Бағзы дәуірдің сырын бүккен балбал тастардың бір шоғырын Жетісу өлкесінен де көптеп кездестіруге болады. Тасқа бәдізделген түрлі сурет пен таңба ежелгі заманда осы аймақта өмір сүрген адамдардың тұрмыс-тіршілігінен хабар беріп тұрғандай.
Мысалы, бір ғана Тамғалы шатқалында ұзын-ырғасы 4500 шамасында петроглиф бар екен. Сына жазулары бар аймақ бүгінде ЮНЕСКО ұйымының тарихи маңызы бар құнды мұралар тізіміне енген. Барлық ескерткіш тастар мемлекет қорғауында. Ал ашық аспан астындағы мұражай көне тарихтың сырын паш етіп отырған құндылық қана емес, танымдық тұрғыдан да ерекше нысанға айналған. Бұған Тамғалыдағы тасқа басылған суреттерді тамашалауға келуші туристер қатарының жыл сайын көбейіп отырғаны дәлел болады.
Жалпы, осы Тамғалыдағы сына жазулар мен суреттердің түпкі ізі біздің дәуірімізге дейінгі XIV-XIII ғасырларға бастайды. Мамандар бұл маңнан ежелгі қола дәуіріне тән петроглифтердің 5 мыңға жуық түрін анықтап, тізімге алған. Тасқа ойып салынған суреттерде адамдар мен жануарлар әлемінің байланысын әйгілейтін нышандар жиі кездеседі екен.
Қоршаған ортадағы құбылыстар мен Құдайға құлшылық ету дәстүрінің де сипатын бейнелеген сызбалар баршылық. Яғни тастағы суреттердің бір парасы бізге қазіргі заманғы мифология ғылымынан жақсы таныс көне дәуірдегі аңшылық пен Тәңірге табыну белгілерінің ақиқатын ашса, бір бөлігі ежелгі түркі әлемінің зерттеу жазбалары арқылы белгілі болған жаугершілік кезеңін де сипаттап береді. Тамғалы тастарында Будда діні дәуірлеген уақыттың да терең ізі қалғаны талассыз жайт. Өйткені шатқал ішіндегі төрт қолды Будда бейнесінің қашалған суреті соны әйгілейді.
Сондай-ақ Жетісудағы бітік тастар мен ежелгі қорымдардың үлкен шоғыры Ойжайлау шатқалы мен Ешкіөлмес жотасы маңынан да табылған. Ешкіөлместегі көне қорымдар әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет етеді дейді өлкетанушылар. Бұл маңда сақ тайпаларының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін жәдігер жетіп артылатын көрінеді. Ал теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте орналасқан Ойжайлау аумағындағы тау беткейіне қашалған суреттерді археологтер «Көне Түрік кезеңінің композициясы» деп атайды екен. Әсіресе биік жартасқа қашалған қос салт аттының бейнесі қазіргі заманғы озық технологияның қолынан шыққандай әлі де «менмұндалайды». Жалпы, біз бұл тақырыпқа әлі ораламыз...
Айтпақшы, жақында әлеуметтік желілерде Кербұлақ ауданындағы Арқарлы тауы етегіндегі көне петроглифтер орналасқан аумақтың жекешеленіп кеткені және осындағы тарихи ескерткіштердің тас-талқан болып үгітіліп, құрылыс қиыршығына айналып жатқаны жайында жазылды. Бұл мәселені еріктілер мен табиғат қорғаушылар да, жергілікті тұрғындар да бұрыннан көтеріп жүрген болатын. Жағдайға қанығу үшін тақырыпқа үңіліп көрелік. Анығында, сына жазу мен суреттер шоғыры табылған аумақ 2006 жылы жеке компаниялардың иелігіне берілген екен. Мұндай шешімді сол кезде Алматы облысын басқарған Серік Үмбетов шығарған көрінеді. Қазір бұл маңда 3 серіктестік құрылыс пен жол төсеніштеріне қолданылатын түрлі тастарды қазып алып, дайындап жатыр. Зауыттардың жұмысы толықтай заң аясында жүріп жатқандықтан, кәсіпкерлердің ісіне бәлендей деу қиын. Бірақ тарихи жәдігерлер мен табиғат қорғаушыларының жанайқайын түсінуге болады. Өйткені жекеменшікке өткен аумақта қандайда бір ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік болмаған. Тек 2017 жылдан бастап қана аталған Малайсары тауының етегіндегі аумаққа облыс әкімшілігі назар аударып, тастағы жазбалар мен суреттерді бақылауға алыпты. Ал тұрғындар бітіктастардың бір бөлігі оған дейін тас үгіндісіне айналғанын және бұл жағдай әлі тоқтамағанын айтады. Әлеуметтік желідегі дау да осыдан шыққаны анық.
