• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 11 Маусым, 2021

Қазақ тілін жеңіл үйретудің авторлық әдістері

1804 рет
көрсетілді

Тіл мамандары мен сала сарапшылары қазақ тілін жаңаша үйретудің әдіс-тәсілдерін талқылады.  Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен семинарда авторлық әдістемелер жайы сөз болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жиында сөз алған Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба тіл үйретуде тиімді тәсіл таңдай білудің маңыздылығына тоқталды.

«Үйренушінің тілді тез меңгеруіне нәтижелі әдістің оң әсер етері сөзсіз. Сондықтан тіл үйретуде, ең бастысы, тиімді тәсіл таңдай білуіміз қажет. Әмбеге аян, бұрын бекітіп берген үлгіден ауытқуға тыйым салынатын, қазір бірді-екілі әдістемемен шектеліп отыратын кез емес. Аудиториямыздың өзі – сан алуан. Сандық дәуірдің жедел дамығаны соншалық, интернеттің өзі қалып, гаджетке ауысып жатыр. Бұл даму көші үрдісінен кейін қалуға болмайды», деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, өткізіліп отырған семинар тәжірибе жинақтау мақсатында оқытушылар мен әдіскерлерге тіл үйрету әдістемесі бойынша авторлық әдістемелерді әзірлеу және қалыптастыру жайлы мол мәлімет беруді, үздік әдістемелік идеяларды алқаға салу мен әдістемені жетілдіруді көздейді.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жауынбай Қараев«Функционалдық сауаттылықты қалыптастырудағы педагогикалық технологиялардың маңызы» атты баяндамасында білім беру жүйесінжаңартуға септігін тигізетін оқытудың үшөлшемді әдістемелік технологиясының ерекшелігі жайлы өз идеяларын жеткізді.

«Қазіргі кезде білім саласында әртүрлі реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бірақ қоғамда оның нәтижесі жеткіліксіз екені жиі айтылады. Себебі реформалардың тақырыптық ғылыми негізі тереңінен жүргізілмейді.

Бүгінгі заман талабына сай оқушылар өз бетімен ізденіп, білім алуы тиіс. Бірақ бұл оңай іс емес. Одан бөлек командалық әдіспен білім алуды шыңдау керек. Командалық әдіспен жеке әдісті ұштастыра отырып оқушыны білімге жетелеу – қазақ мектептерінде ақсап тұрған, актуалды мәселе. Ғылыми негізге құрылған, үш өлшемді жүйені қолданысқа енгізсек, оқушыларда сабаққа деген қызығушылық арта түсер еді. Бұл қазақ тілінің дамуына да үлес қосады», дейді Ж.Қараев.

Ал Гүлмира Әбілмәжінқызы қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту тәжірибесінде қалыптасқан көп жылдық сынақтан өткен авторлық әдістемесімен таныстырды. Оның әдістемесі әрбір тіл үйренушінің қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығын оятуға бағытталады. Г.Әбілмәжінқызының айтуынша, тіл үйренушінің тілді үйренудегі қабілеті мен ерекшелігін анықтау арқылы грамматикалық және лексикалық оқу материалдарын «түсіну-қабылдау-ана тілімен салыстыру» механизміне негіздеп оқыту нәтиже береді.

«Әр қазақ тілі мұғалімінің артында бүкіл ұлт тұр. Қонаев атамыз айтқандай, қазақтың рухы мен намысын сақтау –ұстаздардың қолында.Дегенмен оларға де әдістемелік, кәсіби жағынан қолдау керек. Өз кезегімде осы семинарда 5 түрлі авторлық оқулығымда қолданылған қазақ тілін жеңіл үйретуге септігін тигізетін әдіс-тәсілдерге тоқталғым келеді. Бірінші, дыбыстарды дұрыс айтудан бастаймын. Қазақ тілінде бірнеше әріптердің әртүрлі дыбысталуы мен жазылуы бар. Осы нәрселерге бірінші сабақтарда баса назар аударылады.

Екінші, есептік сан есімдерге тоқталу және мәтінде сан есімдердің қолданылуы.

Үшінші, көптік жалғаулары жалғанбайтын сөздерді қарастыру. Орыс тілінде қолданылатын көптік жалғауларының қазақ тілінде өзгерістерге ұшырайтынын ескерту.

Төртінші, тәуелдік жалғаулары. Тәуелдік жалғаулар мен есімдіктер – қазақ тілінің «ата-анасы». Балаларға сөздікпен жұмыс жасату да өте маңызды. Және жаттау, жаттату көп жағдайда дұрыс емес, оқушыларға есте сақтату арқылы қайталатқан дұрыс.

Әр сабақ ашық сабақ ретінде өтуі тиіс. Егер жауапкершілігін сезінсек, қазақ тілі – ең оңай тіл. Тілдің дамуы бізбен сізге байланысты», дейді Г.Әбілмәжінқызы.

 

Нұрбибі ҚАДЫР,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ«Журналистика» факультетінің студенті