Атырау қаласындағы көлік жолын кеңейтуді қолға алған «АтырауИнжСтрой» ЖШС теректерді тамырымен көшірді. Өйткені кеңейтілетін жол бойындағы теректер жобаланған жұмысты атқаруға кедергі келтіріпті, деп хабарлайды Egemen.kz.
– Жобаға сәйкес, теректер кесілуі тиіс еді. Бірақ тапсырыс беруші мен мердігер компанияның бірлескен ұйғарымымен өзгеше шешім қабылданды. Бұл – теректерді басқа орынға ауыстырып, сақтап қалу, – дейді серіктестік директорының орынбасары Орынбай Ғаббасов.
Осылайша ауқымды жұмыс басталғанға дейін көпжылғы 30-дан астам терек «Мұнайшы» стадионы маңындағы аллеяға көшірілді. Енді қаланы көгалдандырумен айналысатын «КДМС» компаниясының мамандары «қоныс аударған» теректерге үнемі бақылау жүргізгелі отыр.
– Теректер де тіршілік иесі секілді жаңа орынға бейімделгенге дейін «ауырады». Алайда, тыңайтқыштар мен тұрақты суару теректердің тамыр жаюына көмектеседі. Бір айда теректердің тамыр жайғаны немесе өліп қалғаны белгілі болады, – деді О.Ғаббасов.
Атырау облысы