Мойнына қойылған рельстің екі жағына он-оннан 20 адам мінгізіп көтеретін, кеудесіндегі ауыр тасты бір жарым пұттық балғамен ұрып сындыртатын, қысқасы, неше түрлі ойын көрсетіп, жұртты таң-тамаша ететін Қажымұқан атасына ұқсағысы келетін жастар бүгінде аз емес. Еліміздің қай өңірінде болсын. Әсіресе өмірінің соңғы жылдарын өткізіп, осы қасиетті мекенді мәңгілік тұрағы еткен балуанның ерлігін, спорттық жеңісі мен ерекше өнерін қайталағысы келетіндер Түркістан облысының Ордабасы ауданында көп.
Бүгінде ауданның барлық ауылында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында және Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай «Қажымұқан барысы» турнирі өтуде. Жарысқа қатысушылар арқан, өгіз, арба тарту, бөрене мен кір тасын көтеру, қол күрес және басқа да ұлттық спорт түрінен күш сынасуда. Турнир бекітілген кестеге сәйкес барлық ауылдық округте ұйымдастырылып, соңғы сайыс Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аудан орталығында өтпек. Жалпы, аудан спортшылары барша қазақтың мақтанышы Қ.Мұңайтпасовты пір тұтып, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысады. Мысалы, Ордабасы ауданынан Қазақстан Республикасына еңбегі сінген 11 жаттықтырушы, 3 спорт қайраткері, 10 әлем жеңімпазы, 9 Азия жеңімпазы, 10 Әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері, 29 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 125-тен аса спорт шебері шыққан. Жыл басынан бері ел чемпионы, облыстық жарыстардың жеңімпазы атанған спортшылар да аз емес. Бүгінгі ұрпаққа әрбір ісі үлгі-өнеге болған Қ.Мұңайтпасовтың есімін ұлықтау үшін биыл ауданда алып кешеннің құрылысы басталды. Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің бойынан салынатын мемориалдық кешеннің ашылуында қазақ күресінен халықаралық чемпионат өткізу көзделуде. Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске шығып, 48 медаль олжалаған күш атасының өмірін дәріптейтін, оның есімін ұрпаққа ғана емес, алыс-жақын шетелдерге таныту үшін үш тілде кітап шығару қолға алынды. «Қажымұқан» қысқаметражды фильмінің түсірілімі басталды.
«Бұл жұмыстардың барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш ету туралы бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Әрине, қандай деңгейде болсын ауқымды іс-шаралар өткізу үшін ауданның экономикалық-әлеуметтік ахуалы ескерілері анық. Бұл орайда Президенттің халыққа арнаған Жолдауында айтылғандай мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермеу, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеу, жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеу басты бағдар болады», дейді аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
Иә, алдымен экономика, бұл орайда ауданда атап өтерлік оң өзгеріс көп, шешімін тапқан мәселелер де аз емес. Нақтырақ айтсақ, Ордабасы ауданында биылдың қаңтар-сәуір айларында жалпы өңірлік өнім көлемі 22 млрд 834 млн теңгеге жетіп, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 4 млрд 255 млн теңгеге артқан. Сондай-ақ ауданға тартылған инвестиция былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 2,2 есеге артып, 7 млрд 549,9 млн теңгені құрады. Биылғы 4 айда ауылшаруашылық саласында 10 млрд 848,5 млн теңгенің өнімі өндірілген. Өнеркәсіп саласындағы 39 кәсіпорынның өндірген өнім көлемі 8 млрд 77 млн теңгеге жетті. Аудан көлемінде жұмыс істеп тұрған 10 862 шағын және орта кәсіпкерлікте 15 551 адам жұмыспен қамтылған. Биыл 5 көшенің 4,8 шақырымына жарықтандыру құралдарын орнату жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ 6 елді мекеннің ауыз су жүйелерінің құрылысы басталған. Аудандағы 57 елді мекеннің 7-і табиғи газбен қамтылған. Республикалық және облыстық бюджеттен 5 елді мекеннің табиғи газ жүйесінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, 22 елді мекенге қаржы қаралған. Негізгі қорды жаңғыртуға бағытталған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 217,3 пайыз болды. Оның 75,5%-ы – бюджеттік емес инвестиция. Кепілсіз несие бойынша 57 жеке кәсіпкер 228,5 млн теңгеге қаржыландырылды. Бұл көрсеткіш бойынша аудан облыс деңгейінде 3-орында. Шағын несие ұйымдары арқылы 2 млрд теңгеден астам несие игерілген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген қолжетімді несиені алу мақсатында 37 жоба ұсынылып, 23-і мақұлданды. «Биыл «Индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 28,7 млрд теңге болатын 4 жоба жүзеге асып, 500-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылады. Атап айтқанда, жылдық қуаты 2 млн тоннаға жететін Standart Petroleum & Co ЖШС-нің мұнай-химия өңдеу жобасының жалпы құны – 300 млн доллар (129,9 млрд теңге). Қазіргі таңда жалпы құны 2,3 млрд теңге «Агро-V» ЖШС-нің жаңа технологиялы қыш зауыты, жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын RZN ЖШС-нің автоклавталған газдалған бетон өнімін өндіру жобаларының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жалпы құны 0,8 млрд теңге болатын «Александровский сад» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасы үшінші тоқсанда іске қосылады», дейді аудан әкімі.
