Қазір өзбектің «Ялла» ансамблі айтып жүрген «Қараторғай» әнін естіген сайын осы туындының шын иесі жайлы таласты әңгіме еске түседі. Сырдағы Телікөлдің жағасында туып, қазақ ән өнерінің биігінде «Қараторғай» болып шарықтай ұшқан Шолпан Жанболатқызының есімін жаңғыртуға келгендегі енжарлығымызға өзімізден басқа ешкім кінәлі емес шығар.
Бірде халық әні делініп, кейде Үкілі Ыбырайға телініп келе жатқан «Қараторғайдан» бөлек қазір ел арасында орындалып жүрген бірқатар әндердің иесі жайлы көркем шығарма да бар. Ара-тұра мерзімді басылым беттерінде де жазылып тұрады. Бірақ осы қисынды ой мен сөзді қаперге алмай отырғанымыз өкінішті.
Сырдан шығып, әншілік дәрпі алысқа кеткен Шолпан жайлы көркем шығарма деп отырғанымыз жазушы Айтбай Хангелдиннің «Қараторғай» повесі. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары баспа бетін көрген туындыда өнері елден озған таланттың өмірі суреттеледі. Қаламгер осы шығармасында «Қараторғай» әнінің авторы Шолпан Жанболатқызы екендігін, оның ел аузында халық әні деп айтылып жүрген басқа да тамаша туындылар иесі екендігін жазады. Бір айта кетерлігі, Айтбай Хангелдин Шолпан туған топырақта дүниеге келген, бала күнінде әйгілі әншіні көрген.
Өзгеше тағдырлы Шолпанның ғұмыры таң алдында ілкі сәтке көрініп, көзден ғайып болатын өзі аттас жұлдыздай қысқа болды. Тасада қалған талант жайлы қазір жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеұлы жиі жазып жүр. «Қазақ әдебиеті» газетінің 2019 жылғы 8-нөміріне шыққан «Сырдың Қараторғайы» атты мақалада қаламгер: «...Анықтап айтқанда, Қараторғай деген – Шолпанның өз аты. Солай екеніне 1920 жылы осы әнді Тәшкен қазақтарынан жазып алған Александр Затаевичтің түсініктемесі куә. Жалпы, Шолпан жайында алғаш жазба мәлімет қалдырған да сол. Оның «1000 песен казахского народа» деген кітәбі 1925 жылы Мәскеуде жарық көрді. Одан бері 94 жыл өтті, дөңгелектеп айтқанда, бір ғасыр. Содан бері Шолпан жайындағы біліміміз әлі сол қалпында. Бәлкім, ол кезден де төмен», – деп жазады. Бұдан әрі жазушы қазақ әнін даланың әр түкпірінен тірнектеп жиған Александр Затаевичтің түсініктемесін де келтіреді.
Небәрі 43 жыл ғана өмір сүрген Шолпан Жанболатқызы 1880 жылы Шиелінің Телікөл төңірегінде дүниеге келіпті. Талантты әнші 1911 жылы Тәшкенде Романовтардың таққа отыруының 300 жылдығына орай ұйымдастырылған Түркістан өлкесі өнерпаздарының сайысында бас жүлде алады. Осы қалада өзінің орындауында «Қараторғай», «Ой көк», «Ахау Семей» әндерін граммофон күйтабағына жаздырған. Бексұлтан Нұржекеұлы осы соңғы әннің дұрыс атауы «Ахау демей» екенін жазады. Соған бұлтартпас дәлелдер де келтіреді.
Бұл әндердің барлығы да Тәшкен төңірегіне кеңінен тараған. «Ялла» ансамблінің «Сырдың Қараторғайы» әніне таңдауы түсуі де осыдан. Қазақ әншілері арасынан әні күйтабаққа жазылған тұңғыш өнер иесі саналатын Шолпанның «Қараторғай» аталуының себебі мынада жатса керек:
Қызымын Жанболаттың,
Шолпан атым,
Найманмын, Қарабала –
арғы затым.
