• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Үкімет 09 Маусым, 2021

Халықтың билікке деген сенімін арттыратын қадам

1048 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырмасын іске асыру үшін аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу мәселелері бойынша заң жобалары әзірленді.

Биылғы 24 мамырда Мемлекет басшысы заң жобаларына қол қойды. Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізу шеңберінде заңнамаға сайлауды белгілеу, кандидаттар ұсыну, олар­ға қолдау көрсету үшін қол жинау, кандидаттарды тір­кеу, сайлауды өткізу, дауыс­тар­­ды санау және сайлау қоры­тын­ды­ларын шығару тәртібін белгі­леуге қатысты өзгерістер енгізілді.

Аудандық маңызы бар қала­лардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін алғашқы тікелей сайлау осы жыл­ғы тамызда өткізіледі. Сайлау өкілеттігі 2021 жылы аяқталатын 836 әкім (2022 жылы – 351 бірлік, 2023 жылы – 499 бірлік, 2024 жылы – 585 бірлік, 2025 жылы – 74 бірлік, барлығы 2 345 бірлік) қатысты.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнамада көрсетілген біліктілік талаптарына сәйкес келетін 25 жас­тан кіші емес Қазақстан азаматы ауыл әкімі болып сайлана алады.

Сайлауға саяси партиялар өз мүшелері арасынан ұсын­ған, дауыс беруге құқығы бар сай­лау­шылардың жалпы санының кемінде 1%-ына қол жинау арқылы өзін-өзі ұсынушы кандидаттар қатыса алады:

Бір адам бір аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды.

Сайлау 40 күн бұрын жария­ланады. Ал сайлаудың өзі қазір­гі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқ­талуға дейін 10 күн бұрын өтеді. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шы­ға­ры­лады. Сайлау өткізілгеннен кейін жеті күн ішінде аумақтық сайлау комиссиясы сайланған әкім­ді тіркеп, содан кейін ол өз өкі­лет­тігіне кіріседі.

Заңнама әкімнің өкілеттігін тоқтатудың мынадай жағдай­ларын қарастырады: Сот шешімі бо­йынша әкімді әрекетке қабілет­сіз, әрекет қабілеті шектеулі, хабар-ошарсыз кетті деп тану не оны қайтыс болды деп жариялау; Партия мүшелігінен айрылу (партия ұсынған жағдайда, ол ұсынылған саяси партияны қай­та ұйымдастыруды және таратуды қоспағанда); Жоғары тұрған әкімнің аудан мәслихаты депу­таттарының әкімге қатыс­ты, оның ішінде жергілікті қоғам­дастық жиналысының бастамасы бойынша сенімсіздік воту­мын қабылдауы; Аумақтық сайлау комиссиясының жаңадан сайлан­ған әкімді тіркеуі; Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда.

Бұл ретте аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдеріне ротация және аттес­таттау жүргізу, тәртіптік те­ріс қылықтар мен жазалар үшін лауазымын төмендету (бұл мәселелер «Жергілікті мемле­кет­тік басқару және өзін-өзі басқа­ру туралы» Заңмен реттелген) қол­данылмайды, сондай-ақ сайлан­ған ауыл әкімдері әскери жиын­дарға шақырудан босатылады.

Сайлау әкімдердің өкілеттік мерзімінің аяқталуына қарай жер­гі­­лікті бюджет есебінен өткі­зі­­леді.

Бұл ретте 2021-2022 жыл­дар­­ға арналған жалпы сипат­тағы трансферттердің қолда­нылу ке­зеңінде сайлауды қар­жы­­ландыру Орталық сайлау комис­сия­сы арқылы респуб­лика­лық бюджеттен берілетін ныса­налы трансферттермен жүзе­ге асырылатын болады. Кейін­нен 2023 жылдан бастап бұл шығыстар жергілікті бюд­жеттер­дің шығыстар базасына енгізі­летін және жалпы сипат­тағы транс­ферттерді есептеу кезінде ескеріледі.

Биылғы II жартыжылдықта тікелей сайлауды енгізуге 4,8 млрд теңге қажет (жалпы 2021-2025 жылдарға - 17,6 млрд теңге).

Сондай-ақ Парламент Мәжі­лісі мен мәслихат сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегі 7%-тен 5%-ке төмендетіліп, сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюл­летеньдеріне «Барлығына қарсы» деген баған қосылды.

Қабылданған жаңалықтар аза­маттардың белсенділігін және олардың билікке деген сені­мін, әкімнің халық алдындағы есеп­тілігін және ауыл әкімінің халық проблемаларына жедел ден қоюын, сондай-ақ елдегі саяси бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді.