• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Маусым, 2021

Ұлт рухын асқақтатқан

685 рет
көрсетілді

Азаттықтың айбарын асырып, егемендіктің еңсесін тіктеп тұрған қасиетті үштағанымыз бар. Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Гимн. Ұлт болып ұмтылған Мәңгілік Елдің, тәу етер тәуелсіздігіміздің мәңгі өшпес рәміздері осылар. Қилы заманда басы бірікпей, бостандығынан айырылып, жүздеген жыл бодандықтың бұғауынан босамай кеткен бабалар арманы, аналардың ақ тілегі – азаттық еді. Өткен ғасырдың соңында өзегі талып, өз еркіндігіне жеткен халқымыздың басты бақыты осы үш рәмізден айқын көрініс тауып тұр.

Алайда осыны бәріміз бірдей түсіне де, түйсіне де қоймағанымыз анық. Себебі кейде көшеде, қоғамдық көлікте келе жатып, табан астында жалтырап жатқан монетаға көз түседі. Әдетте соны иіліп көтеруге иліге алмай жатамыз. Әсіресе 1 не болмаса 5 теңгелік монетаны таптатпауға табан­ды­лығымыз жетпей қалады. Ол-ол ма, қалта­мыздың тесігінен түсіп, һәм абайсыз аш­қанда әмиянымыздан сыңғырлап төгіліп жатса да қолымызды бір сілтеп, құтылуға асығатындарымыз да бар. Сатушының алдына уыстап тастай салып, «тиын көбейіп кетті» дейміз. Әрине, қағаз ақшадан құты­луға асықпайтынымыз, аяқастында жатса ай­на­лып өтпейтініміз анық. Сонда біз әлгі ақша мен монетаның құнына ғана мән бере­тін болып тұрмыз ғой. «Монетаның екі жағы барын» ескермейтініміз неліктен? 1 тең­гелік монетаның сыртында не бейнеленген? Елтаңба! Елдігіміз бен еркіндігіміздің, бостандығымыздың белгісіне айналған Елтаңба. Асыл сүйек арғы аталарымыз көре алмай арманда кеткен Елтаңба! Табан астында тапталып жатқан монетаны көргенде осыны неге ойға алмасқа?!

Жалғыз Елтаңба ғана емес, өз алдына тәуелсіз ел екенімізді әлемге әйгілеп тұрған Ту мен Гимні­міз тағы бар. Себебі ел­таң­басы, туы, гимні жоқ егемен ел болмайды. Бір кездері, Азат­тықтың сібірлеп атқан ақ таңында бодандықтан босап, бос­­тан­дыққа ұмтылған жас мем­­­ле­кеттің жарқын бейнесін, өт­кені мен келешегін осы Мем­л­е­­кет­тік рәміздер айқындап шы­­ға келіп еді. Есте жоқ ескі за­­­ман­дардың таңбалы тарихынан тамыр тартқан ел екенімізге осы қастерлі нышандар дәлел. Бұл туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев бір сөзінде «Мемлекеттік рәміз­дер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің еге­мен­дігіміздің берік негізінің бірі. Олар тәуел­сіздіктің қасиетті біріктіруші образын біл­діреді», деген болатын.

Иә, осыдан тұп-тура 29 жыл бұ­рын Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев «Қазақстан Республикасының Мем­л­екеттік туы туралы», «Қа­зақ­стан Республикасының Мем­­лекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы Мемлекеттік әнұраны­ның музыкалық редакциясы туралы» заңдарға қол қойған еді. Содан бері үш онжылдыққа жуық уақыт өтіпті. Кейін 2007 жыл­­ғы 4 маусымда «Қазақ­стан Республикасының Мем­ле­­кет­­тік рәміздері туралы» заң қа­был­данды. Міне, содан бері 4 маусым Қазақстанда Мем­лекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленіп келеді.

Әлбетте, елдік пен ерліктің, бірлік пен ынтымақтың жарқын бейнесіне айналған Мемлекеттік рәміздеріміз жоқтан пайда бола салмағаны анық. Олардың да өз тарихы мен авторлары бар. Егемендіктің үш ерекше белгі­сін айқындап алу мақсатында 1992 жылы Жоғарғы Кеңес Төралқасы арнайы жұмыс тобын құрып, шығармашылық комиссия тағайындалған. Оның құрамына елге танымал қоғам қайраткерлері, білімді де білікті мамандар енгізілген.

Ең бастысы, өздеріне тапсы­рылған тарихи міндетті аға буын абыроймен ат­қарды. Мемлекет­тік рәміздердің үлгісі­не қатыс­ты ел көлемінде жариялан­ған конкурстың ауқымы тым кең еді. Өткен күндердің өшпес де­ре­гіне сенсек, сол байқауға орай қабылдау комиссиясына Елтаңбаның – 245, Гимннің – 750, Тудың 1 200 нұсқасы келіп түсіпті. Таңдау оңай болмағанын осы сандардың өзі-ақ аңғартып тұр. Жалпы саны 2195 үлгінің арасынан ұлттың ұстынына, жас мемлекеттің келешек келбетіне айналатын небәрі үш-ақ нұсқаны тап басып таңдауға қаншама күш-жігер жұмсалды десеңізші!

