• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Өнер 08 Маусым, 2021

Тарбағатай – таланттар елі

625 рет
көрсетілді

Өнер музейінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан дәстүрлі «Дала дидары» фестиваліне Тарбағатайдың таланттары ерекше дайындықпен келіпті. Тарихтың алтын белесіндей, жерұйық жердің төресіндей тұғырлы Тарбағатай ауданының көрмесін қызықтап келушілер де аз болған жоқ.

Ақындар мен батырларға бай Тарбағатайды тарихи, шежірелі өлке дейтініміз – әйгілі Ырғызбай бабаның кесе­несі сонда. Бөрітостаған тауы да Тарбағатай даласы­ның тө­сінде жатыр.

Шежірелі топырақта өсіп-өнген өнерпаздардан құралған 22 шығармашылық ұжым бар бүгінде. Мәдениет ошақтарының саны да жиырмадан асып жығылады. Саннан бұрын сапа бар мұнда. Өңірден күміс көмей әнші де, дәулескер күйші де шыққан. Суретшілер мен қолөнер шеберлерінің жұмыстары да таңдай қақтырады.

Өскемендіктер Тарбағатай ауданының дарындарын өнер музейінде тамашалады. Көрмеде ауданның белгілі суретшілер династиясы Әлібек, Әділет Шоқановтардың пейзаж жанрындағы жұмыстары, суретшілер Еркебұлан Жәкішевтің «Күміс жаңбыр», Мейір Жетпісовтің «Туған жер», Еркін Сүлейменовтің «Абылай хан» картиналарына қарап, қазақ даласына сапар шеккендей күйде боласыз. Қолөнер шеберлері Еламан Құжимановтың ұлттық аспаптары, Марат Әбілқасымов, Ринат Сәлменовтің ат әбзелдері, Айнұр Жұмабекқызы мен Жансая Әбілғазинованың ұлттық қолөнер бұйымдары шынайы шеберлікпен жасалғаны көрініп тұр.

Тарбағатай ауданы ежелден жыраулар мен Алтай-Тар­бағатай ән-күй дәстүрлі мектебінің ордасы болған­дық­тан, фес­тивальда «Бабалар сазы» этно тобы, дәстүрлі әнші Аян Сәдуа­қасов өнер көрсетті.

Айта кетсек, Тарбағатайдың көрмесі 27 маусымға дейін жалғасады. Алдағы уақытта аудандар арасында өтіп жатқан «Дала дидары» байқауының қазылар алқасы үздік жұмыстарды таңдап, марапаттайтын болады.

 

ӨСКЕМЕН