Ауыл шаруашылығы, оның ішінде егіншілікпен күнін көріп отырған шаруалардың жаз мезгілінде ағын сумен қамтылуы өзекті мәселе болатын. Жалпы, аудан аумағында биыл 49 каналдың 210 шақырымын механикалық тазалаудан өткізу жоспарланып, 178,6 шақырым су арнасына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Әйтсе де, шаруалар тарапынан ағын суды тиімді пайдалану жүйеленуі тиіс. Бұл бойынша аудан аумағында арнайы жұмысшы топ құрылған. Ауданда 838,2 шақырым болатын 87 канал бар. Егістік жерлердің ағын сумен қамтамасыз етілуін жақсарту, шілде айында су жетпей қалу қаупін сейілту мақсатында 43 каналда механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, 15 699 гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарып, шілде айында су тапшылығына ұшырайтын 2 271 гектар жердің мәселесі шешілді. Қараспан ауылдық округінде бірнеше жылдан бері жаз айларында егістік жерлерге су жеткізу шаруалардың бас ауруына айналып келген болатын. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Бадам өзеніне бөгет қойылып, ұзындығы 4,2 шақырым жаңа канал қазылды. Нәтижесінде, Қараспан магистралды каналына су жіберу арқылы 2 664 гектар жерге су жеткізу мәселесі шешімін тапты. Ал Сарыарық ауылының ішінен өтетін бір шақырым канал темір-бетонмен қапталып, үйіргелік жерлерді суаруға жағдай жасалуда. Қазіргі таңда аудандағы жалпы су арналарының механикалық тазалаудан өткені 80 пайызға жуықтаған. Биыл Ордабасы ауданында бір алқаптан 2-3 өнім алуға ниетті шаруашылық саны 257-ге жетті. Олар 524 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, баптауда. Бұл былтырғы көрсеткіштен 3 есеге артық. Осылайша, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес ауданда ауылшаруашылық саласын дамыту жүйелі жүзеге асырылуда. Аудан әкімі жердің тиімділігін арттыруды, ағын су мәселесінің шешілуін жіті бақылауына алып, түйткілді мәселелердің тарқатылуын ұдайы назарында ұстап келеді.
Күш атасы Қажымұқанның атын иеленген ауыл округі тұрғындарының біразы былтыр табиғи газ игілігіне қол жеткізіп, «көгілдір отынмен» қамту көрсеткіші 21,1 пайызға жеткен болатын. Биыл Берген, Көлтоған, Бірлік, Боралдай, Қызылсеңгір ауылдарында республикалық және облыстық бюджет есебінен табиғи газ жүйесінің құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Бұл орайда аудан әкімі 2025 жылға дейін ауданды 100 пайыз табиғи газбен қамту көзделгенін айтады. Шұбарсу ауылында электр және таза ауыз су жүйелерін жүргізуді 5 кезеңде жүзеге асыру жоспарланған. Төрт жерден су ұңғымасы қазылып, тұрғындар санитарлық талаптарға сәйкес таза суға қол жеткізбек. Төрт кезең бойынша жоспарланған табиғи газ монтаж-құрылысы да биыл басталады.
Сөзімізді күш атасы Қажымұқаннан бастап ауданның экономикалық ахуалын да баяндауымыздың өзіндік себебі де бар. Жыл сайын балуан рухына тағзым етуге еліміздің әр түкпірінен келушілер көп. Олар Темірлан ауылындағы музей үйіне, балуанның мәңгілік мекеніне барады, өмір жолымен егжей-тегжейлі танысады. Спорт бәсекесінде балуандар Қажымұқан ауылына келіп, күш атасына тағзым етіп, боз кілемде өнер көрсетеді. Шырайлы Шымкенттен 40 шақырым ғана жерде жатқан іргелес ауданның тарихы, оның қазақ тарихындағы орыны да көпті қызықтырары анық. Сырт көз – сыншы. Бұл орайда ауданда балуанның беделіне нұқсан келтірмейтіндей ахуалдың, жақсы тұрмыстың, жергілікті тұрғындардың көңіл күйінің жоғары болғаны да маңызды. Түркістан мен миллионды қала Шымкенттің арасын жалғаған, 122 мың халқы бар Ордабасы ауданын басқару осыдан бір жыл бұрын Нұрбол Тұрашбековке сеніп тапсырылған-ды. Ұйымдастырушылық қабілетімен де, «Ұлық болсаң, кішік бол» деген даналық қағиданы ұстанған халыққа жақындығымен де аудан тұрғындарының көңілінен шығып жүрген әкімнің әрбір ісі қолдау табуда. Әсіресе соңғы жылдары іскер әкімдердің басқаруға келгеніне тәубе дейтін жергілікті жұрт тарапынан. Мысалы, Н.Тұрашбековтің қарапайым дерлік бір ғана әрекеті – Екінші дүниежүзілік соғысының аудандағы жалғыз ардагері Қалмен Мұратовқа темір тұлпардың кілтін табыс етіп, құрмет көрсеткенін тұрғындар әлі күнге дейін ризашылық білдіре және үлгі ете айтып жүр.
Түркістан облысы