Еліміздегі эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес Павлодар облысы 17 мамырдан бастап «сары аймақта». Өңірде 25 мамырдан бастап карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілді.
Осы шектеу шараларына орай облыстың бас санитар дәрігері Батырбек Әлиев жаңа №10 қаулыға қол қойды. Бұған дейін бір апта бойы эпидемиялық жағдай бақылауда болды. Яғни 17 – 25 мамыр аралығында ахуал тұрақты екенін көрсетіп, шектеу шараларын жеңілдетуге қатысты қаулы қабылданды.
– Облыста індет жұқтырушылардың саны азаюда. 10-16 мамыр аралығында 698 жағдай анықталса, қазір бұл көрсеткіш төмендеді. 24 мамыр күні 75 індет жұқтыру жағдайы тіркелді. Тәуліктік өсім 0,4 пайызды құрады, – деді Б.Әлиев.
Бұған дейін облыс аумағы індеттің таралуы бойынша «қызыл аймақта» болған кезде, бас санитарлық дәрігердің қаулысымен театрлар мен кинотеатрлардың жұмысына тыйым салынған-ды. Енді «сары аймақтағы» жаңа қаулы тәртібі бойынша көрермендерге мәдени орындарға баруға рұқсат берілді, бірақ залдың толымдылығы адам санының 20 пайызынан аспауы қажет. Сонымен бірге дәмханалар мен мейрамханалар қызметі бұған дейін жұмыс кестесі 9:00-ден 20:00-ге дейін болса, енді сағат 7:00-ден 24:00-ге дейін ұзартылып, адамдардың келуі 50 орыннан аспауы тиіс деп бекітілді. Демалыс күндері келушілерге сауда үйлері, спа-орталықтар, бассейндер, жабық базарлар ашық, ал сенбі күндері сауналарға баруға рұқсат етілді, моншалардың да жұмыс уақытынан шектеулер алынды. Ауданаралық жолаушылар автобусы мен шағын автобустар да шектеулерден кейін тасымалын бастады. Жергілікті тұрғындардың күннің ыстығында Баянауылға, Ертіс жағалауындағы туристік демалыс орындарына барғылары келетіні белгілі. Жаз мезгілінің демалыс уақыты екені ескеріліп, туристік орындарға санитарлық талаптарды қатаң түрде сақтай отырып, қызмет көрсетуге рұқсат берілді.
Осы уақытқа дейін облыста 22 900 адамнан індет жұқтыру анықталса, 21 092 тұрғын жазылып шыққан. Екпе жағдайына келсек, Спутник V алғашқы компонентін – 73 595, екінші дозаны 33 376 адам қабылдаған. Отандық вакцинаның бірінші компонентін – 1 008, екіншісін 811 тұрғын салдырса, Hayat-Vax екпесін 2 846 адам алған. Індеттен жазылып шыққан тұрғындар қосымша ем-шара қабылдай алады. Қазір өңірде індет жұқтырған 250-ге жуық науқас қосымша ем қабылдап, денсаулығын жақсартқан, «Бурабай» шипажайына да жолдама арқылы бара алады. Ем-шаралары Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тегін жүргізіледі. Өңірдегі барлық аурухана мен емханада тәулік бойы қызмет көрсететін стационарларда 1 299 адам оңалту шараларына барып, денсаулығын жақсартқан. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің айтуынша, өңірде індетке қарсы инфекциялық ауруханалардың жүктемесі 37 пайызды, жансақтау бөлімдеріндегі орындардың жүктемесі 18 пайызды құрайды.
– Қазір 37 науқас жансақтау бөлімінде, 14-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Науқастар өзін-өзі емдеумен уақыт өткізіп алған. Сондықтан тұрғындар денсаулықтарына қарап, уақтылы емханаға келулері қажет, – деді А.Сейітқазинов.
Сонымен қатар облыста коронавирус жұқтырған 62 бала бақылауға алынса, 23 бала ауруханада емделуде. Қазір Ақтоғай, Успен, Железин, Май, Шарбақты, Аққулы аудандары мен Ақсу, Екібастұз қалалары «қызыл аймақта».
Павлодар облысы