Мемлекеттен ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алғандар оны 5 жылдан кейін басқа адамға бере алады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл норма жер туралы заңның жобасында қарастырылған. Мәжіліс депутаты Берік Оспановтың айтуынша, бұған дейін қазақстандықтарда мұндай құқық болған жоқ. Шетелдіктер немесе олардың қатысуымен ашылған кәсіпорындарға жер телімдерін жалға алуға қатаң тыйым салынған. Егер мұндай жағдайлар анықталса, мемлекет кері қайтарып алады. Жалға алушылар туралы толық ақпарат арнайы базаға жинақталады. Жауапты органдар үнемі тексеріс өткізіп, заң бұзушылықтарды анықтайды.
Бұрын осы мәселемен жергілікті атқарушы органдар айналысса, енді ол Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырында. Жаңа құжатта мал жайылымдарына қатысты өзгерістер де бар. Енді мемлекет қажет болған жағдайда жерді иесінен сатып алуға құқылы. Ал, шаруа жайылымды жалға алып отырса, үкімет оған аумағы сәйкес келетін тура сондай жер тауып беруі тиіс. Заң жобасына сәйкес ауыл шаруашылығы жерлерінде өнеркәсіптік нысандар салуға тыйым салынған. Оны қолдану мақсатын да өзгертуге болмайды.
Қазір елімізде шамамен 100 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері бар.
«Егер сіз жер пайдалану құқығының иесі болсаңыз, жаңадан жер алдыңыз, құқықты біреуге өткізу үшін өзіңіз оны 5 жыл пайдалануыңыз керек. Содан кейін ғана оны басқа біреуге өткізе аласыз. Мысалы, сіз бүгін оны аласыз, ертең сатып жіберемін дейсіз. Осы жерде спекулятивтік жағдайларда толық тоқтату үшін 5 жыл игермесеңіз жер пайдалану құқығынан айырыласыз», деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Оспанов.