Сол байқаудың ел жұртшы­лы­ғы тағат­сыздана күткен нәти­жесі бүгінде бар­шаға аян. Ортақ тоқтамға келген комис­сия мүшелері Қазақстанның ең­бек сіңір­ген қайраткері Шәкен Нияз­бековтің нұсқасын құп көріп, ол ұсын­ған үлгі Мем­лекеттік Ту болып бекітілді. Елтаңба бо­йын­ша белгілі сәулетшілер Жан­дарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың туындылары көптің көңілінен шықты. Қазақ­­станның Мемлекеттік Туы мен Мем­лекеттік Елтаңбасының эта­лон­дары ел Президентінің Рези­д­енциясында сақталып келеді.

Азат елдің алғашқы Гимні әуел­­де әйгілі ком­позиторларымыз Мұқан Төле­баев, Евгений Бру­силовский және Латиф Ха­ми­дидің әуені мен атақ­ты ақын­дарымыз Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаеваның мәтініне жазылған еді. Кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2006 жылы 6 қаңтарда Парла­мент халқымызға кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әнін жаңа Гимн ретінде бекітті. Бү­гін қолымызды жүрек тұсына қо­йып шырқап жүрген бұл Гимн 2006 жылы 11 қаңтарда Тұңғыш Президентіміз­дің салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалған болатын. Әннің авторы – Шәмші Қалдаяқов. Мәтінін жазғандар – Жұмекен Нәжімеденов, Нұр­сұлтан Назарбаев.

Осы үш қасиетті рәмізімізді бү­гінде Қазақстан халқы ғана емес, Мемлекеттік Туымыз жел­біреп, Мемлекеттік Гимніміз шыр­қалған, Мемлекеттік Елтаң­бамыз қастерленген іс-шаралар, халықаралық спорттық жарыстар арқылы дүниежүзі таниды десек, артық айтпаспыз. Мәселен, күні кеше бокстан Азия чемпио­натында Қазақстанның қыз­дар құра­масы сегіз бірдей алтын ме­дальды қанжығалап қана қой­май, көк байрағымызды се­гіз мәр­те көкке көтертіп, ән­ұра­­­ны­­мыз­ды да сегіз мәрте әуеле­те шыр­қатты. Мемлекеттік рәміз­дері­міз осылайша әлем жұртшы­лығы­на кеңінен танылып, тәуел­сіз Қазақ елінің абырой-даңқы асып тұр.

Өткен жылы осы қастерлі күн қар­саңында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт То­қаев Twitter-дегі жеке парақ­ша­­сында «Елтаңба, Ту, Әнұран – тәуел­­сіздігіміздің басты құн­ды­­лықтары­ның көрінісі, бейбіт­шілікт­ің, бірлік пен келі­сімнің, өсіп-өркендеудің белгісі. Біз хал­қымыздың мүддесін қорғай­тын күш­ті, беделді мемлекет құру жолында биік белестерге бірге жете­міз», деп жазды. Әрине осы қасиетті рәміздерімізді Құран­дай қастерлеумен қатар, көзіміздің қара­шығындай қорғай да білуіміз керек. Оның да өз жөні мен заңды жолы бар.

Дейтұрғанмен, рәміздерімізді құр­меттеу кезінде білместікпен жаңсақ басып жататын сәттеріміз де бар. Мәсе­лен, бірер жыл бұрын Туымызды бал­конға ілемін деп сынға қалған отандастарымыз болып еді. Осыны назарға алған ел Президенті «Парламенттің бір­қатар де­путаты мен патриот азаматтардың елі­міздің Мем­­лекеттік рәміздерін, атап айт­­қанда, Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Мемл­екеттік Туын кеңінен қолдану туралы ұсы­ны­сын қолдаймын. Қолда­ныс­тағы заңнамада Туымызды пай­да­лану­ға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пә­тер­­лердің бал­ко­нына немесе үйлердің қабыр­­ғ­а­сына Ту ілуге тыйым са­лын­ған. Заң­на­малық және нор­ма­тивтік актілерді, ең ал­ды­мен, Мемлекеттік рәміздерді пай­­­да­лану қағидаларын қайта қарау қажет», деп осы маңызды мәсе­леге назар аударған болатын.

«Көш жүре түзеледі» деген осы. Мем­лекеттік рәміздерді қастерлеу мәде­ниеті де осылайша қалыптасып, дамып келеді. Ең бастысы – Мәңгілік Ел болу мұратын көздеген халқымыздың рухын асқақтатып тұрған Елтаң­бамыз әрдайым жұлдыздай жар­қырап, Туымыз сан биікте жанар­ларды жаулай желбіреп, Гимні­міз талай алқалы жиын мен әлем­дік додаларда әуелете шыр­қала бергей!