• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Тарих 30 Мамыр, 2021

Асыра сілтеудің ауыр зардабы

1349 рет
көрсетілді

1931-1933 жылдары Қазақстанда болған ашаршылықтың басты себебі – халыққа салынған мөлшерсіз астық пен ет салығы болды. Тұрғындарда бұл салықты өтейтін азық-түлік жоқ еді.

Алғашқы жылдары колхоздар дұрыс жұмыс істемеді. Байларды қудалау, олардың мал-мүлкін тәркілеу, күштеп ұжымдастыру қалыптасқан әлеуметтік құрылымды бұзды. Жаңа өкімет салықты көбейтіп, шаруалардың сенімінен айырылды. Ақыр соңында Кеңес Одағында азық-түлік тапшылығы туындап, кей аймақты ашаршылық жайлады.

Қазақстанның өзіндік әлеуметтік және экономикалық ерекшелігі бар еді. Большевиктер саясаты елге ауыр зардап әкелді. Азық-түлік дағдарысының зұлматқа айналуына екі себеп бар. Біріншіден, көшпенді және жартылай отырықшы қазақтарға мемлекет ет салығын мәжбүрлеп, бүкіл шаруасынан айырды. Оған қоса, күштеп отырықшыландыру тоқтаған жоқ. Сондықтан қазақтың жағдайы қиындап, басқа этносқа қарағанда, ашаршылық зардабын қатты тартты. Мал өсіретіндер босқынға айналды. Өйткені билік олардың бар малын тартып алды. Кеңес Одағы билігі аш қалған халықты қолдауға асыққан жоқ әрі оларды қауіпті топқа жатқызды. Мемлекеттен берілген болмашы көмектің өзі кешіктірілді. Соның салдарынан тиісті көмек жеріне жетпей, көп адам зұлмат құрбанына айналды.

Орталық мемлекеттік архивтің Халық комиссарлар кеңесі қорындағы құжаттар осы айтылғандарды толық дәлелдейді. 1931 жылы 22 ақпанда ОГПУ қызметкерлері берген есепте Орал округіне қарасты Жымпиты ауданында азық-түлік тапшылығынан ашығу дерегі айтылған. Мысалы, №6 ауылда 3 адам аштықтан қайтыс болған, ісіну жағдайы тіркелген. №24 ауылда 7 отбасы – 29 адам аштықтан ісінген. Мұндай жағдай сол облыстың басқа ауылдарында да болған (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 123-іс. 10 п.).

1931 жылғы мәліметтерге зер салсақ, халықтың ашығуына сол кездегі билік саясаты әсер еткенін байқаймыз. Алматы облысының Сарқан ауданында жергілікті биліктің жаппай шектен шығуынан азық-түлік тапшылығы туындаған. Мәселен, 15 ақпанда Осиновка ауылында ауылдық кеңес жанына шамамен 150 адам – кедейлер мен орта шаруалар топ болып келіп, нан беруді талап еткен. «Егер астық бермесеңдер, астық сақталған қоймалардың құлыптарын бұзамыз. Бізді атса, атсын!» деген ашынған халық (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 123-іс. 24 п).

Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылындағы азық-түлік тапшылығына байланысты шілде айында 12 колхозшы отбасы колхоз мүшелігінен шыққан. «Тамақ жоқтықтан колхозшылардың көңіл күйі нашар. Алимов деген колхозшы «колхозда жұмыс істеу мүмкін емес, өйткені нанды аз береді, егер осылай бола берсе, отбасымыз аштан өледі. Мен колхоздан кетемін», деген. Колхозшы Омаров та «бүкіл отбасы аштан өліп жатқан жағдай бар, менің үйімде 8 адам аштық зардабын тартуда. Мен бұрын жалдамалы жұмыс істедім, бұрын-соңды мұндай ауыртпалықты бастан өткермегем», деген (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 123-іс., 98 п). Бұл құжаттар большевиктік биліктің жергілікті халықты аштыққа ұрындыру саясатының бетпердесін аша түседі.

ОГПУ-дың арнайы берген есептеріне зер салсақ, аштық салдарын кеңестік билік бұрынғы байлардан көрген. Оған мысал, 1932 жылы ақпан айында Қаратал өңірінде халықтың тамақ іздеп босып кетуін «аймақ басшылығына енген бай-ұлтшыл элементтің диверсиялық әрекеті» деп бағалаған. Сол жылы Ақжановтың басшылығымен қоныс аударған №8 және №9 ауыл толығымен жойылды. Тек осы екі ауылда 420 адам аштан өлген. №2 ауылда 6 тұрғын аштықтан қайтыс болған. Қаңтардың басында аштықтан ісінген 15 отбасы Балқаш көлі аймағынан Кескентал елді мекеніне жеткізілген.

