Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева АЛЖИР музей-мемориалдық кешенінде жас тарихшылармен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу «Тарихи сана – Тәуелсіздіктің рухани тұғыры» тақырыбында өтті және жас ғалымдар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық тарихы бойынша зерттеу нәтижелерін айтып берді.
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтудің тұжырымдамасы мен іс-шаралар жоспарына сәйкес, мамыр айы «Ұлттық бірлік, бейбітшілік және тұрақтылық» тақырыбымен өтіп жатыр, тұжырымдама биылғы 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне ерекше мән береді», деді Аида Балаева жас тарихшылармен кездесудегі алғысөзінде.
Министр қазіргі уақытта Қазақстанда тарихымыздың жекелеген кезеңдерін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік бар екенін атап өтті және жас тарихшыларды осы бағытта академиялық жұмыстарды атқаруға шақырды.
Кездесуге жас тарихшылар мен ғалымдар, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия мүшелері, ғылыми-зерттеу орталықтарының, архивтер мен музейлердің қызметкерлері қатысты.
Олар Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихты әділ зерттеуге, нақты фактілерді білуге және оларды қайта ой елегінен өткізуге мүмкіндік туындағанын айтты.
«Қазақ халқының өткен ғасырдағы 20-30 жылдардағы тарихының қаралы беттерін зерделеу, большевиктердің қылмыстары туралы ақиқатты ашу қандай да бір басқа халыққа қарсы бағытталған іс-әрекет ретінде қарастырылмауы тиіс. Дегенмен, тарих барлық халықтарды өткеннің қайғылы қателіктерін қайталамауға үйретіп, ескертуі керек. Әсіресе, өскелең ұрпақты тарихымыздың ақиқатына қаншалықты ащы болса да үйретуіміз қажет. Сондықтан Президенттің тапсырмасы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Енді тарихи құжаттарды зерделеп, нақты деректерге негізделген сенімді зерттеу жүретініне сенімдімін», дейді А. Балаева.
Айта кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың шешімімен 1997 жылдан бастап жыл сайын Қазақстанда 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтіледі.