Отбасы саясаты бағытында «2030 жылға дейін гендерлік және отбасылық саясат Тұжырымдамасын іске асырудың іс-шаралар Жоспарының» екінші кезеңі бекітілді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Тұжырымдама негізінен отбасы институтын нығайту, репродуктивті денсаулық күтімі, гендерлік теңдік, тұрмыстық зомбылықты болдырмау мәселелерін қамтиды. Соның ішінде, тұрмыстық зомбылықпен күрес мәселесі өте өзекті. Өкінішке орай былтырғы карантиндік оқшаулану кезінде тұрмыстық жанжал фактілері күрт өскені білінді. Ал бұл мәселемен айналысатын Орталықтар еліміздегі тек ірі қалаларда ғана шоғырланған. Қазір ел аумағында тұрмыстық зомбылық құрбандарына арналған 65 Дағдарыс Орталығы жұмыс істейді», деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, бүгінде әрбір аудан және қалада осындай орталықтар ашу қолға алынуда. 2025 жылға дейін олардың санын 234-ке жеткізу көзделіп отыр.