Павлодар облысында азық-түлік тапшылығынан желтоқсанның екінші жартысы мен қаңтар айларында колхозшы отбасыларынан 60 адам ашыққаны тіркелген. Олар №6 ауылдан – 26 адам, №11 ауылдан – 20 адам, №19 ауылдан – 13 адам. Кулактар мен байлар орналасқан кентке жақын бір ауылда 40 адам аштан өлген. Сондай-ақ жаппай аштық орын алған жерлерде өлген жануардың еті мен ит етін жеу оқиғалары тіркелген.

Абыралы ауданындағы №6 ауыл тұрғыны Бимұрзин иттің етін тамаққа пайдаланған. №14 ауылда колхозшылар өлген малдың етін жеген.

Ырғыз ауданында №1-3, 5, 15 ауылдардан колхозшы отбасыларынан 10 адам өлген. Толық емес мәліметтерге сүйенсек, 42 колхоз шаруашылығы азық-түлік қиындығын бастан кешіп, оның 23-і өлген мал еті мен терісін тамақ еткен. 32 колхозшы отбасы дұрыс тамақтанбау салдарынан аштықтан ісінген. Олардың 19-ы – №1 ауылдан, 6-уы – №2 ауылдан, 5-еуі – №15 ауылдан (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 153-іс. 2-16 пп).

1932 жылы 10 қазанда ауылдағы азық-түлік тапшылығы туралы ОГПУ-дың арнайы есебіне көз салайық: «Биылғы көктемде өлкенің 70-тен астам ауданын қамтыған өткір азық-түлік қиындығы кейбір аудандарда әлі де орын алуда, ал кейбір жағдайда ахуал одан да ауыр (мысалы, Торғай және Батпаққара аудандары). Біздің мәлімет бойынша, осы жылы өндірістік қиындықтарға байланысты 14 549 адам қайтыс болды, оның 2500-і қыркүйек-қазан айларында өлген».

Ақтөбе облысының Торғай ауданында 1931 жылғы 15 қыркүйектегі жағдай бойынша 4 452 адам аштықтан қайтыс болды. Өлім жалғасуда. Күніне орта есеппен 20 адам өледі. Ауданда 7 700 адам мүлдем азық-түліксіз қалғандығы тіркелген. Осындай жағдай көршілес Батпаққара ауданында да бар, онда 8 400 адамның мүлдем тамағы жоқ.

Оңтүстік Қазақстан облысының Қарсақпай аймағында 23 маусым мен 23 шілде аралығында 62 адам аштықтан қайтыс болды. Күніне орта есеппен 3 адам өледі.

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы орталығында 1 шілдеден 20 тамызға дейінгі аралықта аштықтан 20 адам қайтыс болды, осы кезеңде облыста барлығы 144 аштан өлген және 1947 адам аштықтан ісінген.

Қарағанды облысындағы «Севказстрой» кәсіпорны шахталарға келген мигранттарды қабылдамады және оларды тамақ пен тұрғын үймен қамтудан бас тартты. Сөйтіп мигранттар жаппай ауруға шалдығып, аштан өле бастады. Қайтқан адам саны күніне 30-дан асты.

1 шілде мен 25 тамыз аралығында НКВД ішкі босқыншылықтан қайтыс болған 806 деректі анықтады. Оның біразын босқындардың өздері жерлегендігі көрсетілген. Қайтыс болған мигранттардың арасында бұрын жұмыста болған, бірақ өндірістік стандарттарға сәйкес келмегені үшін жұмыстан шығарылғандар да болды (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 164-іс. 128-133 пп.).

Осы жылғы ОГПУ мәліметтерінде азық-түлік тапшылығына байланысты Павлодар қаласы ашыққан қаңғыбас балаға толғаны айтылған. «Балалар саны тұрақты түрде өсіп келеді. 1932 жылы 29 қаңтарда 43 адам болса, 1 ақпанда 65-ке жетті. Балалар бос, суық үйге орналасқан, оларға тамақ мүлдем берілмейді, алды аштан өле бастады. 31 қаңтарда жүргізілген тексеріс кезінде бір үйден 10 баланың мәйіті табылды, олар 1 мен 8 жас аралығында, дені – қазақтар. Өлім аузында тағы 8 бала жатыр», деп көрсетілген. Аудандық атқару комитеті мен жауапты басшылық азық-түлік тапшылығын жою үшін 10 мың сом қаржы мен азық-түлік бөлген (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 153-іс. 20 п.).

