• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Тарих 30 Мамыр, 2021

«Хасенбайдың қорасында 2 сиыры бар...»

208 рет
көрсетілді

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі ретінде жақында облыстық прокуратурадағы зобалаң заман жылдарындағы қылмыстық істермен танысудың сәті түсті.

Алдымен өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы аштыққа қатысты құжаттарды сұраған едік, қолымызға Петропавл қаласында 1933 жылдың қазанында басталып, 1934 жылдың ақпанында, айналасы 4-5 айдың ішінде аяқталған 17 қазақ пен 2 орыстың ісін ұстатты.

Біз осыған дейін «төңкеріске қарсы үгіт», «Кеңес өкіметінің болашағына шүбә келтіру» және т.б «саяси қылмыстар» үшін жазаланып, кейін ақталған адамдарды білетінбіз. Ал өз еңбегімен жақсы тұрмыс құруға ұмтылған, тынымсыз еңбек етіп, отбасылық тұрмысын жақсартуға тырысқан адамдардан да «саяси кінә» іздеп, олардың да жаппай қудаланғанын біле бермейді екенбіз.

Сонда олар не бүлдірген дейсіз ғой. №1865 деп белгіленген қылмыстық іс атақты 58-бап бойынша қозғалыпты. Айыпталған азаматтардың бәрі дерлік –Петропавл мен қазіргі М.Жұмабаев ауданының, сондай-ақ Ресейдің Омбы облысындағы Есілкөл ауданының тұрғындары. Қалада тұрғандардың бәрі дерлік патша тұсында да, кейін де сауда-саттықпен айналысқан. Олар облыс орталығының қазіргі М.Әуезов, бұрынғы «Қызылту», оның алдындағы Ямская мен Бостандық көшесінде тұрған. Ғали Мұхамедрахымов, Хасенбай Сейпіков, Құрмаш Бақшыловтың және т.б. қалада жекеменшік үйлері, мал ұстайтын қора-жайлары болған. Ірі бай да емес, жұпыны кедей де емес, өз халінше жақсы өмір сүруге тырысқан адамдар. Сауда-саттықпен жүріп ысылған, алыс-жақынмен, орыс-қазақпен тамыр-таныс, бақуатты тұрмыс құрған жандар екен.

Бұрынғы Булаев, қазіргі М.Жұмабаев ауданының тұрғындары Мұқан Қараманов, Мәлік Ыдырысов, Шахан Ыбыраев және басқалар ауылда тұрған, дәулетті адамдар болған. Олардың кейбірі тәркілеуге ілігіп, артынан түрлі жолмен құтылғанымен, бой жасырыңқырап жүрген адамдар екен.

1933 жылы аштықтың беті қайтқан кезде Қызыл әскерге ат сатып алу мақсатымен «Заготкон» деген кооператив құрылып, оның бастықтығына Петр Бушуев деген Петропавлдың тұрғыны тағайындалады. Бұл да ат базарында маклер болған, сауда-саттыққа бейімі бар азамат екен. Ол өзіне бұрыннан жақсы танитын жерлесі Ғали Мұхамедрахымовты орынбасар етіп алады. Сауданың ретін білетін епті адамдар болғандықтан, бұлардың ісі салғаннан өрге басып кетеді. Ол кезде Қазақстанда жылқы басы кеміп кеткендіктен, бұлар Ресейдің Омбы және одан арғы ішкі облыстарынан жылқы жеткізіп, олардың жарамдысын әскерге, жарамайтынын етке өткізіп, кооперативті де байытып, өздерінің де іштері майланып шыға келеді.

Жылқыны Ресейдің Омбы аймағынан Қазақстанға жеткізгенде Есілкөлден М.Жұмабаев ауданына өтеді. Сондықтан осы аудандағы біраз жігітті жылқы айдауға жалдайды. Сонымен бірге мұндағы бұрын саудамен айналысқан епті адамдармен де істес болады. Алайда мұндай кәсіптің Кеңес өкіметіне керегі жоқ екен. Бұл іс ол кезде бизнес емес, «Алыпсатарлық» деп бағаланатын қылмыс болып есептелген және жазасы да ауыр болған. Оның үстіне мұндай бизнеске бұрын бай, феодал деп қудаланған адамдар қатысқан. «Қасқырдың шамы – қарақұлақ» дегендей, бұлар Кеңес өкіметінің «қас жаулары» саналады.

