• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Маусым, 2021

«Критериум дю Дофиненің» вице-чемпионы

186 рет
көрсетілді

Велоспорттан Қазақстан чемпионы Алексей Луценко Франция тас жолдарында өткен «Критериум дю Дофиненің» соңғы таулы кезеңінде жалпы есептегі жүлделі орнын сәтті қорғап, бір аптаға созылған көпкүндікте 2-орынға ие болды.

Ла Лешер мен Ле-Же қалаларын жалғаған соңғы таулы кезеңде қазақстандық велошабандоз тамаша өнер көрсетіп, мәре сызығын 7-ші болып кесті. Бұл нәтиже оған «Критериум дю Дофине-2021» веложарысының вице-чемпионы атануға жеткілікті болды. Ал бұған дейін Париж – Ницца және Туре Даун Андер жарыстарында екі мәрте жеңіске жетіп, Швейцария туры, Каталония Вуэльтасы және Романдия турында үздік шыққан аустралиялық Ричи Порт (Ineos Grenadiers) көпкүндіктің жеңімпазы атанды. Ineos Grenadiers командасының тағы бір өкілі британиялық Герайнт Томас үздік үштікті түйіндеді.

Сондай-ақ Astana-Premier Tech-тың тағы бір шабандозы – Йон Исагирре соңғы екі шешуші таулы кезеңде Луценкоға қолдау көрсетіп, жалпы есепте 7-орынға ие болды. Ал соңғы биік таулы кезең Марк Падунның (Bahrain Victorious) жеңісімен аяқталды. Дегенмен украиналық велошабандоз қатарынан кейінгі екі биік таулы кезеңде жеңіске жеткенімен, жалпы есепте үздіктер қатарынан көріне алмады. Екінші орынды даниялық велошабандоз Йонас Вингегор (Jumbo-Visma) иеленсе, аустралиялық Патрик Конрад (Bora-Hansgrohe) үшінші сатыға табан тіреді.

«Жалпы есепте үздіктер қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. Мұндай ірі жарысты екінші болып аяқтау және кезеңдердің бірінде жеңіске жету мен үшін керемет нәтиже деп айта аламын. Бұл жарыста мықты спортшылар көп болды. Сондықтан Ричи Порт және Герайнт Томаспен қатар жеңіс тұғырына көтерілу – ерекше жетістік. Команда апта бойы жарыс­ты жоғары деңгейде өткізді. Маған көмек көрсеткен жігіттердің барлығына, әсіресе Йонға алғысым шексіз. Олар соңғы екі күнде маған үлкен қолдау көрсетті. Соның арқасында жеңіс тұғырына көтерілдім. Енді «Тур де Франсқа» дейін біраз демалып, қайта бабыма келемін», деді Алексей Луценко.