Аштықпен қатар, ел аумағында түрлі індет тарап, жығылған үстіне жұдырық болған. Мысалы, Әулиеата ауданының №36, 37, 38, 39 ауылдарында және Михайловка ауылында қара шешек эпидемиясы тарап, өлім-жітім едәуір өскен. «Науқастар негізінен мектеп жасындағы балалар: Михайлов ауылында 70 адам қайтыс болды, жоғарыда көрсетілген ауылдарда күніне 10-15 адам өледі. Жергілікті билік тарапынан эпидемиямен күресу шаралары жеткіліксіз және дәрігерлік біліктіліктің төмендігі мен дәрі-дәрмектің жеткіліксіздігінен аурумен күрес қажетті нәтиже бермей тұр», делінген құжатта (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 158-іс. 30 п.).

Шығыс Қазақстан облысы Белағаш ауданындағы ОГПУ бөлімінің ақпараты бойынша, «нашар тамақтану мен күтім жоқтығынан балалар үйінде өлім деңгейі жоғары, оның көпшілігі – босқын қазақ балалары. Сондай-ақ Красный ауылында сәуір мен 30 мамыр аралығында 660 баланың 259-ы қайтыс болды. Тірі қалғандар арасында ауру көп. Тамақтану мен күтім өте нашар. Осы мәселе бойынша іс қозғалып, кінәлілер жауапқа тартылды. Дәл осындай жағдай Стеклянка ауылында да байқалды, онда 170 адам қайтыс болды. Балалар үйіне азық-түлік пен қаражат алған меңгеруші Бережненко қашып кетті. Бережненконы іздеу шаралары қабылданды» (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 158-іс. 239 п.).

Алынған телеграф хабарламаларына қарап, Ақтөбе мен Семей облыстарында іш сүзегі мен шешек эпидемиясы күшейе түскенін көруге болады. Мысалы, Торғай ауданында 800 адам шешекпен ауырып, оның 150-і қайтыс болған. Сондай-ақ Батпаққарада бірнеше адам іш сүзегімен ауырған. Оның үстіне, аштан өлу көбейе түскен. «Қазіргі уақытта Торғайға 1025 центнер астық бөлінді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Торғайдан Батпаққараға тифпен күресу үшін бір дәрігерді және шешекке қарсы вакцина егу үшін үш тыңдаушыны жіберді», делінген.

Семейде сүзек эпидемиясы кең етек алған: «Ауруханалар науқасқа толды, күн сайын сүзекпен ауырған 10-20 адам орын жоқтықтан қабылданбайды. Аймаққа санитарлық көмек берілмеген. Жергілікті ұйымдар шешімді шара қабылдамайды. Ақша, азық-түлік, медициналық персонал және дезинфекциялық жабдық қажет. Қалалық кеңес 700 орындық барак ашуды жоспарлап отыр. Дәл осындай жағдай Шыңғыстау, Павлодар және Қу аудандарында да орын алған» (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 158-іс. 216 п.).

1932 жылдың қыркүйек айында Көкшетаудағы балалар үйінде бір айда 170 бала қайтыс болғаны тіркелсе, Ақмола қаласында бір айда 90 баланың 30-ы аштан өлген. Қарағандыдағы балалар үйінде алғашқы он күндікте 100-ге дейін бала өлімі тіркелген. «Еңбекшілдер ауданында аудандық атқару комитетінің ғимаратын балалар үйі үшін босаттық, өйткені шамамен 400 бала өте қиын жағдайда. Оларды бос сарай мен киіз үйлерге орналастырған. Киіз үйде жатқан балалардың көбінің өкпесіне суық тиген. Сарайдағы балалар бір бөлмеде 15-20 адамнан, төсексіз, еденде – ауру бала мен сау бала аралас жатыр. Ақмола қаласында 300-ге жуық бала бір дәлізде ас ішеді, іші өткен науқас балалар да сол жерге жіберіледі. Көкшетауда балалар көшеде ұйықтайды, себебі бөлмелер жөнделмеген, әктелмеген. Түрлі паразит шектен тыс көбейіп, түнде ұйқы бермейді», деп көрсетілген (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 161-іс. 66-72 пп).