Сондықтан «Заготкон» мекемесінің соңына Қарағанды облыстық (оның құрамында қазіргі Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстары болған) ОГПУ мекемесінің қызметкерлері түседі. Ішінде кейін Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Ж.Шаяхметов те бар. Олар «аса қауіпті қылмыскерлерді» аңду үшін соңдарына «салпаңқұлақтарды» салып қояды.

Қандай да бір қылмыстық іс қозғалу үшін жапа шегуші болуы керек қой, іс соның шағымының немесе бұлтартпас айғақтың негізінде қозғалады. Ал қалыңдығы кірпіштей болатын мына істе ешқандай жапа шегуші немесе оның арызы жоқ. Ешқандай ұжымшар немесе жеке адам менің малымды арзанға сатып алып алдады немесе ұрлап әкетті деп арыз жазбаған. Ондайлар болса, іске тігілер еді. Қылмысты іс тек жансыздардың дәлелсіз пәле-жалаларының негізінде қозғалған.

Қылмысты істегі барлық қағаз қаттап тігілген, ал соңғы беті қайырылып, жапсырылған. Оның ішіндегіні еш адамға оқуға болмайтын. Тек Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдардан бастап қылмысты істердің құпиясы ашылды. Сондықтан қайырылып, жапсырылған бет қазір қолжетімді. Оның ішінде қатырма пакетке салынған қағаз болады екен. Онда «салпаңқұлақтардың» пәле-жалалары сақталған. Бірақ олардың аты-жөндері анық көрсетілмей, лақап аттары ғана жазылыпты. Соның ішінде «источник Шарипов» деген былай жазады: «Рабочая комиссия по заготовке лошадей имеет резидентуру в Исилкуле. Комиссия связана с баями, полуфеодалами во главе с Шаханом Ибраевым. Через этих баев комиссия заготовливает лошадей, платит за них дешевле. Привозят их в Петропавловск, перепродают по более высокой цене, наживаясь таким образом» (сол кездің тынысын беру үшін түпнұсқадағы тілмен беріп отырмыз).

Жүздеген жылқыны 200-300 шақырым жерден айдап келу, күндіз-түні күзету, жылқышыларға төлейтін еңбекақы, жолдағы тамағы және т.б. шығындарды «салпаңқұлақ» есепке алмайды. Оған тек алған бағадан сатқан баға артық болса болды – алыпсатарлық, баюдың жолына түсу болып елестейтін болса керек. Сонымен бірге жансыз «Заготконға» қатысушылардың кімге қандай туыстығы барын да қуана жеткізеді. Мәселен, Хасенбай Сейпіловтің Ғали Мұхамедрахымовқа күйеубала екендігін көрсетіпті. «Календарь» деген лақап аты бар «салпаңқұлақ» та осыны айтып, Хасенбайды «крупный купец» деп көрсетеді және бұлардың облыстық милиция бастығының көмекшісі Байболовқа туыс екенін айтқан. Лақап аты «Азат» делінген «салпаңқұлақ» Хасенбайдың қорасында 2 сиыры бар дегенді де қуана жеткізеді. Ол кезде бұл да қылмыс саналатын болса керек. Артынан Хасенбай бір сиырын сойып, етін қымбат бағаға сатты деп жеткізеді ол.

