• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Спорт 01 Маусым, 2021

Олимпиаданың атасы

507 рет
көрсетілді

Төрт жылда бір дүркін өтетін жазғы Олимпия ойындары – әлемдік деңгейдегі ең ірі спорттық іс-шара. Мұндай дүбірлі дода кезекті рет былтыр (2020) Токио қаласында ұйымдастырылуы тиіс болатын. Әлемді жайлаған пандемиялық ахуалға байланысты бұл шара биыл, яғни шілде айының 24-і мен тамыз айының 9-ы аралығында өтетін болды. 

Осы орайда айтпағымыз, көп­теген зерттеуші Олимпия ойын­дарының басталу тарихы біздің заманымыздан бұрынғы 776 жыл­ға тән дейді. Бірақ біздің зама­ны­мыздың 393 жылы Рим би­леу­шісі І Теодосиус төрт жылда бір дүр­кін өткізілетін спорт ойындарын уақыт оздырып, адамдарды ал­да­ғаны және түкке де қажетсіз деп танып, тыйым салғаны жайлы нақты деректі білеміз. Бұл оқиғадан кейін ұзық жылдар бойы, нақтырақ айтқанда ХІХ ғасыр басталғанға дейін Олимпиада өткен жоқ.

Одан кейін әлемдік дүбірлі доданы қайта тірілтіп өмірге әкелген адам – Пьер де Кубертен. Ол 1863 жылы Францияда туған. Жеті жасқа толған 1870 жылы фран­цуз-неміс соғысы басталып кетіп, соғыстың не екенін қар­ша­­дай күнінен сезіп өскен жі­гіт мем­­лекеттер соғыспай-ақ бір-бірі­­нің күш-қуатын сайыс­ты­руға неге болмасын деп ой тү­йе­ді. Сөй­­­тіп, бұл мақсатын іске асы­ру­­ға кі­ріседі. Осы жолда көп­те­ген қиын­­дық­қа да тап бола­ды. Өзін­ің туа-бітті қайтпас қайсар­лы­ғы­­ның ар­қасында алған бетінен қайтпайды.

Көп жылғы еңбегінің нәти­же­сінде 1894 жылдың маусым айында Париж қаласында халық­аралық үлкен конференция ұйым­дастырып, алғашқы Олим­пия ойын­дарын өткізу жайлы бір ше­шімге келеді. Тоғыз елден 70-ке тарта өкіл қатысқан атал­ған жиында Халықаралық Олим­пиада комитетінің жарғысы, лауа­зымдық дәрежелер, әнұраны, эм­б­ле­­масы, т.б. мәселелер күн тәр­ті­біне қойылып, талқыға түседі.

Басқосудың соңғы күні ал­ғашқы Олимпия ойындарын қайда өткізу жайлы өкілдер пікірі тыңдалып, ортақ келісім бойын­ша тарихта тұңғыш рет Олим­пиаданы өткізуге Афина қаласы таңдалады.

Бірақ қаржы-қаражат жайын ше­шу тығырыққа тіреледі. Оның сыр­­тында жарысқа қатысушы спорт­­шылардың орын-жайы, ішер та­ма­ғы, спорттық құрал-жабды­ғын сайлап, сақадай сай ету ісі тұрды.

Әрине, мұның бәрі бастамашы Кубертен мырзаның иығы­на артылады. Бірақ алғашқы Олим­пиада ойдағыдай өтіп, 20 жыл ұйқы-күлкі көрмей еңбектен­ген Кубертеннің маңдай тері ақталады.

Осылай Пьер де Кубертен жаңа заман Олимпиадасының негі­зін қа­лаушы ретінде тарихта қал­ды. Онымен қатар жү­ріп, барлық ша­руаның ыстық-суығы­на бірге күй­ген досы Демет­риус Векеласты да ұмыт қалды­руға хақымыз жоқ. Бұл адам Кубер­тенге қаржы-қа­ражат жағы­нан көп көмектескен көрі­неді. Өйткені Векелас – биз­нес саласында аты шыққан әрі жазушы ретінде де танымал тұл­ға. Осындай зор беделінің ар­қа­сында тұңғыш Халықаралық Олим­пиада комитетіне басшы болып сайланған.