Дуалды оқыту жүйесі – мамандықты іс жүзінде меңгертудің тиімді технологиясы. Теорияны өндіріспен ұштастыра оқытатын бұл жүйе кәсіптік мамандықтарды оқытуда септігі мол. Сондықтан дуалды оқытуға басымдық берген кәсіптік колледждер түлектерінің жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары.
Дуалды оқыту бағдарламасын енгізген оқу орындарының бірі – Алматы сән және дизайн колледжі. Бұл колледж 74 жыл бойы тігін өндірісі және киім үлгілеу, шаштараз өнері және сәндік косметика, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандықтары бойынша біліктілігі жоғары мамандар даярлап келеді.
Аталған оқыту технологиясы біздің колледжде 2014 жылдан бастап қолданыла бастады. Алғашында тігіншілердің бір тобынан бастадық, бүгінгі таңда біз дуалды түрде тігінші, аспаз, кондитер мамандықтары бойынша оқыту дайындығын жүргізудеміз.
Дуалды оқыту базалық кәсіпорындарда өндірістік оқыту уақытының 60% көлемінде қарастырылады. Оқыту нәтижесінде студенттер жұмыс берушілердің талаптарына тез бейімделіп, колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші артады.
Колледж 2021 жылы «Жас маман» бағдарламасына Қазақстанның 180 колледжінің бірі болып енді. Оқу орнының 2021-2026 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарын және халықаралық талаптарға сәйкес кадрлар даярлау үшін шетелдік салалық орталықтардың талаптарына сәйкестікті бағалау рәсімдерінен өтудің жол картасын әзірлей отырып, тігін шеберханаларын жабдықтау үшін мемлекеттік сатып алу қатысуда.
«Жас маман» жобасы бойынша сатып алу тізімінде бар жабдық нарықтың соңғы үрдістеріне және заманауи тігін өндірісінің барлық талаптарына сәйкес келеді. Осындай жабдықтарда жұмыс істеуге оқытатын мамандықтың өзі бүгінгі таңда сұранысқа ие.
Жаңа жабдықтар таяу 3-5 жылда сұранысқа ие болатын білікті кадрларды даярлау ісіне кеңінен жол ашты. Цифрлы тігін машиналарының пайда болуы балабақша жасынан бастап тігін технологияларын үйретуге мүмкіндік туғызып, балдырғандардың қызығушылығын оятып, тігіншілік мамандығына ерекше назар аудартады. Ал біз айтып отырған дуалды оқытудың негізгі мәні – білім алушыға меңгеретін кәсібінің теориялық білімін, білік пен дағдысын тікелей өндіріс орнында меңгерту.
Гүлзира ҰЯБАЕВА,
Алматы сән және дизайн колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары