• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әлем 09 Маусым, 2021

Парламентте депутаттар жаппай төбелесті

172 рет
көрсетілді

Боливия парламентінде ІІМ басшысы Эдуардо Дель Кастильоның 2019 жылғы мемлекеттік төңкеріс туралы баяндамасы кезінде депутаттар жаппай төбелесіп қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрдің сөзі мен көрсетілген бейнематериалдар оппозициялық депутаттардың наразылығын тудырды, олар шенеунікпен келіспейтіні туралы айғайлады. Министрді «Социализмге қозғалыс» (MAS) өкілдері қолдап шықты.

Creemos «Сенеміз» альянсының сенаторы Энри Монтеро мен MAS-тің депутаты Антонио Колкенің арасындағы ұрыс төбелеске ұласты. Оларды бірнеше адам арашалауға тырысады.  Алайда екеуін арашалап жатқандар арасында да төбелес басталады: әйел депутаттар Татьяна Аньес пен Мария Аланока бір-бірінің шашынан ұстап, өзара қарсылық танытады.

Дереу парламент сессиясы тоқтатылып, Монтеро мен Колке кейінірек журналистерден кешірім сұрады. Ал ІІМ басшысы қысқа үзілістен кейін баяндамасын аяқтады.

Айта кетейік, Боливияның оппозиция өкілдері 2019 жылғы 20 қазандағы президенттік сайлауда жаппай бұзушылықтар болғанын мәлімдегеннен кейін, президент Эво Моралес әскери қысымнан және елдегі наразылықтар кезінде лауазымын босатып, елден кетіп қалған. Оның артынан Боливияның барлық жоғарғы басшылығы отставкаға кетті.

Билік Сенаттың оппозициялық вице-спикері Жанин Аньеске өтті. 2020 жылғы жаңа президенттік сайлауда Моралестің жақтаушысы болған социалист Луис Арсе жеңіске жетті. Аньеске қатысты мемлекеттік төңкеріс туралы тергеу ісі аясында терроризм, көтеріліске арандатушылық және қастандық жасады деген айып тағылды.