Мемлекет басшысының заң аясында ауысуы, нақты айтқанда, Конституцияда бекітілген қағидаттарды ұстана отырып өтуі әлемге – Қазақстан Республикасын өркениетті дамыған, саяси мәдениеті жоғары ел ретінде танытты.
Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы және көшбасшысы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сенім артуы батылдық, ерік-жігерімен қатар көрегендігі, парасаттылығы мен қарымды қайраткерлігінің арқасында жүзеге асқанын уақыт дәлелдеп отыр.
2019 жылғы сайлауалды «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» бағдарламасында Президент Қ.Тоқаев осы ұстанымы мен принциптерін 19 бағыттан тұратын 106 шарамен нақты белгілеген болатын.
Бұл ұстаным Қ.Тоқаевтың Тұңғыш Президенттің саяси стратегиясын ғана емес сонымен қатар оның әр сала бойынша қабылдаған шешімдерін, тұжырымдамаларын, мемлекеттік бағдарламаларының орындалуын да қамтитынын көрсетеді.
Президент билік пен халық арасын жақындатты. Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру қолға алынды. Әрине өткен екі жыл Президенттің жеке басы үшін де, бүкіл мемлекет билігі жүйесі үшін де, төзімділік сынағынан өту кезеңі болды.
Тарихта Қазақстан Республикасының екінші Президенті Қ.Тоқаев қызметінің басталуы коронавирус індетімен күрескен кезең ретінде қалады ғой деп ойлаймын. Халыққа да, мемлекетке де ауыр тиген коронавирус пандемиясы басталысымен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы шұғыл шаралар қабылдады. Дер кезінде қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіп, төтенше жағдай жариялап, үлкен қалаларды карантинге жауып, алғашқы толқынның алдын алатын шаралар жасады.
Пандемия кезінде әр отбасында, әрбір әулетте, бауыр, туыстар арасында осы қасіреттің зардабынан көзжұмғандар саны, өкінішке қарай, үрейімізді алып, елдің еңсесі түсті. Осындай ең қиын, ең ауыр күндерде, Қасым-Жомарт Кемелұлы пандемиядан қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін 13 шілдені Жалпыұлттық Аза тұту күні деп жариялап, тағы да өзінің халықпен бірге қайғырғанын, қабырғасы қайысқанын көрсетті. Бұл адами қасиеттің кемелдігі емес пе?!
Президенттің қызметіне ауыр сын болған тек коронавирус пандемиясы ғана емес Арыстағы алапат апаттың да ауыртпалығы түсті. Еске салатын болсақ, 2019 жылғы 24 маусым күні таңертең Арыс қаласындағы әскери қоймадан шыққан өрт жарылыстарға ұласып, бір адам қаза тауып, ондаған адам зардап шекті. Мемлекет басшысы оқиға орын алған жерге алғашқы сәттерден бастап тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді және өзі де апат аумағына арнайы ұшып барып, жағдайды жеке қадағалауына алды.
Жарылыстан кейін Арыс қаласын қалпына келтіру ісін өз қадағалауына алғаны Мемлекет басшысының халықпен бірге екендігін тағы да көрсетті.
2020 жылдың ақпанында Жамбыл облысының Қордай ауданында туындаған тұрмыстық кикілжің жаппай тәртіпсіздікке ұласқан сәтте де Қазақстан Президенті оқиға орнына барды. Тікелей эфирге шығып, мәлімдеме жасап, қаза болғандардың отбасына көңіл айтты, зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет комиссиясы құрылды. Үміт пен күдік сейілді. Ауданда қоғамдық келісім нығайтылды.
Сонымен қатар еліміздің әр жерінен бой көтерген әртүрлі әлеуметтік наразылықтар, экономикалық проблемалар, теңгенің құнсыздануы секілді елдің мазасын қашырған жайттардың барлығында да Мемлекет басшысы батыл қадамға бара білді, өз мойнына жауапкершілік алып, шешімін тауып отырды.
* * *
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президенттікке үміткер бағдарламасында Елбасының саясатын сабақтастықпен жүргізетінін мәлімдеген болатын. 2019 жылғы 12 маусымда өткен президенттік ұлықтау рәсімі кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясын жүзеге асыру үшін жұмыс істейтінін айтқан еді. Президент уәдеге берік екенін танытты. Елді дамыту мақсатында жаңа идеялардың бастамашысы болды. Бұл реттегі саяси бағыт ішінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшу бастамаларының ерекше орны айқын көрініп тұр.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру бастамасы билік пен халық арасындағы байланысты жаңа формаға көшіру, арадағы алшақтықты жақындатуға негізделді. Кеңестің міндеттеріне тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың және құқықтық нормативтік актілердің жобаларын, азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, қоғамдық сараптамадан өткізу жұмысы кіреді. Соған орай, құрамына қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерумен қатар, шешімін табатын, іске асыра алатын, көзқарасы мен өзіндік пікірі қалыптасқан азаматтар кірген Кеңес аясында жалпы халықты алаңдатқан біршама мәселенің түйіні тарқатылды, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді.
Бұл бағыттағы жалпыұлттық диалог бүгінгі таңда тек саяси жаңғырту жүйесі ғана емес, сонымен қатар демократиялық мемлекет құру және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жалпыұлттық консенсус арқылы жүзеге асыру құралына айналып отырғаны сөзсіз.
Қазақстандық сарапшылардың ойынша, бүгінгі таңда Президент ұсынған бірінші саяси реформалар толық іске асырылды. Оның ішінде ең бастысы, 2020 жылы азаматтардың бейбіт және қарусыз жиналу, жиналыс, митинг пен демонстрация, шеру мен пикет өткізу бойынша конституциялық құқығын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң қабылданды.
Заң жобасы онлайн-алаңдарда, ЕҚЫҰ, USAID, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссарының кеңсесі, адам құқықтары жөніндегі үкіметтік емес ұйымдар өкілдері сияқты ұйымдардың араласуымен кеңінен талқыланды.
Аталған заң қабылданғаннан кейін пандемия шектеулеріне қарамастан, 2020 жылы жергілікті атқарушы органдармен келісіліп, несие амнистиясы, шетелдіктерге жер сатуға тыйым салу, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа Кодекстің кейбір нормаларымен келіспеу, саяси қудалауды тоқтату, жануарларды қорғау, саяси реформаларды талап ету сияқты тақырыптар бойынша митингтер өткен болатын. Бұл аталған заңның өміршеңдігін, халық тілегі орындалғанының көрінісі болды. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сайлау партияларының тізімдерінде әйелдер мен жастардың партиялық тізімдерде кемінде 30% ұсынылуына міндетті квота қарастырылды. Бұл өзгерістер 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау барысында толығынан жүзеге асырылды.
Саяси реформаның екінші, үшінші пакетінде биылдан бастап ауылдық жерде әкім сайлауын өткізу қарастырылған. Олардың бастысы – аудан, ауыл әкімдерін сайлау, партиялардың сайлаудан өту шекті дауысты 7-ден 5 пайызға дейін төмендету және дауыс беру бюлетеніне «бәріне қарсымын» деген тармақты енгізу. Бұл да оңтайлы шешімін тапты. Президент тиісті заңға қол қойды.
Әрине Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең үлкен ерлігі – ұзақ жылдар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан жер мәселесіне нүкте қоюы деп есептейді саясаттанушылар. Сонымен заңда жер шетелдіктерге сатылмайтыны, жалға берілмейтіні, шекаралық жерлерде ешбір шетелдік компаниялар жерге қатысты қызмет ете алмайтыны нақты жазылды. Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған Президент қол қойды.
Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында: «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» деген болатын.
Мамандардың айтуынша, Президенттің қоғамдық пікірді тыңдай білуі және қоғамның әртүрлі топтарының сұраныстарына тез арада жауап беруі, оның мобильді қасиетін көрсетеді. Оң нәтижелердің болуы билік пен халықтың біртұтастығының көрінісі ретінде жақсы қабылданып жатыр.
Биліктің халыққа жасаған ең қажетті қамқорлығы – оның әлеуметтік жағдайына үнемі қолдау көрсетуі, назарында ұстауы. Осы бағытта экономикалық қиын кезеңде, мемлекет тарапынан халықтың тұрғын үй мәселесі мен денсаулығын түзету барысында, азаматтарға 2021 жылдан бастап зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік бергені ұтымды шаралардың бірі болды.
Мемлекет басшысының мәлімдемесіне сәйкес, 2021 жылы бұл құқықты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы пайдалана алады. Бұл іс-шара халықтың әл-ауқатын көтеріп қана қоймай, оның Үкіметке деген сенімін де арттыра түсті. Сонымен қатар мүгедектер мен көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қорғау шараларын күшейту, тұрғын үй мәселесіне арналған кезекте тұрған кезде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, астанада, республикалық маңызы бар қалаларда кемінде үш жыл тұрақты тұруға қойылатын талапты алып тастауды көздейтін, мүгедектігі бар адамдарға қолдау шараларын бағытталған заң жобаларының Парламентте қаралып жатқаны қуантады.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету қоғамның жетілуінің, оның консолидациясы мен өміршеңдігінің маңызды көрсеткіші. Осыған байланысты инклюзивті қоғамдық ортаны қалыптастыру Мемлекет басшысы осы жылдың ақпан айында Кеңестің отырысында жариялаған негізгі бастамалардың бірі болды. Әлемде қалыптасып келе жатқан практикаға сүйенсек, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қорғау жүйесі дәстүрлі мүгедектік түсініктен өмір сапасына қатысты жеке айырмашылықтарына аса мән беріліп, сонымен қатар жалпыға бірдей құқықтардың синтезіне көшуді талап етіп отыр.
Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Бұл тек тарихи дата емес. Бұл тәуелсіз Қазақстанның әлемде өзіндік орны бар мемлекет қатарында тұрғанының айғағы. Президент бұл тарихи оқиғаны тек мерейтой деп қабылдамауды, тағылымдық мәні бар шараларға баса назар аударуды ұсынды. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсармаса, елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етуге болмайды деп жүрекке жылы сөз айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіндегі реформалардың қоғамның соттарға деген сенімін нығайту үшін жасалып жатқанын қадап айтып жүр. Сот жүйесінің реформасы – мемлекетімізде көптен бері көтеріліп жүрген мәселелердің бірі екені белгілі. Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы судьяларының VIII съезінде айтқан мәліметі бойынша, соңғы 5 жылдың ішінде соттың 17 өкілі сыбайлас жемқорлық фактісі үшін жауапқа тартылған. Сонымен қоса осы кезеңде сот қазылар алқасының шешімімен 29 судья теріс әрекеттері үшін жұмысынан босатылған.
Әділ, тәуелсіз сот – кез келген мемлекеттің демократиялық, құқықтық жүйесінің дамуының айқын көрсеткіші. Аталған реформа негізінде сот жүйесінің сапасы мен ашықтығы, азаматтардың заңдылыққа қол жетімділігі қамтамасыз етілуі тиіс. Президент сот жүйесінен осыны талап етіп отыр.
Ойды ой қозғайды. Президент қызметінің екінші жылы мәресіне жетті. Көп мәселелердің жауабы табылды. Оған өз ойымызды білдірдік. Әлемдік және ішкі экономикалық қиындықтарға қарамастан, Президент өз саясатын іскерлікпен, батылдықпен жүргізіп келеді.
Халық сынынан артық сын жоқ. Сол сыннан мүдірмей өтіп келеді, өте беруіне тілектеспін!
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҰҒА академигі