Жел сөздің бес-алты
ауыз арқасында,
Халқымның арқаладым
мархабатын.
Атандым он алтымда
Қараторғай,
Бұл атты шешем қойған,
басқа қоймай.
Торғайдай еркін ұшсын,
ескерусіз,
Дегені болса керек,
көзден қорғай.
Салайын мен әніме
Қараторғай,
Қараторғай,
Қалалали лила,
лилалали лилай-ай!
Әнші шығармашылығын зерттегендер «Қараторғай» әні қазір біз түсініп жүргендей жігіттің қызға емес, Шолпанның анасы Жанқызға еркелеп айтқаны болуы керек деген болжам жасайды. Сонда бірінші жақтан айтылатын бұл әннің дұрыс нұсқасы былай болады дейді:
Құс болсам, жібектен
бау тағар едің,
Күмістен тұғырымды
жабар едің.
Мойныма сары алтыннан
жыға тағып,
Қолға алып, сылап-сипап
бағар едің.
Қайырмасы:
Салайын мен әніме
Қараторғай,
Қараторғай,
Қалалали лила, лилалали
лилай-ай!
Болғанда қасым қара,
шашым сүмбіл,
Албырап екі бетім,
жанар гүл-гүл.
Бейіштің гүлжазира
зарамында,
Сайраған тоты құстай
мен бір бұлбұл.
Жалғанның жарығында 43 жыл өмір сүрген Шолпан Жанболатқызының тағдыры кісі қызығарлықтай болмағанын байқаймыз. Келін болып түскен жері әнді жын-шайтанның шатпағына балайтын дүмшелеу болып, күйеуі оны ақыры талақ етеді. Кейіннен өнерін бағалайтын басқа жанның етегінен ұстағанмен әншіні өнерін көре алмағандар у беріп өлтіреді.
Өнер көгінде еркін ұшқан әнші аруағына лайық құрмет көрсетілу керектігін қызылордалық қаламгер Нұрмахан Елтай да мерзімді басылым беттерінде жиі жазып жүр.
– Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Айтбай Хангелдин «Қараторғай» повесінен бөлек, «Лениншіл жас» газетіне мақала да жазған. Ел құрметтейтін қаламгер Бексұлтан Нұржекеұлы ағамыз да «әділдік қалпына келмеді-ау» деп, шыр-пыр болып отыр. Басқамыз неге қамсызбыз? «Қараторғай» атанған апамыз Шолпан Жанболатқызының есімін және өнерін ұлықтау Сыр өңірінен, әуелі оның туған жері Шиеліден бастау алуы керек. Сосын барып, облыс, республика көлемінде жалғасын тапса жарасады. Әншінің мұраларын өз атына қайтару үшін оның атында өнер байқауларын өткізгеніміз жөн болар еді. Көмейіне бұлбұл ұя салған әншіге осы Шиеліден символикалық ескерткіш орнатылғаны да артықтық етпейді, – дейді Нұрмахан Елтай.
Телікөлде туып, төңірекке танылған талант туралы дерек әлі там-тұм. Мүмкін ол туралы мәліметтер өмірінің соңғы жылдары өткен Шымкент пен Тәшкенде болуы мүмкін.
Жалпы осы ән туралы дау ұзақ жылдардан бері жалғасып келеді. Сондықтан да музыка мамандарының түпкілікті иесі Шолпан Жанболатқызы делініп жүрген «Қараторғайға», қазір халық әні деп айтылып жүрген өзге де танымал туындыларға назар аударғаны жөн-ақ.
Бұл істен облыстағы өнер мен мәдениет өкілдері де сырттап қалмас деп ойлаймыз, өйткені бұл саланың міндеті қолдағы барды жарқыратып көрсетіп қана қоймай, тасада қалып келе жатқан таланттарды жұртқа таныстыру емес пе? Есімі атаусыз, еңбегі елеусіз қалып келе жатқан өнер иесін енді өгейсіткеніміз аруаққа шет болар.
Қызылорда