Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Шалабеков лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, бір жарым жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгін Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты Жақсылық Шалабеков пен кәсіпкер Ермек Қасеновке қатысты үкім шығарды. Сотталушылар Қарағанды қаласының оңтүстік-батыс ауданында екі көп қабатты үйдің құрылысына бөлінген 120 миллион теңгеден аса бюджет қаражатын жымқырды және негізсіз жаратты деп айыпталған.
Сот айыптау баптарын қайта саралап, Жақсылық Шалабековты қызмет бабын теріс пайдаланғаны үшін, ал Ермек Қасеновты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот кәсіпкер Ермек Қасеновке 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
«Шалабеков пен Қасенов, сондай-ақ басқа да тұлғалар арасында 120 миллион теңге бюджет қаражатын жымқыру үшін алдын ала сөз байласу болғаны сот тергеуі барысында дәлелденбеді. Айыптау болжамдарға негізделген. Сондықтан сот айыптау баптарын қайта саралады», деді судья Саян Аққожин.
Айта кетейік, Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Шалабеков 2020 жылғы қыркүйекте ұсталған болатын. Ол 2020 жылғы ақпанында әкімнің орынбасары болып тағайындалған. 2011 жылдан 2019 жылға дейін шенеунік қалалық құрылыс бөлімін басқарды. Әкім орынбасарының лауазымында Шалабеков жерді пайдалану, қала құрылысы, сәулет, тұрғын үй және жаңа әлеуметтік нысандар салу мәселелеріне жетекшілік еткен.