суицид деп жылы жауып қойып жатыр деп қапалы. Ал полиция департаменті тергеу тоқтамағанын айтады.

Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы аталған іс бойынша ҚР ҚК-тің 105-бап, 3-бөлігі, яғни өзіне қол жұмсау фактісімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Осы орайда сот медициналық-сараптама тағайындалған.

«Бастапқы қорытындысы көрсетіп отырғандай, жасөспірімнің өліміне тыныс алу жолдарының механикалық асфекциясы себеп болған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғастырылып жатыр», дейді ПД ресми өкілі.