Шарын шатқалында лай-сел көшкіні жүретіндігі туралы неліктен алдын ала ескерту жасалмады? Бұл сұраққа ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Шарын шатқалы және оның сай-саласы сел жүру қаупі бар аймақ екендігін түсінуге тиіспіз. Сол ауданда ТЖМ-ға қарасты «Қазселденқорғау» мекемесінің бөлімшесі жоқ. Осы күндердің ішінде Қазгидрометтен Алматы қаласы және Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменттеріне қандай да бір сел жүретіндігі туралы дауылды ескерту болған емес», деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, нөсер жауынның салдарынан лайлы сел жүрген. Сонымен қатар ол Шарын шатқалы аумағындағы ұялы байланыстың нашарлығына қатысты сауалға жауап берді.
«Ұялы байланысқа қатысты айтар болсам, бізде таулы жерлерде байланыс бола бермейді. Мұны біз түсінуге тиіспіз. Туристердің міндетті сақтандыру туралы заңға сәйкес, туристік оператор жұмыс жасауы керек», деді Бауыржан Сыздықов.