• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 27 Мамыр, 2021

Оңай ақша опындырмасын

451 рет
көрсетілді

Ұлттық валютамыздың дизайны арагідік өзгеріп отыратыны белгілі. Бұл – жалған ақша жасаушылардың жолын кесу мақ­са­тын­да да енгізілетін тәсіл. Бүгінге дейін төл теңгеміздің сыртқы безен­дірілуі төрт рет өзгеріпті. Сонда да алаяқтар қол­дан ақша жасау­ды қоймай келеді. 2021 жылдың қаңтар-наурыз айларында Ұлт­тық банк пен екінші деңгейдегі банктер бар­лығы 760 950 сома­дағы 237 жалған ақша белгісін (236 банкнот және 1 монета) анық­та­ған. Ал былтыр осы кезеңде 226 банкнот табылған болатын.

Кез келген елдің мемлекеттік маңызы бар айшықты белгілеріне қойылатын ерекше талаптар бар. Мысалы, Мемлекеттік Әнұран­ның сөзі оңай жатталатын, әуені рухты көтеретіндей салтанатты бол­уы керек болса, валютасы еш­кім қолдан жасай алмайтындай күрделі болуы керек. Біздің төл теңгеміз осы талапқа сай келеді. Сонда да заңсыз жолмен оңай олжа тапқысы келетіндер жалған ақша жасауды қоятын түрі жоқ.

Ұлттық банктің банкноттар мен монеталар сараптамасы бас­қар­масының бастығы Асхат Әбішевтің мәліметінше, биыл­ғы бірінші тоқсандағы қолдан жасалған ақшалардың көбі номиналы 2 000 және 5 000 теңгелік банкноттар болған. Ал басқа банк­ноттар мен монеталардың үле­сі 12%-ды құраған.

Жалған банкноттардың көп бөлігі – Алматыда (169), ең азы Қызылорда мен Жамбыл облыс­та­рында анықталған.

Жасанды ақша өндірі­сі – бас айналдырарлық табыс әке­летін көлеңкелі бизнестің түрі. Ақпараттық технологияның қа­­рыш­тап дамыған қазіргі кезең­ін­­­де техно­логияның барлық қыр-сырын мең­герген әккі қулар заманауи құрылғылардың кө­ме­­гімен-ақ әп-сәтте жалған банкнот­тарды айнытпай жасап шы­ғарады. Қазір тіпті полигра­фия­лық жабдықпен басып шы­ғар­­ған валюталарды тек банкте, арнайы құрылғының көме­гі­мен ғана ажыратуыңыз мүм­кін.

Дегенмен де банкноттың түп­­нұс­­қасын жалған ақшадан ажыра­­ту­дың жолы бар. А.Әбі­шев­­тің айтуынша, еліміз­де­гі жал­ған валютаның көп бөлігі же­ңіл технологиямен жасалады, олар түпнұсқадағы негізгі бел­гі­лерді тек имитациялаумен ғана шек­теледі. Сондықтан ар­на­йы жабдықсыз-ақ жалған банкноттарды қолмен ұстап, мұ­қият қарап та анықтауға болады. Түпнұсқа банкноттың бірнеше айрықша белгісі бар. «Біріншіден, нағыз ақша шы­тыр­лақ келеді. Екіншіден, арнайы бедері болады. Сосын барлық банк­нотта көру қабілеті нашар адамдарға арналған саусақ ұшы­­мен ажыратуға болатын бел­гілер бар. 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттарда түс өзгертетін бояумен салынған бейнелер болады. Көлбеу бұрышын өзгерткен кезде өрнек түсі жасылдан алтынға өзгереді. Сондай-ақ түпнұсқа ақшаны жарыққа тосып қараған кезде жазу шығады, ол пунктир түріндегі тұтас магнитті және үзік-үзік жіп тәрізді болады, со­ған назар аударған жөн», дейді Ұлт­тық банктің басқарма бас­­­­­шысы.

Дегенмен де банкноттар ай­­на­лымда көп жүрген сайын осы айрықша белгілер өше бас­тауы мүмкін. Ескі теңгелерді айна­лымнан шығарып, орнына жа­ңасы енгізіліп отыратыны сон­дық­тан.

Жұртшылыққа айтарымыз, пәтер немесе көлік секілді әлде­бір қымбат мүлік сатарда сақ болыңыз. Қомақты ақшаны алмас бұрын банкнотты тексеретін құрыл­ғысы бар нотариусты таң­дау керек немесе банкке барып, ақ­шаны тексертіп, есепшотқа аудар­т­қа­ныңыз жөн.