«Салпаңқұлақтар» белсенділік бойынша өзара жарысқа да түскен сияқты. Бәлкім, оларды ОГПУ қасақана жарыстырып қоятын шығар. Сондықтан болар, Шарипов деген әсіребелсенділік көрсетіп, қайта-қайта жазыпты. Тағы бір жазбасында ол бұрын Булаев ауданында тұрған ірі бай Шахан Ыбыраевтың Есілкөл ауданында жасырынып жүргенін көрсетіпті. Оның Мұхамедрахымовты да, Бушуевты да бұрыннан білетінін көрсетіпті. Қазір оның Первотар ауылдық кеңесіндегі үйінде 7 жылқы тұрғанын айта келіп, бұлардың бұрынғы бай Қазбек Әлібаевпен де сыбайлас екенін жеткізеді. Өзі Мұхамедрахымовқа тым жақын жүретін адам сияқты, өйткені жеген тамақтарына дейін, ішкен арақтарына дейін көрсетіпті.

Жанымда жүрген адам сатып кетеді деп кім ойласын, Мұхамедрахымов та одан еш сырын жасырмаған сияқты. Жансыз тіпті сол кездегі Жерге орналастыру халық комиссары болған, қазақтың асыл азаматтарының бірі Нығмет Сырғабековтің Мұхамедрахымовқа туыс екендігін де көрсетіп, тыңшылық міндетін асыра орындапты.

«Куян», «Бакхан» атты салпаңқұлақтар да қалыспай, «Заготконның» кісілерінің жүрген-тұрғанының бәрін ОГПУ-ға жеткізген. Тіпті қой сойдырып, «колхозға шығын келтіргенін» де қалдырмапты. Сол кездің өзінде ОГПУ-дің агентуралық жүйені бекем қалыптастырғанына таңғаласың. Олар, бәлкім, тәжірибені патшаның осындай үлгісінен алған шығар-ау...

Өкіметтің жұмысын атқарып, мүмкіндігі болғанынша өздеріне де пайда түсіріп жүргендер осылай қауіпті қылмыскерлер қатарына енгізіліп, үстерінен қылмыстық іс қозғалып, тегіс ұсталып, түрмеге тоғытылады. Бұл жерде өкіметке ешқандай шығын келтірілмегені, адамдар тек өкіметтің қолдарына берген ақшасын айналдырып, табыс тапқанын ешкім ескермеген.

ОГПУ-дің «Заготконның» кісілерін тұтқындап, мүліктерін, малдарын тартып алып, жұмыстарына кедергі келтіріп жатқаны бұл ұйымды құрған жоғары биліктің наразылығын тудырады. Соның ішінде істе Ресейдің Батыс Сібір өлкелік атқару комитеті КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі шаруалардан мал сатып алуға рұқсат берген Қаулысын еске сала отырып, өздерінің адамдарын тұтқыннан дереу босатуды талап еткен хаты бар. Осындай хатты Қазақстанның Орталық өкіметі де жазған. Бірақ ОГПУ оны құлағына ілмеген, қолға түсірген «қылмыскерлерді» босатпаған. Тек араларындағы жасы 70-ке таяп қалған бірлі-жарымын ғана босатқан. Ақыры істі соттың емес, «үштіктің» қарауына жібереді.

Қылмыстық істе «үштіктің» шешімі жоқ, оны қолы ұзын біреу қолды қылғанға ұқсайды. Сондықтан оларға қандай жаза берілгені де белгісіз болып қалған. Осыған сәйкес ақталғандығы туралы да құжат жоқ. Сондықтан бұл адамдар әлі де ақталмаған күйінде қалған сияқты. Тергеу хаттамасында олардың отбасы мүшелері түгел жазылған. Мысалы, 1933 жылы тергелгенде Ғали Мұхамедрахымовтың әйелі Зәуре – 47, қызы Мәстура 16 жаста болғандығы жазылған. Егер ұрпақтары болса, арғы аталары ешқандай қылмыскер емес, коммерциялық саудамен айналысқан кәсіпкерлер екендігін ғана білер еді.

Зобалаң заманның тағы бір қасіреті  адамдарды бір-біріне аңдытып, ішкен-жегеніне дейін көрсетуді жүйеге салып қойған. «Салпаңқұлақтардың» ар-ұяттан жұрдай тірлігіне қарап, төбе шашың тік тұрады...