Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылында жаңа зауыттың іргетасы қаланды. Шетелдік технологиямен жабдықталатын зауытта айына 18 мыңнан астам су есептегіш құралдарын шығару көзделіп отыр.
– Қазіргідей күрделі кезеңде жұмыс орны мен өндіріс ошағын ашудың маңызы зор. Су есептегіш құралдарын шығаратын зауыт – Махамбет ауданында бой түзейтін алғашқы өндіріс орны. Экономикаға пайдасы тиетін осындай жобаларды көбейту алдағы уақытта да жалғасады, – дейді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Жаңа зауытта 80 адам жұмыспен қамтылады. Оның 60-тан астамы – жергілікті тұрғын. Солардың қатарында Сарытоғай ауылының тұрғыны Азамат Сұлташев та бар. Ол бұған дейін Теңіз кенішінде жұмыс істепті. Енді өзі тұратын ауылда отандық өнім шығаратын зауыттың ашылатынын естіп, осында ауысыпты. Мұнда онымен бірге ауылдастары да жұмыс істейді. Бәрі арнайы оқу курсынан өтіп, ерекше зауыттың алғашқы қызметкері болғанына қуанып жүр.
Ал Guryev ЖШС-нің директоры Жеңіс Бекбасаровтың айтуынша, бұл – Қазақстандағы отандық су есептегіш құралдарын шығаратын алғашқы зауыт. Қажетті шикізаттың барлығы ел ішінен әкелінеді. Әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз. Алғашқыда зауыт өз өнімімен кәсіпорындарының сұранысын қамтамасыз етеді. Кейін республиканың өзге өңірлерінен түсетін тапсырысты орындау жоспарланыпты.
– Елімізге су есептегіш құралдары шетелден жеткізіледі. Сондай-ақ шетелден әкелінген бөлшектері құрастырылады. Сондықтан бұл зауыт еліміз үшін өте пайдалы өндіріс орны болатынына сенеміз. Бастапқыда зауытта механикалық есептегіш құралдар, кейін электронды түрлері шығарылады. Мұның тиімділігі – құрылғының ай сайын тұтынылатын су мөлшерін автоматты түрде есептеу. Осы орайда, мұны елімізде қолға алынған ақпарат тасымалдау жүйелерін цифрландыруға септігі тиетін ерекше жоба деуге болады, – дейді Жеңіс Бекбасаров.
Зауыт құрылысын бастаған серіктестік басшылары екі компаниямен меморандумға қол қойды. Ал зауыт құрылысы осы жылдың қыркүйек айында аяқталып, өндірістік жұмысын бастамақ.