Қазақстан Республикасында халық санағын өткізу жөніндегі арнайы комиссияның кезекті отырысы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өтті.
1 маусымда аймақтарда тұрғындар мен тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайларын жаңарту және оларда тұратын тұрғындарды нақтылау мақсатында сұхбат берушілер елді мекендерді аралауды бастады.
Халық санағына дайындыққа шамамен 6,5 мың адам тарту жоспарлануда.
Толық санақ құрамы Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстарында жасақталған. Бұған қоса, бұл аймақтарда індетке қарсы екпе алған сұхбат берушілердің пайызы жоғары.
Кездесу қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов бірқатар нақты тапсырма берді. Облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктері және Ұлттық статистика бюросы, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, жұмыссыз халықты, ерікті ұйымдарды, студенттерді екпе алғаннан соң, сұхбаттасушы ретінде тарту бойынша жұмысты күшейтуі тиіс.
Полиция департаменттерімен бірге облыстық әкімдіктер халық санағы кезінде санақ қызметкерлерінің қауіпсіздігін жергілікті деңгейде қамтамасыз етуі, сондай-ақ теріс пиғылды адамдардың алаяқтық әрекеттеріне жол бермеуі керек.
Сондай-ақ Ә.Смайылов санақ науқаны аяқталғанға дейін елді мекендердің құрамдас бөліктеріне (даңғылдар, көшелер, аллеялар және т.б.) жаңа атау беру туралы мораторийді сақтауды тапсырды.
Халық санағы кезінде алынған жеке мәліметтер құпия болады және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қорғалады.
«Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шешімдердің тиімділігі алынған мәліметтерге байланысты болады. Санақ нәтижелері мектеп, балабақша, емханаларды салу бойынша бюджетті жоспарлауға және еліміздің әрбір әкімшілік-аумағында халыққа көлік қызметін ұсыну үшін қажет. Санақ деректері әлеуметтік саладағы, білім берудегі, денсаулық сақтаудағы, тұрғын үй құрылысындағы және жұмыс орындарын құрудағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда маңызды. Сондықтан бұл шараның маңыздылығын ескере келе, біз бұл науқанды сапалы өткізуіміз керек», деді Ә.Смайылов.