• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Маусым, 2021

Сәтті сұхбат, құнды фото

778 рет
көрсетілді

Ақ-қара түсті фотоның уақыт өткен сайын құны арта түседі. Басқасын айтпағанда, отбасылық альбомдағы сарғайған ескі суреттерді көздің қа­рашығындай сақтайсың. Парақтап отырып, сағымданған сол заманға барып қайтқандай әсерде боласың.

Әнеугүні отставкадағы полковник Дәу­лет Кәсенов жазушы Қалихан Ысқақтың бұрын-соңды жарыққа шыға қоймаған фотосын көрсеткен. Өзінің жеке қорында сақтап келген екен. Суретте әдебиеттің қара нары Қалихан Ысқақ туған ауылы Топқайыңның өр жағында журналиске сұхбат беріп отыр. Арғы жағындағы Қоңқай тауы да көзге оттай басылды.

– 1992 жылы Топқайыңда түсірілген фото. Үйдегі ескі альбомдардың арасында жат­қан. Сұхбат алып отырған тележурналист Саниязбек Нұғыманов, – деді жаны руханиятқа жақын Д.Кәсенов.

Интернет дәуірі емес пе, жазушы мен журналистің осыдан отыз жылдай бұрын тү­сірілген ақ-қара фотосын әлеуметтік же­ліге жүктей қойғанмын. Сәлден соң Қалихан Ысқақтан сол заманда сұхбат алып отырған тележурналист Саниязбек Нұғыманов хабарласты:

– Осы фотоны іздеп таппай қойып едім, қайдан тауып алдың? – деді балаша қуанып. – Ол кездегі сұхбат басқаша бол­ды-ау деймін... Есімде қалғаны: «Аға, дема­лысыңызда неге шетелдің тамашасын көрмедіңіз?» дегеніме: «Әй бауырым-ай, әр кімнің туған жері – Мысыр шаhaры емес пе?! Ал Катон мен үшін жер бетіндегі – жұмақ», деген еді. Эфирге шыққанда, сырлы сұхбат болған секілді еді. Одан бері отыз жыл өтті. Ұмы­тып та қалыппын, – деді ардагер тележурналист Саниязбек Нұғыманов.

Айтуынша, сол жолы ардагер журналист Катонқарағайда бұғы шаруашылығынан да репортаж жасаған екен. Жол-жөнекей Топқайыңға бұрылып, Қалихан Ысқақпен әңгімелесіпті. Қайта оралмайтын сол бір сәтті операторы фотоға тартып алған. «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» деген осы шығар.

 

Шығыс Қазақстан облысы