Алынған материалдарға қарағанда, 1932 жылдың жазында Қарағандыға қоныс аударушылар легі көп болған. 1 маусым мен 1 тамыз аралығында Қарағандыға жұмыс іздеп босып келгендер саны 6 558 адамға жеткен. Олардың көбі Баянауыл, Қарқаралы, Қу, Павлодар, Ақмола, Тельмановка және басқа аудандардан келген. Оның ішінде 605 адам Қарағандыда жұмысқа қабылданып, қалған 5300-ге жуық адам бұрынғы тұрғылықты жеріне кері қайтарылған. Босқындар арасында 608 бала Қарағанды мен басқа аудандардың балалар үйлеріне орналастырылған. «Севказстрой» мекемесі келген мигранттарды қабылдамай, олардың арасында ауру мен аштан өлу көбейген. Мұнда күніне 300-ден астам адам жұмыс іздеп келеді. 1 шілде мен 25 тамыз аралығында полиция босқындар арасынан аштан өлген 806 адамның мәйітін анықтаған. Марқұмдардың туған-туыстары өздері жерлеген адамдар бұл есепке кірмеген (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 161-іс. 91-93 пп).

1932 жылғы қарашада Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің құпия бөлімінің ақпаратында Шығыс Қазақстан облысының Қарқаралы ауданында іш сүзегі ауруының жедел көбейіп бара жатқаны айтылады. Мәселен, маусымда – 21, шілдеде – 45, тамызда – 46 адам іш сүзегімен тіркелсе, қыркүйекте 4 адамнан бөртпе сүзек шыққан. Сондай-ақ ветеринар мамандар, дәрі-дәрмек және тифпен күресу құралдары жетпейтіні көрсетілген. «Осыған орай денсаулық саласы басшылығынан көтерілген мәселе бойынша қабылдаған шаралар туралы хабарлауыңызды сұраймын»,  делінген мәліметте (ҚР ОМА. 30-қ. 8-т., 11-іс. 21 п).

1933 жылы 17 қаңтарда Ораз Жандосов орталық билік орындарына ақпар жолдаған: «8 қаңтарда мен Ново-Троицкде болдым (Шу ауданының орталығы – Р.О.). Шу арқылы Қырғызстанға өткендер – жаңаарқалықтар екенін анықтадым. Олар топ-тобымен жүрген. Нақты саны белгісіз. ОГПУ-дың аймақтық бөлімі қорытынды есебінде аймақ экономикасы күйреп құлдырағаны туралы айтқан, ал Ембаев жолдас Гуляевский ауданында адам етін жеу тіркелгенін хабарлайды. Ново-Троицкнің өзінде тәулігіне 10-12 мигранттың мәйітін жинап алады. Талас ауданының Үшарал және Байқадам учаскелерінде де азық-түлік тапшылығы күшті, мәселен, 5-10 қаңтар аралығында Әулиеатаға баратын Үшарал жолы бойынан 24 мәйіт табылды. Өлім деңгейі жоғары. Қаңтардың 5-6 күні болған аязда 84 адам қайтыс болды. Олардың 20-дан астамы – балалар. Байғұстар базардағы шайханалардың пештеріне тығылған. Желтоқсанның соңғы күндерінде де көп адам өлген. Өлім жаппай сипат алды. Күніне он шақты мәйіт жиналады. Балаларды ата-анасы суға тастаған оқиға да бар. Мұны куәгерлер ғана емес, ресми мекемелер де айтады. Төсенішке орап, сыммен байлап, электр стансасы маңындағы суға тастаған бір бала құтқарылды. Ол қазір қалалық ауруханада жатыр. Қаңғыбастық көбейді. Базардағы жүдеу адамдар сатушыларға шабуыл жасап, олардың тамағын тартып алады. Мигранттардың арасында жуырда бөртпе сүзек пен шешек аурулары тіркелген» (ҚР ОМА. 30-қ. 8-т., 12-іс. 120-125 пп).

1933 жылы 12 ақпанда келіп түскен мәлімет бойынша, Әулиеата қаласында ішкі босқыншылық салдарынан 10 мыңдай адам жиналып қалған. Оның ішінде Қазақстанның әр аймағынан келген 2 мың бала бар. Мигранттар арасында аштық пен эпидемиядан мыңнан астам өлім ресми тіркелді. Тек қаңтарда 251 адам, ал ақпанның 10 күнінде 713 адам қайтыс болды. Қарағанды облысында ішкі босу, негізінен, тамыз-желтоқсан айларында өтті. Сарысу ауданынан 5 мыңға жуық шаруа қожалығы – Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қырғызстан бағытына, Жаңаарқадан – 2195 шаруа қожалығы Қарағанды мен Ақмолаға, Айыртаудан 410 шаруа қожалығы – Орал облысына, Қызылтудан – 192 шаруа қожалығы Сібірге қарай қоныс аударды. Адам жеу фактілері Қызылту, Айыртау аудандары мен Қарағанды қаласында тіркелген.

