Елордада еліміздің жастар ұйымдары ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырылған патриоттық акция өткізді. Онда жастардың Патриоттық актісі жарияланып, мерейлі жыл аясында маусым – патриотизм айы болып белгіленді.
Игі іс-шараға республикалық жастар ұйымдарының, атап айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының, Nur Otan партиясының Jas Otan Жастар қанатының, Қазақстан жастары Конгресінің, ел Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектері қауымдастығының, «Жас ұлан» республикалық балалар-жасөспірімдер ұйымының, Қазақстан Студенттер альянсының, Қазақстан КТК одағының басшылары мен өкілдері қатысты.
– «Менің Туым, Менің Елтаңбам, Менің Әнұраным – мен үшін қалыптасқан Қазақстанды бейнелейтін киелі нышандар». Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сөздері әрбір патриоттың сезімін білдіреді. Ұлы Отанымыз, отбасымыз, жақындарымыз және достарымыз туралы әрдайым еске салатын қасиетті нышандар. Сондықтан да, біз – Қазақстан жастары ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Мемлекеттік рәміздерімізге қарап, кеудемізді Отанға деген зор мақтаныш кернейді. Бізге әділетсіздік пен қақтығысқа төзбейтін қоғамда бабаларымыз ғұмыр кешіп, болашақ ұрпағымыз мың жасайтын жерде, шаңырағымыз көтерілген, жақындарымыз тұратын Тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келу, өмір сүру және жасампаз болу бақыты бұйырды, – деді жастардың Патриоттық актісін жариялаған Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
Аталған Патриоттық актіні орыс тілінде «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының төрағасы Темір Жұмырбаев жариялады. Сондай-ақ жастар ұйымдарының бірқатар өкілі патриоттық акция мен Патриоттық актіні қолдауға ниет білдірді.
– Еркіндікке ұмтылған халқымыз небір қиын-қыстау жолды жүріп өтті. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, ел іргесін қалаудың ауыр кезеңдерін бастан өткерді. Бұл жолда жеңіс те, жеңіліс те қатар жүрді. Тарихи оқиғалар болды. Осының барлығын Мемлекеттік рәміздеріміз берген рухтың, қайсарлықтың арқасында өткердік. Еліміздің егемендігі мен бостандығын осы рәміздеріміз айқындап тұр. Мемлекеттік нышандар – тек сәндік, көркемдік бейнелер ғана емес. Сондай-ақ алға қойған Азаттық идеясының іске асқандығының көрінісі. Бұл идея адамдардың сана-сезіміне ұялады, – деді «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектері қауымдастығы төрағасының орынбасары Әлішер Дүнгенин.
Акция әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіліп, оны жастар ұйымдарының аймақтық филиалдары мен жастар ресурстық орталықтары да қолдады. Сондай-ақ, арнайы #Менің рәміздерім; #Менің Туым; #Менің Қазақстаным; #Рәміздер күні хэштегтері арқылы насихаттады. Тәуелсіздіктің ұрпағы, құрдасы саналатын жас белсенділер отандастарымызды егемен еліміздің жетістіктерін терең құрметтеуге және Қазақстанның қарыштай беруі үшін аға буынның жасампаз бастамаларын жалғастыруға шақырды. Жастарды жасампаздыққа, рухани-адамгершілікке үндеді. Жалпы Мемлекеттік рәміздер күніне орай патриоттық акциялар, спорттық жарыстар мен турнирлер, кітап көрмелері, челендждер, сурет байқаулары, тақырыптық кездесулер сынды түрлі форматтағы 400-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Соның 170-тен астамы – онлайн-форматта өткізілді.
Патриоттық акцияның соңы жылдағы үрдістен жаңылмай, автошеруге ұласты. Аталған шеру 2017 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Осылайша, Мемлекеттік рәміздер күні мен ел егемендігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырылған шеруге қатысушылар осы жылы 30 шақырымды еңсерді. Автошеруге мерекеге орай Мемлекеттік Тумен безендірілген 10 шақты мотоцикл мен 40-қа жуық жеңіл автокөлік, сондай-ақ спорттық көліктер қатысты.