Айырма
Тәуелсіздік жылдарының басында республика парламентінде тілші болып істеп жүрген белгілі журналист Марат Тоқашбаев пен ақын Ғафу Қайырбеков көшеде әңгімелесіп келе жатады.
− Шүкіршілік, қазақ депутаттары да қазір сөз сөйлеуді үйреніп келеді, − дейді Марат. − Сөйлей-сөйлей шешен боларсың дегендей, осылардың арасынан билер де шығар деген үміттеміз.
Сонда Ғафағаң:
− Маратжан, сен бір нәрсені ескермей келесің... Бүгінгі депутат пен кешегі бидің айырмасы, керісінше, аз сөйлеуде болып тұр ғой! − депті.
Бата
1956 жылы ақын Қайнекей Жармағамбетов белгілі бір себептермен партиялық сөгіс алып қалады. Арада біраз уақыт өтіп, бірде қалбалақтап асығып көшеде келе жатса, алдынан ақын Мұзафар Әлімбаев кездесе кетеді.
− Қайда асығып барасың? − дейді Мұзағаң. − Ойбай, атама... Баяғыдағы сөгісімді алдырайын деп обкомға безектеп бара жатырмын, − дейді Қайнекей.
− Ондай болса , қалтаңда ақшаң бар ма, бата берейін? – дейді Мұзағаң.
− Бар! − деп Қайнекей балаша қуанып кетіп, он сомдықты ұсына береді.
Сонда Мұзағаң қолын жайып, көшенің дәл ортасына тізерлеп отыра қалыпты да, сөгіс алған досына былай деп бата беріпті:
− Бердім саған батамды,
Кешірсін обком қатаңды.
Қатыныңды жылатып,
Пәмиләңді шулатып,
Көтере берме көрінен,
Кәрі аруақ атаңды,
Әумин!
Қолтаңба
Наурыз мейрамы кезі екен, соған орай Алматының бір алаңында ұлан-асыр той болып, кітап жәрмеңкесі өтіп жатады. Жәрмеңкеге бір топ ақын-жазушы шақырылып, оқырмандар олардан қолтаңба алумен болады. Дөңгелек жүзді аққұба бір жігіттің кімнен қолтаңба аларын білмей қысылып, ұзын үстелдің бірде арғы шетіне, бірде бергі шетіне шығып, именіп батпай жүргенін ақын Мұзафар Әлімбаев байқап қалады.
− Әй, балам, бері кел! − дейді Мұзағаң.
− Атың кім?
– Қабай.
– Дабай!
Солай дейді де, әлгі жігітке мынадай қолтаңба жазып беріпті:
«Ұсындым кітап Қабайға,
Бізді де оқып абайла.
Көңілімізді бермейміз,
Өзге түгіл − Абайға».
Әлібек АСҚАР
Нұр-Сұлтан
Шұлық
Ілдебай кіреберістегі қызметші қызы:
– Сізге Пықып Асабас деген біреу кірмей кетпеймін деп отыр, – дегенде, бүйрегі бүлк ете қалды. Пықып – аталас та тетелес інісі. Шайпау, мінезі тік, тек төтесінен тартады. Марқұм әкесі бұның есейіп ержетуі ғана емес, біле білсе, осы лауазымды қызметтің «қызыл кірпішін» қалап берген сол кісі. Баласының жолы болмай жүнжіп жүретінін білетін. Неде болса, қолдан келсе көмектескенді парыз санап қабыл алды.
Аман-есендікті келте қайырып, інісіне:
– Қалың қалай? – деп ресми түрде төтесінен тартып еді:
– Тесік шұлық киіп жүрмін!.. – деп ол да төтесінен дүңк еткізді.
Ілдебай бір ауыз сөзбен бедірейіп отырған інісіне сәл-пәл ақылын айтқан болып еді:
– Берсе қолынан, бермесе жолынан... Ақша мен биліктің заманы, қол жетсе, ұрыста тұрыс жоқ! – деп күжірейе күңк етіп көсемсіген соң:
– Бір қызметке қояйын, байқарсың, – деп шығарып салды.
Інісі келесі келгенде де:
– Қалың қалай? – деп сұрағын келте қайырып еді:
– Шұлығым бүтінделді, ескі көлікпен тепеңдеп жүріп жатқан жайым бар... – деп қана жауап қатты.
Оған байқау керектігін, пәле аяқасты екендігін ескертіп, онысына: «Заманына қарай адамы», «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген мәндегі тіркестерді естіп: «Пәле қайда деме, аяқасты» деген болып, тағы бір бүрі бар қызметті бұйыртты.
Інісі келмей кетеді, келсе тегін келмейтінін білетін басы, бұл бас сұғуында:
– Е, қалың нешік? – деп сұрағындағы сөзді өзгерткен болды.
– Көлігіме көңілім толады. Тек тар үйден тынысым тарылып жүргені... – деп, бұрынғы бұқа мінез жоқ, айтарына сәл-пәл «қан жүгіріп» жуасығандай.
Ілдекең іштей мұнысына шүкірлік етіп, көздеп жүрген белді қызметін белден басып берді де жіберді.
Жоғалып кетіп, келесі келгенінде:
– Қалайсың? – деп сынай қарады.
– Үйді үлкейткенмін, келініңіз риза! Тек пәлекеттің айтары біте ме, жер алып ел сияқты саяжайда тұрғанға не жетсін дейді, – деп күмілжіген болды.
Қолдан келері қызмет, тағы да беделді салып, белден басуға тура келді.
Содан, інісі ізім-қайым, бетін аулақ... енді-енді іздеу салайын деп жүргенінде, өзі емес, келін келіп отыр.
Бірден:
– Інім қалай? – деп еді, күмілжи парақ қағазды алдына қойды. Көз жүгіртіп еді: «Түрмедемін... шұлық тоқып жүрмін... тоқып бастап, жақында шұлық цехының шеберіне көтерілдім. Көке, көмектесіңіз, адал еңбектің не екенін ұқтым. Шыққан бойда бар кәсіпті тәрк етіп, тек шұлық тоқумен айналысамын», деп келте қайырыпты.
Берік САДЫР,
Нұр-Сұлтан
«Алыстан» оқуға алаңдау
Әдіс көп екен әр талай,
Батыста бұлар бар талай...
Дайындықсыз ал бізде,
Ақыры мұның әрқалай...
«Жаңалық» іске таң талай,
Сауалдар көп сан талай...
«Көксандықтан» берілген,
Бола ма білім, қалқам-ай?!
Белгілеп бір сағатты,
Сыныпта ұстаз сабақты,
Беруші еді шаршамай...
Отырып сабақ оқуға,
Білімді бойға тоқуға,
Бола ма диван партадай?!
Жемқордың жөн ұққаны!
Жемқорлық індет шыққалы,
Болды бұл да жұқпалы...
қауіпті боп тұр қоғамға,
Қаржыға қол сұққаны...
Тінтігенмен солардың,
«Табылмай» қойды тыққаны.
Арасында баршылық,
Шетел асып ыққаны...
Мырғай болып әлі жоқ,
«Мүйізінің» шыққаны.
Жалпы жұртпен ойнамай,
Жеке басын ойламай,
Алтын тойын тойламай,
Халықтың да жағдайын,
Жемқордың жөн ұққаны!
Әй, бірақ...
Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ,
Қызылорда
Әзіл-әжуа «аң-құс» ауылында
Бір бай жігіт алтын балық ұстап алады да:
– Менің төрт әйелім бар. Бір-бірімен сыйыспайды, соларды бір жөнге келтіріп берсең... – дейді.
– Ол қиын нәрсе екен, басқа өтініш айтшы.
– Жарайды, үлестегі үйімді алып беріп, несиелерімді жауып берші.
– Одан да әйелдеріңді татуластыра салайыншы...
* * *
Бір жігіт аңға шығып, көңілсіз оралады. Одан көршісі сұрап тұр:
– Түрің бұзылып кетіпті ғой?
– Қабан аулаймыз деп орманға барғанбыз. Бірақ күні бойы жүріп, ізіне де түсе алмадық. Сосын оқтың бәрін әрі атып, бері атып, құртып тастаған кезде үлкен екі қабан қасымызға келе қалмасы бар ма!
– Сосын?
– Сосын қаштық...
* * *
Әріптестер әңгімесінен:
– Мен балыққа баламды да ертіп барып жүрмін.
– Ол да іше ме?
Деген екен
Кішкентай сайтанға әкесі түсіндіріп отыр:
– Балам, анау жайылып жүргенді жылқы дейді. Мінсең – тұлпар, жесең – ас.
– Ал анау ше?
– Ол – сиыр. Ішсең – сүт, жесең – ет.
– Ал анау екі аяқты ше?
– Оған мүлде жолаушы болма. Олар адамдар: ішеді, жейді, бәрін бүлдіреді... Содан соң «сайтан түртті» деп бәрін бізге жаба салады.
* * *
Бір жас бала мен кейуана автобуста қатар отырып қалады. Бала әжейдің бетіне қарап отырып, үздіксіз сағыз шайнаумен болады. Бір кезде әжей жас балаға еңкейіңкіреп:
– Өзің жас та болсаң, ақжарқын, әңгімешіл бала көрінесің. Бірақ, өкінішке қарай, менің екі құлағым да естімейді, – деген екен.
* * *
Нағашы мен жиен жиенінің үйіне тоңазытқыш алып келе жатады. Жиені 15-ші қабатта тұрады екен. Нағашысы тоңазытқыштың ауыр жағын көтеріп келе жатса керек, шаршап кетіп:
– Жиен, демалып алайық. Айтпақшы, қай қабатқа келдік? – деп сұрайды.
Сонда жиені:
– Екі жаңалығым бар, бірі жақсы, бірі жаман... Қайсысынан бастайын?
– Жақсысынан басташы.
– Жақсысы – 13-ші қабатқа келдік.
– Жаманы ше?
– Біз басқа подъезге кіріп кетіппіз...
* * *
Әйелі күйеуіне:
– 500 теңге берем, қызыңды балабақшаға өзің апара салшы!
– Қойшы, ерініп тұрмын.
Қызы:
– Әкел, мың теңге – өзім барамын!