Жаңаарқа ауданының 7-ші ауылында бір топ аш адам алдын ала жоспар құрып, ауылдық кеңес төрағасын өлтіріп, етін жемек болған. Қарағанды қаласы мен оның маңынан 15 қараша мен 1 ақпан аралығында 874 босқынның аштық пен суықтан өлген мәйіті шығарылды. Қалаларда эпидемия көбейген, әсіресе Петропавл мен Қарағанды қалаларында халықтың 80%-ына дейін ауырған. Желтоқсан-ақпан аралығында қалаларда 241 шешек, 737 сүзек, 38 іш ауруы тіркелсе, аймақтарда да 167 шешек, 803 сүзек, 703 іш ауруы анықталған (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 186-іс. 96-98, 197-168 пп).

1933 жылы Өзбекстанға аштық салдарынан босып барған қазақтардың тағдыры туралы Ермұхамедовтің орталыққа жолдаған хаттарында мынадай мәлімет бар: «Аштықтан босқан 500 отбасы Өзбекстанның Камир қаласына көшіп келді... Қазақтарға базардан азық-түлік сатып алуға тыйым салынды... Мұндай әрекетке шыдамаған қазақтар ауылдан-ауылға көшіп жүреді. Ауылда да қазақтарға жұмыс табылмайды... Сондықтан біз, Қазақстанның жұмысшылары, Өзбекстандағы қазақстандықтарды ажалдан құтқару үшін қонысқа жер беруді және ашыққандарға тиісті көмек көрсетуді, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруды сұраймыз». Мұндай мазмұндағы хаттар Қазақ Орталық атқару комитетіне де жолданған.

Ашыққан қазақтар аман қалуды ойлап, іліп алар дүние-мүлкін сатты. Қазақстанды тастап, Катты-Корезян, Кітап, Журебулак, Кызылтөбе, Кариш, Сталинобад, тіпті шығыс Ауғанстан шекарасына дейін босты. Олар 4-5 ірі қарасын қорғайтын жер таппай, бір жерден екінші жерге көшіп жүрді. Көпшілігі тонауға ұшырап, ұрыларға жем болды. Өзбекстанда орналасқан мыңдаған қазақ отбасының біразы сонда қайтыс болды. Ал қалғаны жұмыс таба алмай, қыстақтан қыстаққа көшіп жүрді. Жол бойы қазақты тонамаған басмашы қалмады. Осындай қылмыстық істердің көрінісін толық бейнелеу мүмкін емес (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 151-іс. 130-131 пп).

Ал қырғыз жеріне босып барған қазақтардың тағдыры мына мәліметте көрсетілген: Қырғыз АКСР прокурорының айтуынша, негізінен балалар құрбан болған. Көшпелі қазақтар арасында адам етін жеу оқиғалары жиілеген. 7 маусым күні Тоқмақ қаласының Фрунзе ауданындағы көшпелі қазақтарды тамақтандыратын жердің жанында 6 жасар қазақ қыздың мәйіті табылды. Оның ішек-қарны мен басы жерде жатыр, ал қалған денесі қазанға пісірілген. Тергеу кезінде ол қызды 3 ер адам мен 1 әйел пышақтап өлтіргені анықталды. Сол жерде тағы бір қыздың мәйіті табылды. Оны да сойып, пісіріп жеуге әзірлеп қойған. Жалпы, тамақтану пунктінің айналасынан адам сүйектері – төс, қабырға, жамбас жіліктер табылды. РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі 1933 жылғы 21 наурызда №246 шешім шығарып, қазақтарға көмек ретінде Қырғыз АССР-інен – 1 225 000 сом ақша бөлдірткен. Өкінішке қарай, бұл қаржы түспеген (ҚР ОМА. 30-қ. 7-т., 151-іс. 100 п).

Босқынға ұшырып, көршілес елдерге ауған қазақтарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, сол жердегі басқару орындарына хаттар түсірген Тұрар Рысқұловтың еңбегін ерекше атап өткен орынды.

Міне, 1931-1933 жылдары қазақ даласында орын алған алапат аштықты сипаттаған деректерді мүмкіндігінше сөйлетуге тырыстық. Бұл құжаттар Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің қорында сақтаулы.

 

Рашид ОРАЗОВ,

Шоқан Уәлиханов атындағы

тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері