Өткен аптада АҚШ тарапы Болгарияның бірқатар шендісі мен 60-тан астам компаниясына парақорлыққа араласқан деген айыппен санкция салды. Мәселенің мәнісі сол, халықаралық ұйымдар аталған елде кейінгі кезде жемқорлық тамыр жая бастағанын айтып дабыл қағып отыр.
Transparency International ұйымының мәліметіне сүйенсек, Болгария қазіргі таңда жемқорлық рейтингі бойынша 69-ші сатыда тұр. Былтыр 74-ші орынға жайғасқан еді. Бір жыл ішінде бес сатыға көтерілгеніне қарамастан, Болгария Еуропалық Одақтағы жемқорлық кең жайылған мемлекет саналады.
Өкінішке қарай, қарт құрлық қанша тырысқанымен, аталған елдегі парақорлықты азайта алмай келеді. Еуропалық Комиссия ресми Софияны жемқорлыққа қарсы күресе алмағаны, пара алғыш шенеуніктерді темір торға қамамағаны үшін талай мәрте сынаған-ды. Алайда бұдан жағдай жақсарған жоқ.
Болгарияның уақытша премьер-министрі Стефан Янев санкция туралы АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Виктория Нуландпен телефон арқылы сөйлескенде естігенін мәлімдеді. Оның пайымдауынша, бұл елдегі сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін тиімді болмақ.
«Серіктестерімізбен және одақтастарымыздың сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіл тәсілді қолданып күресуде принципті және практикалық басымдықтар қажет деген пікірімен толықтай келісеміз», делінген Болгарияның сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде.
АҚШ Қазынашылық департаменті 64 жастағы олигарх Васил Божковты Ресей билігіне Болгария үкіметіне ықпал ету арнасын құруды жоспарлап, мемлекеттік қызметкерлерге пара берді деп айыптап, санкция салғанын мәлімдеді.
Божков – Болгариядағы ең бай адамдардың бірі. Ол елдегі құмар ойын бизнесін бақылауында ұстайды. Былтыр ол бопсалау, салықтан жалтару, пара беру секілді қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін елден қашып кеткен-тұғын. Содан бері Божков Дубайда бойтасалап, әлі күнге дейін өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарудан танар емес.
Сонымен қатар кәсіпкер, парламенттің бұрынғы депутаты Делян Пеевскиге, шенеунік Илько Желязковқа да санкция салынды. Қазынашылық департаментінің келтірген мәліметтеріне сүйенсек, кейінгісі кезінде Пеевскидің парақорлық тәсілін жүргізуге көмектескен. Қазынашылық департаменті оны өзін қоғамдық бақылаудан қорғауға, маңызды мекемелер мен салаларға бақылау жасау мақсатында пара берді деп айыптайды.
Бұдан бөлек, Божков пен Пеевскиге тиесілі 64 компания «қара тізімге» енді. Олардың енді АҚШ-тың қаржы жүйесіне кірулеріне рұқсат жоқ. Сондай-ақ екеуінің АҚШ-тағы активтері бұғатталып, америкалық кез келген заңды және жеке тұлғаға олармен жұмыс істеуге тыйым салынады.
Пеевски де өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. Дегенмен, тықырдың таянғанын сезсе керек, кейінгі бір жыл көлемінде ол өзіне тиесілі көптеген жылжымайтын мүлікті сатып жіберген. Сондай-ақ бақылауындағы бұқаралық ақпарат құралдарынан да бас тартты.
Бұл аз десеңіз, АҚШ Мемлекеттік департаменті Болгарияның бұрынғы шенеуніктері Александр Манолевті, Петар Харалампьевті, Красимир Томовты, Пеевски мен Желязковты сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп есептейді. Сондықтан оларға және отбасыларына АҚШ-қа кіруге рұқсат жоқ.
Бір қызығы, кей сарапшылар Болгариядағы жемқорлықтың тамыр жаюына жол бергені үшін Еуропалық Комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен мен Германия канцлері Ангела Меркельді кінәлайды.
Басты себеп мынада. Бұған дейін он шақты жыл премьер-министр лауазымын атқарған Бойко Борисов Еуропалық Одақтағы шенеуніктермен етене жақын болған. Сарапшылар бертінге дейін оның жүргізген саясатына қатысты Брюссельдегі шенеуніктер батырып сын айта алмаған деп есептейді. Соның салдарынан елде парақорлық кең таралып отыр.
Айта кетерлігі, 1 шілдеде Болгарияда парламенттік сайлау өтпек. АҚШ-тың «қара тізіміне» іліккендер алдағы сайлаудан мол үміт күтеді. Өйткені қазіргі таңда Бойко Борисов басшылық жасайтын GERB партиясы жеңістен үмітті. Ал Божков – «Құқық және еркіндік» партиясының құрамында.