• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 04 Маусым, 2021

Жемісті жобалар жалғаса береді

260 рет
көрсетілді

Пандемияға қарамастан, өңдеу өнеркәсібі өсу қарқынын жоғалтқан жоқ. Бұл туралы онлайн режімде халық алдында есеп берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.

Индустриядағы игілік

Министрдің айтуынша, түсті метал­лургиядағы өсім 3 пайызды құ­ра­ды. Бұл 1,5 трлн теңгеге тең. Қара ме­таллургиядағы өндіріс көлемі 2,7 па­йыз­ға (789,2 млрд теңге) ұлғайған. Ма­шина жасау саласындағы өсім 20 пайызды құрады. Сондай-ақ темір жол техникасы өндірісінің 49 пайызға өскені байқалып отыр.

– Дизенфекциялық құралдар мен минералды тыңайтқыштарға деген сұраныстың артуы химия өнеркәсібі өндірісінің көлемін ұлғайтты. Өсім 11 пайызды немесе 163,4 млрд теңгені құрады. Қаңтар-сәуір аралығында фармацевтикалық өнеркәсіптің өндіріс көлемі 26 пайызға өсті. Бүгінде коронавирусты емдеуге арналған 44 дәрілік заттың 22-сі бойынша ішкі нарықты өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз, – деді Б.Атамқұлов.

Министрлік жеңіл өнеркәсіптің дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде бұл салада 27 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олардың 60 пайызы – әйелдер. Саладағы өсім 5 пайызға тең.

Ведомство басшысы өңірлердегі арнайы экономикалық аймақтардың жай-күйіне де тоқталды. Бүгінде республика бойынша 13 арнайы экономикалық аймақ бар. 2021 жылдың төрт айында арнайы аймақтарда 285 млрд теңгеге 9 жоба жүзеге асырылған. 1,5 мың жұмыс орны құрылды. Осылайша, тоқыма, медициналық бұйымдар мен ІТ өнімдер өндірісі жолға қойылды.

 

Темір жолдағы түрен

Министрдің баяндауынша, көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 1,07 млрд тоннаны құраған.

– Пандемияға қарамастан, транзит­тік жүктерді тасымалдаудың тұрақ­ты­лы­ғы мен тиімділігін көрсете алдық. Мәселен, 2021 жылдың алғашқы төрт айында транзиттің жалпы көлемі 7,3 млн тоннаға тең болды. Бұл өткен жыл­дың көрсеткішінен 4,1 пайызға артық. Оның ішінде темір жол көлігімен 6,6 млн тонна, автомобиль көлігімен 0,7 млн тонна тасымалданды. Биыл 25,3 млн тонна көлемінде транзиттік жүктерді тасымалдау жоспарлануда, – деді министр.

Бүгінде темір жол саласында 135 мың адам жұмыс істейді. Оның 125 мыңы – «Қазақстан темір жолы» ұлт­тық компаниясының қызметкерлері. Қалғаны жеке компанияларға тиесілі. 2021 жылдың төрт айында темір жол арқылы 4,4 млн жолаушы тасы­мал­дан­ған. Қазір пандемияға бай­ла­нысты 41 пойыз, оның ішінде 21 халықаралық байланыс тоқтатылды. Жолаушылар тасымалын субсидиялауға 57 әлеуметтік маңызы бар маршруттарға 44 млрд теңгеден астам қаражат бөлу жоспарлануда. Оның 15,5 млрд теңгесі бөлінді.

– Шамамен 2,6 мың жолаушылар вагоны бар. Олардың орташа тозу көрсеткіші 46 пайыз. Халық тарапынан вагондардың жай-күйіне қатысты шағымдар түсуде. Біз мұны әділ деп санаймыз. Шынында да, парктің жартысын ауыстыру қажет. Былтыр мемлекеттік қолдау шеңберінде ұлттық тасымалдаушы 40 млрд теңгеге «Тұлпар» зауытының 100 вагонын сатып алды. Биыл 14,7 млрд теңгеге 31 жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланып отыр. Аталған вагондар Алматы – Маңғыстау және Алматы – Атырау бағыттарына жеткізіледі. Жалпы, 2025 жылға дейін бюджеттік несиелендіру аясында 295 вагонды жаңарту жоспарлануда, – деді Б.Атамқұлов.

Сондай-ақ темір жол инфрақұ­ры­лы­мын дамытуға ерекше назар аударылуда. Бұл ретте Түркістан – Шымкент – Ташкент учаскесінде жоғары жыл­дам­дықты темір жол желілерін салу және Достық – Мойынты транзиттік учаскесін жаңғырту жоспарлануда. Бұдан бөлек алдағы уақытта Алматы ай­налма стансасының құрылысы және Дарбаза – Мақтаарал темір жол желісі жобалары іске асырылмақ.

 

Құрылыстағы қарқын

Ведомство басшысы 5 жылда аза­мат­тарға жеке тұрғын үй салуға бері­летін 235 мың жер учаскесі қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіле­ті­нін жеткізді. Оның 125 мыңы – облыс орталықтарында, шағын қалаларда, ал 110 мыңы ауылдық жерлерде болмақ. Оның ішінде биыл 17 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй немесе 163,1 мың тұрғын үй салу міндеті тұр.

– Республикалық бюджет есебінен «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 24,8 мың отбасы әлеуметтік тұрғын үймен қамта­масыз етілетін болады. Сондай-ақ банктер «Бақытты отба­сы», «Шаңырақ» және «7-20-25» бағ­дар­­ламалары бойынша 23 мың же­ңіл­детілген қарыз бермек. Не­гі­зінен қолдау шараларымен кезекте тұр­ғандар, оның ішінде жетім бала­лар, мүгедектер, аз қамтылған көпба­ла­лы отбасылар, мүгедек балаларды тәр­биелеп отырған отбасылар және мега­полистердің жұмысшы жастары қамтылады. 4 айдың қорытындысы бо­йынша 3,5 млн шаршы метр немесе 28,9 мың тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – жылдық жоспардың 21 пайызы, – деді Б.Атамқұлов.

Бүгінде әкімдіктерде 562 мың адам кезекте тұр. Бұл ретте отбасы мүше­ле­ріне шаққанда табысы ең төмен­гі күн­көріс деңгейінен төмен 185 мың адам үшін жалдау ақысын субсидиялау тетігі енгізілмек. Негізінен бұған көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары жатады. Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары бойынша жалдау ақысының 31 айлық есептік көрсеткіші (90 427 теңге), өзге өңірлер бойынша 21 айлық есептік көрсеткіші (61 257 теңге) және ауылдық жерлер үшін 15 айлық есептік көрсеткіші (43 755 теңге) мемлекет есебінен субсидияланбақ.

Ең төменгі күнкөріс деңгейінен жо­ға­ры табысы бар қалған 377 мың адам «Отбасы банкі» арқылы кредиттік тұр­ғын үймен және жеңілдетілген қа­рызбен қамтамасыз етіледі. Бұл топқа мемлекеттік қызметшілер, бюджет қыз­меткерлері, толық емес отбасылар және кезекте тұрған басқа да санаттар жа­тады.