• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Президент 09 Маусым, 2021

Шетелдік басылымда Президент туралы мақала жарияланды

1221 рет
көрсетілді

ModernDiplomacy.Eu басылымында «Президент Тоқаевтың тұсындағы Қазақстан: барлық саладағы реформалар» атты мақала жарияланды. Мақала авторы – Португалиядағы Минью университетінің профессоры П.Дуарте, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Шамамен екі жыл бұрын Қазақстанда басшылық ауысып, Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауының қорытындысы бойынша ҚР Президенті лауазымына ие болды. Содан бері елде көптеген реформа жүргізілді. 30 жыл бойы Президент қызметін атқарған Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның экономикасы мен өңірдегі инвестиция тарту орталығы болуына мүмкіндік берген іргетас қалады. Назарбаев кезінде Қазақстан өзінің барлық көршілерімен, сондай-ақ Еуропа және АҚШ-пен жақсы қарым-қатынас орната алды. 2019 жылдан кейін елдің даму векторы өзгерді. Президент Қ.Тоқаев өзінің назарын экономикалық қайта құрулар мен сыртқы саясатқа ғана емес, сондай-ақ елдегі саяси реформаларды жүргізуге аударды», деп жазады профессор.

Мақала авторы басшылық ауысқанға дейін Қазақстан бірінші кезекте экономикалық дамуға және инвестициялар тартуға басымдық бергенін еске салады.

«Шынында да, Қазақстан бұрынғысынша әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруге ұмтылуда. Дегенмен, Қазақстанның қазіргі Президентінің пікірінше, экономикалық дамуға қол жеткізу үшін саяси реформалар қажет. Бұл реформалар Қазақстаннан тысқары әлем үшін неге маңызды деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл ел Еуропалық одақтың Орталық Азиядағы басты сауда әріптесі болып саналады және «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы шеңберінде Қытай мен әлемнің өзге елдері арасындағы сауданы дамытуда негізгі рөл атқарады. Қазақстан Сирия мен Ауғанстандағы қақтығыстарды шешуде АҚШ, Ресей және басқа да әлемдік державаларға қолдау көрсетіп келеді. Еуразиялық экономикалық одақтың негізін қалаушылардың бірі және халықаралық қоғамдастықтың белсенді мүшесі болып табылады», дейді автор.

П. Дуарте Қазақстанның саяси және экономикалық бағыты елдің өзіне ғана емес, жалпы өңірге және әлемнің басқа елдеріне де әсер ететінін бас айтады.

«Қ.Тоқаевтың ең маңызды реформаларының бірі – халықты саяси мәселелерді шешуге тарту және халықтың сұранысы мен сынын еститін «халық үніне құлақ асатын мемлекет» – үкімет ұғымын енгізу. Үкімет пен халық арасындағы диалогты кеңейту үшін 2019 жылы Президент Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Оның мақсаты – азаматтық қоғам мен қалың жұртшылықтың ұсынысын ескере отырып, реформалар мен заңнама бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу. Орталық және жергілікті билік органдарының есеп беруін көбейту олардың тиімділігін арттырады және сыбайлас жемқорлық сияқты бұрыннан келе жатқан проблемалармен күресуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты, елдің құқықтық жүйесі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің неғұрлым белсенді және жауапты рөлін көздейтін жұмыстың сервистік моделіне көшу жолымен қайта құрылып жатыр», дейді сарапшы

Мақалада мемлекеттік басқару саласындағы реформалар туралы да айтылған.

«Президент Қ.Тоқаев Үкіметке мемлекеттік қызметшілердің санын 25% қысқартуды, сондай-ақ жас кадрларды көбірек тартуды тапсырды. Әлеуметтік желілерді жиі пайдаланатын Президент мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру үшін оларды цифрландыруды өзінің басым міндетіне айналдырды. Президент Қ.Тоқаев саяси реформалардан басқа, табиғи ресурстарға шамадан тыс тәуелділікті азайтуға, экономиканы әртараптандыруға басымдық береді. Сондықтан, Қазақстан экспорттайтын мұнай, газ, уран және басқа да шикізат ресурстарын өндіру мүмкіндігіне қарамастан, Қ.Тоқаев Үкіметке ауыл шаруашылығының әлеуетін барынша пайдалануды тапсырды. Өйткені Қазақстан ауыл шаруашылығы өніміне жоғары сұраныс танытып отырған Қытаймен және Азияның басқа да тез дамып келе жатқан елдерімен өзара іс-қимыл жасайды», деп жазады П. Дуарте.

Автор елдегі әлеуметтік реформалардың да дер кезінде қолға алынғанын айтады.

«Президент Қ.Тоқаев атап өткендей, «экономикалық реформалар азаматтардың табысын арттыруға мүмкіндік беріп, өмір сапасының неғұрлым жоғары стандарттарын қамтамасыз еткенде ғана ақталады». Іс жүзінде бұл халықтың неғұрлым осал топтарын, сондай-ақ өз ісін ашу үшін кредиттерге тәуелді жекелеген адамдар мен компанияларды қорғауды білдіреді. Осылайша, Қ.Тоқаев банк кредиттерінің көлемін ұлғайтуға және оны инновациялар арқылы өнімнің құнын ұлғайтатын кәсіпорындарға бағыттауға, солай мемлекеттің қарамағындағы тиімсіз кәсіпорындардың санын қысқартуға ұмтылады. Пандемияның экономикалық әсерінен көп зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін Президент банк несиелері бойынша айыппұлдарды алып тастауды ұсынды. Ұзақ мерзімді әсер етуі мүмкін тағы бір қызықты әлеуметтік шара – Қ.Тоқаевтың жоғары білім алу әрбір мектеп түлегінің түпкі мақсаты болуы керек деген идеядан біртіндеп бас тартуға тырысуы. Оның орнына, ол белгілі бір техникалық дағдыларды үйрететін кәсіби орталықтар мен колледждерді алға жылжыту үшін университеттер санын азайтуға тырысып жатыр», дейді автор.

Минью университетінің профессоры мұны әртүрлі мамандарды қажет ететін нарық қажеттіліктеріне бейімделу қажеттілігімен түсіндіреді.

«Жалпы алғанда, Қ.Тоқаевтың Қазақстан Президенті лауазымындағы қызметін және оның реформаларын нақты бағалауға әлі ерте. Ол Қазақстандағы кеңестік ойлау мен ескірген басқару жүйесін өзгерте отырып, елдің қордалы ішкі проблемаларымен күресуге тырысып жүргені анық. COVID-19 пандемиясы шиеленістіріп жіберген ішкі-сыртқы проблемалар мен оның салдарын үйлестіру әрекеті Президент Қ.Тоқаевтың реформалары елге жаңа дәуірдің сын-қатерлерін жеңуге қаншалықты көмектесе алатынын көрсетеді», деп түйіндеген П. Дуарте.