Теннистен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Парижде өтіп жатқан «Үлкен дулыға» санатына енетін Ролан Гаррос турнирінде әлемге әйгілі америкалық теннисші Серена Уильямсты жеңіп, карьерасында алғаш рет Ролан Гарростың 1/4 финалына жолдама алды.
Әлемдік рейтингте 22-орында тұрған Е.Рыбакина халықаралық жарыстың төртінші айналымында «Үлкен дулыға» турнирлерінің 23 дүркін жеңімпазы, қазіргі кезде рейтингте 8-сатыда тұрған 39 жастағы Серена Уильямспен кортқа шықты. Бұл екі теннисшінің арасындағы алғашқы кездесуі еді. Ал америкалық теннисші бұған дейін қазақстандық спортшылармен 14 мәрте шеберлік байқасып, бәрінде жеңіске жеткен. Сөйтіп Елена Рыбакина Серена Уильямсты жеңген тұңғыш қазақстандық спортшы атанды.
Матчты қарқынды бастаған қазақстандық теннисші бірінші сетте 4:1 есебімен алға шыққан еді. Бірақ кейіннен америкалық спортшы екі геймде жеңіске жетіп, есепті 4:3-ке дейін қысқартуға мүмкіндік алғанымен, Рыбакина кейінгі екі геймде өз мүмкіндігін жібермеді – 6:3.
Екінші партияны отандасымыз брейкпен бастағанымен, тәжірибелі қарсыласы таразы басын теңестіріп үлгерді. Есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасап, қайта алға шықты. Бірақ өз геймінде қателікке жол берді – 4:4. Дегенмен есеп 5:5 болғанда, тағы бір брейкке қол жеткізді – 6:5. Содан кейін бірінші матчболын пайдалана білді – 7:5. Бәсеке 1 сағат 18 минутта аяқталып үлгерді. Осылайша қазақстандық теннисші өз спорттық жолында алғаш рет Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шығып отыр. Осы табысы үшін Елена Рыбакина WTA рейтингіндегі қоржынына 430 ұпай салса, қалтасын 255 500 еуроға қалыңдатты.
Енді жерлесіміз жартылай финалға шығу үшін әлемнің 32-ракеткасы, ресейлік Анастасия Павлюченковамен таласады. Ол төртінші айналымда Беларусь өкілі Виктория Азаренконы 5:7, 6:3, 6:2 есебімен ұтты. Бір қызығы, Е.Рыбакина А.Павлюченковамен бірге Франция ашық чемпионатында жұптық сында да табысты өнер көрсетуде, олар үшінші айналымға өткен болатын.