– Біз бұл мәселеге көз жұмып отырған жоқпыз. Тарихи құндылығы жоғары мұраға қатысты атүсті шешім жасауға болмайды. Қазір облыс тарапынан барлық шара жасалуда. 2017 жылдан бері тастар арнайы бақылауға алынып, қоршалған. Ол маңда қазу, қопару жасалмады. Иә, аталған аумақ жеке компаниялардың иелігінде. Болашақта дәл осы тарихи суреттер табылған аумақты мемлекет иелігіне қайтарып аламыз. Өзім кеше ғана сол ауданға барып, ғылыми экспедиция жұмыс істеп жатқан аумақты көріп келдім. Құрылыс зауыттарының иелерімен де сөйлестік. Олар бұған дейін жер кадастрі бойынша аймақта ешқандай тарихи жәдігер орналасқаны туралы мәлімет болмағанын айтады. Ал тастар тұрған жерге тиіспеген. Кәсіпкерлер ол аумақты мемлекетке тегін қайтарып беруге де келісті. Енді мұның заңды жолдарын реттеп, алдымен аумақты Кербұлақ ауданының жер қорына аламыз, құжат рәсімделгеннен кейін Арқарлы тауының етегіне ашық аспан астындағы тарихи-танымдық орталық жасауды ойластырамыз, – деді бізге берген сұхбатында Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев.
Жалпы, бұл мәселе Мәжіліс пен Үкімет отырысында да сөз болған. Малайсары петроглифтерінің қараусыз жатқаны жайында депутат Жанарбек Әшімжан депутаттық сауал жолдап, оған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ресми жауап берген еді.
– Биыл сәуір-мамыр айларында Алматы облысының әкімдігі мен Әлкей Марғұлан атындағы археология институтынының мамандары Арқарлы петроглифтеріне зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеудің негізінде анықталған ескерткіштерге алдағы уақытта құжаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Анықталған ескерткіштерді қорғалуын ұйымдастыру үшін тиісті бюджеттік өтінім әзірленіп, облыс мәслихатының отырысында қарастырылады. Заңнамада қарастырылған рәсімдер орындалғаннан кейін Арқарлы петроглифтері Алматы облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіледі. Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы облысының әкімдігіне Арқарлы петроглифтерін қорғау мәселесін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды, – дейді Ералы Тоғжанов өз жауабында.
Негізінде, 2017 жылдан бері археолог Алексей Марьяшев бастаған ғалымдар тобы осы Арқарлы асуындағы тарихи тастарға назар аударып, жұмыс істеп келеді. Жақында бұл жұмысқа еріктілердің тобы қосылған. Істің басы-қасында жүрген журналист Ольга Гумирова зерттеу жұмысына ұзақ уақыт бойы қаржы табылмағанын айтады. Ақыры еріктілер әлеуметтік желі арқылы акция ұйымдастырып, қажетті қаржыны қайырымдылық жолымен тапқан. Ал биыл сәуір айында ғана мәселеге жергілікті билік назар аударып, қолдау білдірген көрінеді.
– Малайсары тауының әр тасы тұнған тарих қой. Мұндағы суреттерге қарап, 3000 жыл бұрынғы кезеңнің оқиғасын елестетуге болады. Зерттеу енді басталды, ғалымдар әлі жаңалық ашады деп сенемін. Болжам бойынша, бұл белгілер қола не темір дәуіріне жатады екен. Алматыдан 160 шақырым жерден осындай жәдігер табылып жатса ғажап қой, ә? Сосын, бұл мәселені шуға айналдыруға болмайды. Біз қазір қазба жұмыстарының басында, тауда жүрміз. Әлеуметтік желіде шу болып жатқанын естідім. Әсіресе жердің сатылып кеткеніне жұрт назарын аударып, наразылық туып жатқан көрінеді. Бұған мемлекет назарын аудардық, әрі қарай саясиланбауы керек. Облыс әкімдігі қолдау жасап, тиісті қаржы бөлді. Болашақта ашық мұражай сияқты тарихи орын болса, біздің арманымыз орындалғаны, – дейді журналист Ольга Гумирова.
Айтпақшы, тақырыпқа орай көтерілген сауалға Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бізге арнайы жауап берді. Құзырлы мекеменің жауабында Арқарлы петроглифтері 2017 жылдан бері мемлекет қорғауына алынып, сол уақыттан бері суретті тастардың бірде-біреуіне зақым келмегені айтылған. Аумақта мәдениет басқармасына қарасты Мәдени мұра орталығы мен Ә.Марғұлан атындағы археология институты мамандары және еріктілердің бірлесуімен петроглифтерді анықтау және барлау жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ бұған қосымша барлық петроглифтерді паспорттау да бірге жүргізілуде екен.
Алматы облысы